Майдангердің ұлы екенімді мақтан етемін

Менің әкем Гидаят Мамедов 1919 жылы Әзербайжан мемлекетінде дүниеге келген. Оның айтуынша, атам Мешеди-Заманбек осы елдің Барда қаласында көптеген ғимараттарға иелік еткен екен. Әжем Рахшада екеуі 5 ұл және 4 қыз тәрбиелеп өсірді.

Осылардың ішінде менің әкем – үлкені. Атамыз өмірден ерте озған екен. Сөйтіп, отбасы тірегінен айырылғаннан кейін күн көрудің қаншалықты қиын болғанын, әжем де, балалары да небір азапты күндерді бастан өткергенін әкем әркез айтып отыратын. Соған қарамастан бұл үйдің балалары түгел жоғары білім алды.
Мектеп бітірісімен әкем Гандж қаласына оқуға кетті. Медициналық техникумда оқып жүргенінде анам Гасан-Задемен танысып, 1940 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін екеуі шаңырақ көтерді. Бір жылдан соң үлкен қыздары Тинатин дүниеге келді. Өкінішке орай, әкем тұңғыш сәбиінің былдырлаған бал тілін, күлкісін көп қызықтай алмай, жиырма бір жасында майдан даласына аттанды.
Кеңес үкіметі кезінде өмір сүрген азаматтардың көбісі секілді менің әкеме де Отан қорғау  міндеті жүктелді. Ол кісі соғыс жайлы айта беруді ұнатпайтын. Тек, біз өтінгесін ғана сол бір сұрапыл жылдардан сыр шертетін. Таганрог дивизиясының қатарында Моздок, Ростов, Сталинград қалаларын жаудан қорғауға қатысып, өзі талай жараланды да. Дон өзенін кесіп өтерде талай достарынан айырылғаны жанына қатты батты. Шіркін, тән жарасы уақыт өте келе жазылып кетеді ғой, ал, соғыс өрті талай жүректерге салған жара ешқашан жазылмасы анық. Әкем де өмірінің соңына дейін жау қолынан қаза тапқан жолдастары үшін күйініп өтті.
1944 жылы оң қолынан қатты жарақат алған оны әскер қатарынан босатты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін бірінші және екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталды.
Араға он жылдай уақыт салып, әкем Сеченов атындағы Мәскеу медициналық
институтында оқуын жалғастырып, өмірінің соңына дейін  Евлах қаласында бірнеше дәріханаларды басқарды. Анам да осы салада талмай еңбектенді.
Сұрапыл соғыс жылдары қолдарына қару алып, бейбітшілік үшін фашизммен күрескен жауынгерлер, астық далаларында жеңісті жақындататуға тырысқан жандар түрлі ұлттың өкілдері болды. Салт-дәстүрлері, діндері бөлек болса да, оларды біріктірген ортақ мүдде бейбіт күнге жету еді. Небір қиын-қыстау шақта талай ұлт өкіліне пана болған, кәріс, орыс демей, бәрін бауырына басқан киелі қазақ жерінде тұрып жатқанымды мақтаныш санаймын. Кезінде бабаларымыз сыйлап кеткен тыныштықтың Қазақстанда сақталып, азаматтардың молшылықта өмір сүріп жатқанына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқым келеді.
Мына алмағайып заманда өткен тарихымыздан сабақ алып отыру өте маңызды. Сол себепті, біздер Ұлы Отан соғысында ел үшін, жер үшін жаумен шайқасқан батырларымызды ұмытпауға тиіспіз. Жауынгердің ұлы екенімді мақтан етемін. Тәуелсіз еліміз гүлдеп, жайнай берсін.

 Тариэл МАМЕДОВ,    
«Әлем әзербайжандары»
конгресі төрағасының
бірінші орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар