«Қазақстан барысының» жүлдесі біз үшін әлі алыс…

немесе биыл да үміттенгенімізбен, күпті көңілдің күдігі басым

Қазақ күресінен облыстық турнир өткізілді. Қараөткел мен Көкшетаудың арасын кең жайлаған қара ормандай қалың елдің білекті де жүректі жампоз жігіттері боз кілемнің үстінде күш сынасты. Облыстың барысы анықталды. Өте жақсы. Тек әншісі мен балуаны көп туған өңірдің республикалық турнирде бір баласының бағы жанбай жүргені елдің сағын сындырып тұр. Жарыс өткізіле сала осы бір олқылықтың себебін іздеп, балуандардың бағын байлап жүрген қандай кесел екендігін анықтауға тырыстық.

 

І. Қараөткел мен Көкшетаудың
барысы
Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында облыстың 16 ауданы мен Көкшетау қаласының «сен тұр, мен атайын» дейтұғын 31 балуаны өздерінің кілем үстіндегі қажыр-қайратын, ептілігі мен шеберлігін сарапқа салды. Сөз арасында қазақ күресі осымен екінші рет жабық ғимаратта емес, ашық алаңда өткізіліп отырғандығын айта кеткен жөн. Биылғы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Ақмола облысының барысы-2016» турнирі Ұлы Жеңіс мерекесіне және ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Ашық алаңдағы айқастың шоу
сипатты реңі мол болады екен. Көрермен де көп жиналды. Соңғы жылдары ел қазақ күресіне ықылас қоя бастаған. Ежелден-ақ күрес десе ішер асын жерге қоятын жұрт емеспіз бе? Алдымен басқарма басшысы Надежда Патюткина спорттың салауатты өмір салтына қосар үлесі, негізгі мақсат пен мұрат жайында жіпке тізгендей етіп айтып берді. Боз кілемнің үстінде белдесетін балуандарға сәттілік тіледі. Жарыс жеңімпаздарының республикалық «Қазақстан барысы» турниріне қатысатыны да ұмыт қалған жоқ. Дәл осы жерде ел көкейінде осы турнир ұйымдастырылғалы ілкі заманда жауырыны жер иіскемеген балуаны мен батыры көп болған Ақмола өңірінің жұлдызы бір жарқ етіп, неліктен түйе балуан шықпай қойды деген сауал тұрды. Бұл тақырыпты кейінірек қаужаймыз. Әзірге бүгінгі жарыс туралы. Атап айтатын бір мәселе, қазақ күресіне аталмыш басқарманың беті жаңа бұрылып келе жатқан тәрізді. Жүлде қоры өткен жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Өткен жылы бірінші орынға 185, екінші 120, үшіншіге 75 мың теңге берілсе, биылғы жылы бірінші орынға 350, екіншіге 200, үшіншіге 100 мың теңге тігіліп отыр.
Халықаралық дәрежедегі бас төреші Марат Қойшин төрешілер алқасын таныстырғаннан кейін, облыстық турнирдің өткізілу тәртібін жұртқа жария етті. Жеребе суырылды. Содан соң белдесу басталып кетті. Барынша тартысты өтті. Өйткені, боз кілемнің үстіне дайындығы кем, қауқары шамалы жігіт шыққан жоқ. Бұлардың бәрі де өз өңірлерінде қарсыластарын қақырата жеңіп, үкілеп бәйгеге қосқан, бабы мен бағы келіскен талаптылар. Жарыс ұзаққа созылды. Демін ішіне тартқан, кей сәтте шалт қимылға шаттанып, сүйсінген, көкірегіндегі ризашылық сезімін жасыра алмай, аттандап аруақ шақырған көрерменнің қатары сиреген жоқ. Қайта құлақтанған ел дүмеп келіп жатты. Ақыр соңында Зеренді ауданының балуаны Леонид Станеев пен аршалылық Алтынбек Бекзат және Көкшетау қаласының өкілі Мереке Тұрашев пен Целиноград ауданынан келген белгілі жампоз Бекбол Нұрланұлы қалды.
Жартылай финалда Алтынбек Бекзат Леонид Станеевке есесін жіберіп алды. Ал, екінші жұпта Мереке Тұрашевтің мерейі үстем болды. Сөйтіп, 31 балуанның арасынан суырылып шыққан екеуі ақтық айқаста кездесті. Бұл жолы  көкшетаулық Мереке Тұрашевтің мерейі үстем болып, облыстық турнирдің чемпионы атанды. Леонид Станеев күміс жүлдегер. Өткен жылы да дәл осындай көрсеткішке қол жеткізген болатын. Ал, Бекбол Нұрланұлы қола жүлдегер.
Облыстық турнирде топ жарған Мереке мен Леонид «Қазақстан барысы-2016» республикалық турниріне жолдама алды. Бұл турнир қазір өте жоғары деңгейде өтіп жүр. Онда белдесетін балуандардың салмағы 130-140 келіге дейін барады.  Облыс барысы Мерекенің салмағы 102 келі.
Турнирге өз елімізбен қоса, Ресей, Польша, Тәжікстан, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия және басқа мемлекеттердің балуандары қатысады. Оңай емес, әрине. Бұған дейін самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрлан Жамалов осы «Қазақстан барысына» үш мәрте қатысқан болатын. Бірақ, салмағы жеңіл болды ма, бағы жанбады.  Оған қарағанда, биылғы барысымыздың салмағы әйтеуір, ауыр…
                
ІІ. Алыптар
ауылда…
Қыстан қалған шөптің үстінде екі жасөспірім екі иықтарын жұлып жеп күресіп жатыр. Тегін қызыққа ентелеген он-он бесі қиқулап, аруақ шақырып, дем беруде.
– Тобықтан қақ, Берік, неменеге қарап тұрсың?–деп айғайлайды ұзынтұра біреуі.
Денесі төртпақтау келген, балуан бітімді Берік алып та жыққысы келеді, шалып та жыққысы келеді. Бірақ, ынта болғанымен, әдіс кемшін. Қос білегінен қара күші саулап тұрғандығы көрініп-ақ тұр. Сәлден кейін екеуі де қара терге малшынды. Ауыл күресінде шектелген белгілі бір уақыт жоқ. Қашан біреуінің жауырыны жер иіскегенше алыса береді. Әлден уақытта қарсыласы Берікті жамбасқа түсірді. Берік орнынан ауырсына тұрды. Жұқа ғана төселген шөптің астында жылқының тоқпан жілігі жатыр екен. Мүжіліп, ақжем болған, әбден қатып-сеңген жіліктің үстіне жауырынымен жығылыпты.  
– «Жығылғанды жер көтереді» дейтін атам,–деп жұбатты айғайлай-айғайлай дауысы қарлыққан бір бозбала. Ауыл күресі осы. Жаттықтырушысы жоқ. Кілем екі бастан. Сабақтан соң бұлғақтап бос жүретін ауыл балалары көктем шыққан соң ептеп ермек қылады. Жаз қызығы басталғанда күрес маусымы тәмам.  
– Қажымұқан атамыз бен Балуан Шолақты айтпағанда бұл өңірде жауырыны жерге тимеген талай балуан ғұмыр кешкен,–дейді Әбен Айтбаев ақсақал,–Ақан серінің үзеңгі жолдасы болған Қойкүзет балуан үш жүздің басы қосылған талай аста түйе балуан атанған. Жарықтық атамызды күрес алаңына төрт жігіт мойнына шынжыр тағып, алқалап әкеледі екен. Бұлшық еттері білем-білем, кеудесі есіктей, балтыры бесіктей Қойкүзет балуан күресердің алдында аруақ шақырып, буырқанып-бұлқынғанда жаңағы шынжырмен шаужайлаған, демеп ұстаған, ие бола алмай қалатын адамша төртеуі төрт жағынан тартқан зор денелі, алпауыт азаматтардың өзі дауыл үйірген қаңбақтай қалбалақтап кетеді екен. Бізге жеткен аңыз, аңыз емес, шындығы басым ел аузындағы естелікте солай делінеді. Шамасы бұл да бір бағзы заманның күрес алдындағы психологиялық әдісі шығар. Төрт жігіт шынжырлап, ие болуға шамасы келмей жатқан балуанды көрген қарсыласының не жаны қалсын, зәресі зәр түбіне кетпей ме? Сөйткен Қойкүзет балуан Серінің үмітін ақтап, қай қиынға салса да мерейі үстем болып жүрген.  
Бүгінгі күні бұл өңір мұндай мерейге, мәртебеге жете алмай, сағын сындыруда. Енді осының түпкі себебі неде? Көкшетау қаласындағы қазақ күресі мектебінің күрес залына бас сұқтық. Мұнда төрт жаттықтырушы еңбек етеді екен. Әрқайсысының тобында шамамен отыз баладан бар. Күрес залының есігі таңғы сағат тоғыздан, түнгі сағат онға дейін жабылмайды. Жаттығу тегін. Барлық жағдай туғызылған. Жаттықтырушылармен тілдестік.
– Ең басты мәселе, облыстың көптеген елді мекендерінде қазақ күресі үйірмелерінің болмауында. Дәлірек айтатұғын болсақ, Степногорск қаласында, Шортанды, Жақсы тәрізді бірқатар аудандарда қазақ күресінің жаттықтырушылары мүлдем жоқ. Оқушылар арасында өткізілетін облыстық, республикалық спартакиадаларға облыстың құрама командасы қатыспайды. «Жас барыс» ауылдық, аудандық жерлерде сирек өткізіледі. Нағыз қалың қазақ жайлаған ауылдарда жаттықтырушы да, күрес залы да, күрес кілемі де жоқ,–дейді жаттықтырушы Әнәс Исин,–егер қазақ күресін шындап дамытамыз десек, өзімізде, облыс орталығында республикалық турнирлер өткізу керек. Онда да ересектер арасында өткізген өте маңызды. Міне, осындай жарыстарда балуандар іріктеліп, тәжірибе алмасып, шыңдалар еді. Ендігі бір өте өзекті мәселе, қазақ күресіне деген көзқарас. Айталық, спорттың футбол, волейбол сияқты түрлеріне қаржы көп бөлінеді. Ал, қазақ күресіне дегенде, сараңдық таныту әлі де қалмай келеді. Жарысқа шығудың өзі бір мұң. Егер осы қазақ күресі залында жаттығып жүрген балалар көршілес облыстарға, республикалық жарыстарға қатыспаса, олардың бойындағы қызығушылық та жоғалады. Бірнеше жыл бойы бір залдың ішінде өздерінің бойлары әбден үйренген, әдіс-тәсілін жақсы білетін балуандармен күрестіре беру шеберліктерін шыңдамайды. Тағы бір айтатын дүние, Степногорск қаласындағы мектеп-интернаттың жанынан қазақ күресі бөлімін ашу керек. Бұл интернаттың материалдық-техникалық базасы жақсы, әрі маңайында елді мекендер көп. Ауыл баласы қала баласынан әлдеқайда күреске бейім келеді. Бұл бөлу емес, күнделікті тәжірибеден көріп жүрген дүние. Өйткені, буыны қатпай жатып қара жұмыс істейтін, отын жаратын, шөп шабатын ауыл баласының күш-қуаты мол, әрі шыныққан.

ІІІ. Бай баласы белдеспейді
Жаттықтырушылардың айтуына қарағанда, күрес өнерімен шұғылданатын балалардың бәрі әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың өрендері екен. Олар боз кілемнің үстінде қарсыласымен емес, өмірдің қиыншылықтарымен күресіп жүргендей көрінеді. Жасыратыны жоқ, көп жарысқа жаттықтырушылар балаларды өз қаражаттарымен апаруға мәжбүр. Мұндайда қолдың қысқалығы көрініп қалады. Егер қаржысын қайда қоярын білмей жүрген ауқаттылардың балалары болса, еш қысылмай жердің түбінде өтетін жарысқа жіберуге қауметі қаптал жетер еді. «Кедейдің күні кіжінумен өтеді» дегендей ата-аналарының ниеті болғанымен, қаржысы жоқ.
Ауылдан шыққан, күрес десе арқасы қозып тұратын балаларға обал-ақ. Өйткені, ауылдық жерде күрес үйірмесі болмағаннан кейін олар жаттығуды облыс орталығына жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарына түскен кезде ғана бастайды. Бұл кезде кеш. Егер ерте бастағанда, тәп-тәуір балуан шығар ма еді, кім білсін. Ауыр салмақты балаларды табуға болар еді. Бірақ, олар бірден жарысқа қатыса алмайды ғой. Төрт-бес жыл дайындау керек. Ауылдық жерлерде қазақ күресінің үйірмесі болмағандықтан, облыс орталығында ауыр салмақты балаларды күрес өнеріне баулу үшін жағдайын жасау керек. Ондай мүмкіндік әзірге жоқ. Ендігі арада қазақ күресінің бағын жандыру үшін аудандардағы күрес мектебінің филиалдарын көбейткен ләзім. Мұның бір жағы бұқаралық спортты дамыту болса, екінші жағы ұлттық өнерді ұлағаттау. Жиі-жиі жарыс өткізу де қажет. Қазір облыс орталығында жарыс өткізіле қалса, бір күннің ішінде аяқтауға мәжбүр. Жүлдесі татымсыз, жалғыз мақтау қағазы ғана. Аудандардан жиналған балуандарды жатқызатын орын жоқ. Тамақтандыру да өз алдына  бір мәселе.   
– Қарағанды қаласында өтетін республикалық чемпионатқа 11 балуан апаруымыз керек еді,–дейді қазақ күресінің жаттықтырушысы Ерік Шолимов,–басқарма тарапынан берілген қаржы шектеулі болғандықтан, команданы толық апара алмай отырмыз. Ал, жарыс тәжірибе жинақтау үшін, шеберліктерін шыңдау үшін өте қажет. Бізден нәтиже сұрайды. Егер ешқайда шықпасақ, республикалық жарыстарға қатысуға қаражат тауып бермесе, нәтиже қайдан болады. Балалар жаттығуын жаттыққанмен, ұзап шықпаған соң ынтасы кеміп, қызығушылығын жоғалтады. Тіпті, кілем үстіне киіп шығатын киімнің тапшы екендігіне сенесіз бе?!.
Жоғарыда біз айтқан көңілдегі күдіктің жатқан жері осы. Шеберлігіне салмағы сай, қажырына қауқары серік, пішін-пошымы, бітім-еңсесі түйедей түйе балуанымыз болмаса, байрақты бәсекеде бағымыздың жануы екіталай… 

 Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар