Қыс қызығы мол

 Жыл мезгілдерінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Жаз жадыраған жылулығымен, күз алтын сары түсімен ажарлы болса, қыс аппақ қарымен көрікті. Әсіресе, балалар үшін қыстың қызығы бір бөлек.

  «Нұрай» балабақшасының балалары да бұл қысты көңілді өткізуде. Атап айтсақ, «Айналайын» ересек балалар тобының тәрбиеленушілері қардан аққала тұрғызып, түрлі мүсіндер жасады. Бүлдіршіндердің өзіндік қолтаңбаларын қалдырған,  бала қиялынан туындаған мүсіндерге де қызыға қарай бергің келеді.
Қыстың суығын елемей, соншама бір құштарлықпен ойнап жүрген балалардың бойынан жылулық көресіз. Мекеме басшысы Айгүл Мәментикова: «балабақша – өмірге енді аяқ басып келе жатқан жеткіншектердің кішкентай әлемі. Бұл жерде әр бүлдіршіннің қуанышына куә боласыз. Үлкен өмірдің алғашқы баспалдақтарындағы сәбилердің балалық балдәуренін ғажайыпқа толтыруға тырысамыз», – дейді. Ал, тәрбиеші Ботагөз Нұғыманованың айтуы бойынша, балалар ауа райының салқындығына қарамастан, сыртта бір-біріне қар атысып, ақ қала жасап ойнағанды ұнатады.
Тәрбиеленушілер табиғат аясына да жиі серуенге шығып, қоршаған ортаны қызықтайды. Ақ қардай тазалығымен алаңсыз ойнаған балалардың сыртынан тамсана қарап тұрып, сүйсінесіз.

Самал ФАЙЗУЛЛИНА,
«Нұрай» балабақшасының
тәрбиешісі.
Көкшетау қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *