Сақтықта қорлық жоқ

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған баспасөз турында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Атбасар қаласындағы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты.

 

Атбасарлықтар 2014 жылғы су тасқынын әлі ұмыта қойған жоқ. Су тасқыны кезінде қаладағы бірқатар үйлерді су басып, екі жүзден астамы жарамсыз болып қалды. Баспанасыз қалған атбасарлықтарға мемлекет зор көмек көрсетті.  Қысқа мерзім ішінде 45 пәтерлі 4 үй салынды, бұрынғы медициналық училищенің жатақханасы қалпына келтірілді. Су тасқынынан зардап шеккендердің бәрі тегіс пәтер алды. Солардың бірі –  Челюскин көшесінің 36-шы үйінде тұрған Өмірсерік Шайхин. Ол бізбен әңгімесінде өз үйі мен  осы маңдағы бірқатар үйлерді топан су басқанын айтты.
–Үйімнің шаңырағы ортасына түсіп, баспанасыз қалдық. Мемлекеттік органдар бізді далаға тастаған жоқ. Жаңа салған үйден үш бөлмелі пәтер берді. Қазір баламның отбасымен бірге тұрып жатырмын. Пәтеріміз жарық әрі жылы. Үйлерін су басқан көршілеріме де пәтер берілді. Іргетасы биік үйлер аман қалды, – дейді ол.
«Сақтанғанды сақтайды» демекші, қазір аудан мен қала әкімдігі кәсіпорындармен бірге су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуде. Қала көшелеріндегі қар қаланың сыртына шығарылуда.
Атбасар қаласының әкімі Нұржан Қамбатыров бізбен әңгімесінде 18 жүк автокөлігі және қар артатын алты арнайы техника жұмыс істеп жүргенін, бүгінгі таңда барлық көшелері қардан аршылғанын атап өтті. Қазір су ағатын тораптар мен арықтар тазалануда. Бұл жұмыстар 15 қаңтарда басталған. Жалпы су тасқынының алдын алу жұмыстарына аудан мен қала бюджетінен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінен 47 миллион теңге бөлініпті.
–Наурыздың басында өзендегі мұзды жару жұмыстары басталады. Аудан бойынша су тасқынының қаупін тудыратын отыз шақты учас-ток бар. Мұндағы жұмыстарға коммуналдық кәсіпорындармен бірге ауыл шаруашылығы құрылымдары да қаржы, арнайы техника мен адамдар бөлді. Қауіпті аймақтардың тұрғындары өзге жерлерге көшіріледі. Ол үшін қажетті материалдармен жабдықталған арнайы орындар, тұрғындар тұратын үйлер мен мал қоралары да-йын. Азық-түлік пен жемшөп қоры бар. Қоғамдық тәртіпті сақтауға ішкі істер органдарының сақшылары тартылған. Биылғы жылғы қардың мөлшері 2014 жылғыдан екі есе артық. Осыған байланысты 14 наурызда 800 үй уақытша қоныс аударады. Оларға көмектесуге үш мыңнан астам адам мен 400 көлік тартылады. Наурыздың басында құтқарушылар құрамы мен арнайы техникалар тексеріледі. Жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді қала әкімі.
Теміржол көпіріне Заречный маңындағы көлдің мұзы жиналмас үшін оның жағалауына қала көшелеріндегі қар тасымалдануда.  10 нау-рызда бұталарды шабу, өзен арнасын кеңейту тәрізді жұмыстар басталмақшы. Теміржол көпірінің алдындағы Май плотинасы маңында да болдық. Бұл жерде де бұталарды шабу, бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізілмекші. Көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу үшін плотина өткен жылы бұзылып, бұрынғыдан аласалау етіп қайта жасалыпты. Бүгінгі таңда мектептердің айналасын қоршайтын 20 мың текше метр инерттік материалдар қапталуда. Жалпы атбасарлықтар тасқынды судың алдын алу жұмыстарын тыңғылықты жүргізуде.

Суреттерде: қаланы қардан тазалау жұмыстарынан көріністер.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар