Дуальды оқыту – уақыт талабы

Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінде «Қазақстан Республикасы дуальды оқытудың стратегиялық альянсы» жобасы шеңберінде семинар болып өтті.

  Жиынды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық ынтымақтастық бойынша GIZ герман қоғамы арасындағы өзара келісім шеңберінде аталмыш колледжде  ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және қызмет көрсету мамандығының тәжірибе алаңын құру мәселесі жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық бақылау және үйлестіру департаментінің директоры Дана  Қаленова дуальды білім беру жүйесі мамандарды даярлау, жастардың арасында жұмыссыздықты азайту мәселесін шешуде ең тиімді үлгі екендігін айтты. Сол себепті, жобаны жан-жақты зерттеп, еңбек нарығын толыққанды қанағаттандыруға қадам жасау қажет.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту департаментінің директоры Ләззат Шонаева жоба оқушылардың өндіріс алаңдарында теория мен тәжірибені  ұштастыруына, болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізеді деді. «Қазақстан Республикасы дуальды оқытудың стратегиялық альянсы» жобасы директорының міндетін атқарушы Нұргүл Айдаболованың айтуынша, оқу үдерісінің шамамен 60 пайыздан астам уақыты өндіріс орындарында жүргізілетін болады. Ендігі мақсат оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін қолға алу болып отыр. Дуальды білім берудің артықшылықтары жөнінде CLASS академиясының   ТМД елдері мен Шығыс Еуропа мемлекеттерінде мамандарды даярлау жөніндегі үйлестірушісі Сергей Бутовтың пікірінше, мұндай үлгіде оқытылған оқушылар жұмыс берушілердің сұранысына сай болады. Яғни, түлектердің барлығы оқуды тәмамдаған соң жұмыс орнымен қамтылады. Осы мәселе жайында колледж директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Людмила Щипун баяндап, жиналғандарды оқу жоспарымен таныстырды. Семинар барысында облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті  Марат Жұмабеков пен облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Тәжмиева  жа-уапты тұлғаларға толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап  алды.
Қазақстан Республикасы дуальды оқытудың стратегиялық альянсы шеңберінде экология және орман шаруашылығы колледжі мен «CLASS Global Sales GmbH», «Ст Агро» және «Евразия групп Казахстан» серіктестіктері арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Түстен кейін жобаның ұйымдастырушылары мен оқытушылары «мехатроник» біліктілігі бойынша оқу жоспары жөнінде әңгіме өрбітіп,  теория мен тәжірибенің ара-қатынасы жайлы пікір алмасты. Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Азамат Қожақовтың сөзіне жүгінсек,  осы мамандық бойынша  өндірістік оқыту шеберлері фирмалардың қаржылық қолдауымен Астана қаласында біліктіліктерін арттырып жатқан көрінеді.  Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда оқу сыныбында орналасқан екі гидравликалық көрнекі құрылғыны  германдық «Bosh» компаниясы білім ошағына тегін берген. Бұл серпінді жоба болған соң оқу жоспарының тиімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы құрылымдарымен кездесулер өткізілмекші.

 

Ырысгүл АШУОВА

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар