Бар саналы ғұмырын туған елінің тұғырын биіктетуге арнаған тұлғалар болмақ. Олардың өмір жолын, өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа айту парыз. Өйткені, тұла бойларындағы білімі мен білігін, қажыр-қайратын еліміздің гүлдену жолына жұмсаған аға буынның өнегесі

 Өмір жолы өнеге

 

Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны өрістеп тұрған 1959 жылдың жаз айы. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қимаш Сыздықов алдында отырған жас келіншектің еңбек кітапшасындағы деректермен танысып отыр.
Заты әйел демесең, іздесең таптырмайтындай, қандай болсын ұжымды басқарарлық қабілеті бар жан екен. Дегенмен, икемі ауылдан гөрі қала тұрмысына бейім бе, қалай? Не болса да сөз тартып көрейін деп ойлаған хатшы:
– Қоныстарыңыз құтты болсын, Балажан Қарабайқызы! Келгеннен бері ауыл, аудан жағдайын көріп жүрсіз. Енді ашығын айтайын, сіздей қолынан іс келетін адам бізге керек. Сондықтан, қызмет таңдау еркі өзіңізде, қолыңыздан қақпайын, қандай қызметті қалайсыз? – деді. Балажан Қарабайқызы болса қандай жұмыстан да бас тартпайтынын білдірді. Сөйтіп, ол «Дружба» кеңшары жұмысшылар кооперациясының төрайымы болып тағайындалды. Ол кездегі Қорғалжын ауданының сауда жүйесі өте күрделі жағдайда болатын. Өйткені, сауда қызметімен қамту көлемі 300 шақырымнан асады. Қазіргі Қарағанды облысына қарайтын Теңіз ауданы, Ақмола облысының Егіндікөл ауданы бір ғана Қорғалжын ауданын құрайтын. Көпшілік тұтынатын тауарлар Ақмола стансасы арқылы автокөлікпен жеткізіледі де, осы Қорғалжыннан ауданға қарасты барлық елді мекендерге таратылады.
Балажан басқаратын Дружба жұмысшылар кооперациясында Біртабан, Қоржынкөл, Бірлік, Абай  сияқты елді мекендермен қоса, көптеген дала қостары, жайлаулар бар. Ер мінезді, алған бетінен қайтпайтын, алғыр да қайсар келіншектің жұрт құлағына жағымды мінездері жайлы ел ішінде көп айтылады. Бірде алыстағы дала қосынан келе жатқанда, жол жиегінде тракторға тіркелген «Сталинец-6» комбайны келесі айналымға бұрылып бара жатады. Балажан машинадан түскен бойы комбайн өткен атыздан бір уыс бидай теріп алып, комбайншыларды
шақырады.
– Шырақтарым,–дейді ол,–мынау бір уыс бидай кемі жүз грамм. Бір ғана шаршы метрден жинадым. Демек, сендер гектар сайын 100 келі бидайды шашып барасыңдар. Ал, біз кеше соғыс кезінде мұнша бидайды бүкіл бір сыныптың балалары жабылып, бір күнде зорға жинайтынбыз. Мұндай жұмыс болмайды, балалар, –  деп машинасына мініп кете барған. Сөзінде қорқыту, зекуден гөрі өкініш басым болған соң, механизаторлар да өз кінәсін мойындаған екен. Осы әңгіме ел ішінде аңыз боп тарап, астық ысырабына жол бермеу үшін күрес өзінен-өзі туындаған.
Балажан Қарабайқызы 1962 жылы республикалық тұтынушылар кооперациясының VIII съезінің делегаты болып сайланды және 1963 жылы наурызда Қазақстан Тұтынушылар одағының мүшесі болып қабылданды. Осынша құрмет нақтылы еңбек нәтижесі үшін берілгені даусыз. Өйткені, небары 2-3 жылдың ішінде Қорғалжын аудандық тұтынушылар одағы облыста алдыңғы қатарға шықты. Үнемі басшылық қызметте жүрсе де, ауданның мәдени өмірінен де қол үзген емес. Сол кездегі аудан орталығындағы клубта көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, сахнаға шығып өнер көрсетіп, қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындайтын еді. 1969 жылы аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің құрамында жүргенде республикалық байқауда орындаған Біржан салдың «Жоныпалды» әні алтын табақшаға жазылып алынды. Осындай жігерлі бастамадан кейін ауданның мәдени өмірінде соны серпіліс туындап, кейінгі жылдары Қорғалжынның өнерпаздар ұжымына халық театры атағы берілді. Ал, осы театр жанынан ұйымдастырылған Марат Әлімжанов басқаратын «Дудар-ай» ансамблінің аты бүкіл республикаға әйгілі болды.
Қызметте принципшіл, қатал да бірбеткей болғанымен, адал адамға өз анасындай қамқорлық жасайтын Балажан Қарабайқызы өзінің жанұясын да кішігірім бір мемлекет деп білетін. Ол кісі үнемі балалары мен келіндерінің тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүруін қадағалап, әрқайсысының жүріс-тұрысын, мінез-құлқын зерттей қарап, әділ төрелігін айтатын кісі болатын. Оған өзі жазған мына бір өлең жолдары дәлел:
Маған келін, өздерің абысындар,
Бірге туған адамның жарысыңдар,
Сыздасып, санаспай-ақ әлдекімше,
Қолдағы барды-жоқты ауысыңдар.

Маған келін, өздерің абысындар,
Бір-бір үйдің тұтқасы, бағысыңдар.
Аз нәрседен араны алыстатпай,
Үлкендерің кішімен табысыңдар.

Бір-біріңе мін тағып, ұрыспаңдар,
Қарсы қарап, шатынап, тұрыспаңдар.
Үлкен айтса, кішісі тыңдар болар,
Қадірінен айрылар ұрысқандар.
Зиялы азаматшаның аузынан шыққан осы бір өлең жолдары қай ұрпаққа болсын айтылар ұлағатты өсиет немесе аналық аманат емес пе?!
1969 жылы Балажан Қарабайқызы көпшілік тілегіне орай, аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Қорғалжын ауылдық Кеңесінің төрайымы болып сайланды. Бұл Балакең үшін өз бойындағы барша қабілетті танытарлық кезең еді. Ауылдық Кеңестің төрайымы қызметінде Балажан Қарабайқызы өмірінің ақырына дейін, яғни, 1983 жылға дейін болды. Сол он жылдан астам уақыт ішінде оның тікелей араласуымен аудан орталығында қыруар игі істер тындырылды.
Атап айтқанда, аудан орталығында 7 бірдей балабақша ашылды, екі орта мектеп салынды, екі мәдениет үйі, музыка мектебі, балалардың спорт мектебі, мектеп оқушыларының шығармашылық үйі бой көтеріп, жас ұрпақ тәрбиесіне зор көңіл бөлінді. Орталық алаңда 1941-1945 жылдары Отан қорғау жолында қаза тапқан жерлестерге арналған мемориалдық ескерткіш, ұлттар достығының символына айналған Мәриям Жагорқызы Рекинаға арналған стелла, сауда орталығы, қонақ үйі, тағы басқа көптеген мәдени-тұрмыстық нысандар тұрғызылып, автотранспорт кәсіпорны, аудандық баспахана сияқты өндіріс орындары жұмыс істейтін болды. Май зауытының салынуына да Балажан Қарабайқызы көп себепкер болды. Іскер адамның тікелей ықпалымен аудан орталығына Сабынды арқылы су құбыры тартылып, көшелердің бойына 52 колонка орнатылды. Шынын айту керек,
аудан көлемінде туындаған осынша жағымды өзгерістің бәрі бір ғана Балажан Қарабайқызының арқасында жүзеге асты деуден аулақпыз. Дегенмен, бұған осы бір елім деп, ұрпағым деп, солардың болашағы үшін өзінің бар саналы өмірін жұмсаған апамыздың сіңірген еңбегі ерен екендігі ақиқат. Ол  кісі үнемі ел азаматтарына дұрыс жол нұсқап, дер кезінде бағыт-бағдар беруден жалықпайтын.
Қорғалжынның бүгінгі ұрпағы Балажан Қарабайқызы сынды апалар мен ағалардың, әкелер мен аналардың, бабалар мен әжелердің қасиетті мұраларын қадірлеп, олардың игі дәстүрлерін одан әрі жалғастыра берері ақиқат.
Еліне сіңірген көп жылдық адал еңбегі де ескерілмей қалған жоқ. Екі орден, бірнеше медаль, басқа да марапаттары соның айқын айғағы. «Қорғалжын ауданының құрметті азаматы» атағына сол жылдары ие болған абзал жанды аудан жұртшылығы әлі күнге дейін осылайша сезініп, есімін әрдайым құрметпен атайды. Сондағы Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары әлі күнге дейін өз шаңырағында көздің қарашығындай сақтаулы тұр.
Артында арыстай төрт ұлы қалды. Бәрі құдайға шүкір, осы ауданда және Астанада әр салада абыройлы еңбек етуде. Қазір ол кісінің 10 немересі, 2 шөбересі бар. «Орнында бар оңалар» дейді ғой атам қазақ. Күні ертең осы немерелері мен шөберелері де алдыңғы буынның жолын қуып, аяулы апамыздай еліне игілігін тигізетіндігіне сеніміміз кәміл.   

Т.ТІНӘЛИН.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар