«Қызыл алма» – қызық тағдыр

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-дарма театрының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен «Тәуелсіздік – тұғырым» форумының төртінші күнінде Елордамыз Астанадан келген Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ театры өзбек жазушысы Эркин Хушвақтовтың «Қызыл алма» лирикалық комедиясын қойды.

 

Оқиға Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында  өрбиді. Қазақтың Аббас деген ақсақалы өзбек жеріне иттің үйшігі арқылы заңсыз өтіп, бала махаббатының ауласынан бір-ақ шығады. Төрінен көрі жақын шал мен кемпірдің арасындағы әңгіме көрерменнің езуіне күлкі ұялатқанымен, бір кездері саясаттың құрбаны болып, қосыла алмай арманда кеткен екі ғашықтың аянышты тағдырын көз алдыңа әкеледі. Екі елді шекара бөліп тұрғанымен амалын тауып арғы жаққа түнде өтіп, таңда қайтып келетін көңілі жас, өңі кәрі Аббас өз заманының серісі болғанға ұқсайды. Бірі күйеуін, екіншісі әйелін жер қойнына тапсырып, балаларын ер жеткізіп, немере сүйер шақта бұлардікі желіккен қайдағы махаббат деп ойлайсың. Алайда, автор бұл лирикалық комедия арқылы адам көңілінің қартаймайтынын, сонау жастық шағында жоғалтып алған арманын адам өмір бойы шарқ ұрып іздеп, аңсап өтетіні туралы айтқысы келген.  
Аббастың ұлдары ұяда, қыздары қияда. Ендігі уайымы – өкшелеп жеткен кәрілікті жалғыз қарсы алмаудың қамы болса, ал, өзбек жеріндегі бала махаббатының арманы – басқа. Бойжетіп қалған жалғыз немересі Раушанаға әке орнына әке, шеше орнына шеше болған ол немересіне күйеу іздеп, құтты орнына қондырғысы келеді. Құда түсіп келген саудагер, суайт Саида-Бануды да, ұлттық тәрбиеден жұрдай, есімім МММ  деп танысқан жас жігітті де місе тұтпайды. Құдайдан иманды, кішіпейіл қалпымен ірілігін танытатын текті жігіттің жолығуын тілеумен болады.
Өзбек әженің ауласында қып-қызыл алма өсетін бақ бар. Бірде сол алма бақтың қасынан ағып жатқан өзенге алма түсіп кетеді. Қызыл алманы өзен ағысымен төменгі жақтағы басқа ауылға алып барады. Ол ауылда Оразбай атты жас жігіт алманы судан алып, бір шетін тістеп жейді. Содан ол: «Бұл алманы иесінің рұқсатынсыз бекер жедім. О дүниеде  осы үшін сұраламын ғой»,– деп өзенді өрлей отырып алма баққа келеді. Әжеден кешірім сұрайды. Қарт әже жас жігітті сынай сөйлеп, жеті атасын жаңылмай айтып, ұлттық тәрбие көрген, жүзінен иман, сөзінен иба төгіліп тұрған Оразбайды күйеу баласы  еткісі келеді. Әженің кешірімін алу үшін неге де болса дайын Оразбайдың жан тазалығы көрерменге ой салады. Ренжіген адамның бір ауыз кешірімін алу  үшін «не істер едім?» деген сұрақ әр адамның көкейінде тұрады.
Қойылымның соңында сыннан сүрінбеген Оразбайға немересі Рау-шананы ұзатқан әже алма бақта жалғыз қалады. Бірер секундтық үзіліс. Көрермен бәрі осымен бітті деп ойлап тұрған сәтінде ортаға баяғы бала мінезімен Аббас ақсақал келіп, махаббатына алтын сақина мен гүл шоғын ұсынады.   
Аббас ақсақал мен өзбек әженің, Оразбайдың  рөлдерін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбаев, Гүлбаршын Қылышбай, Кеңес Нұрлановтар ойнаса, Саида-Банудың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы Нұрзада Ташимова ойнады. МММ-нің рөлін Бауыржан Сұрапбаев, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Раушананың рөлін Жұлдыз Ысқақова сәтті сомдап шықты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар