Дархан даланың дарабозы

Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісовтің тағылымы

Өзінің айтуына қарағанда еңбекке тым ерте араласқан екен. Сұрапыл соғыс басталғанда 14 жасар бозбала қан майданға аттанған әкелер мен ағаларға тиесілі колхоздың барша шаруасына белін буып, білегін сыбанып кіріскен. Арада қаншама жыл өтсе де сол бір сүреңсіз сурет жадында өшпестей жатталып қалыпты.

 Қара жұмыстан әбден көтерем болған өгізбен жер жыртады. Соқаның тісі шымдауыт жерге іліккенде арқасы қайқаңдаған қара өгіз соқа емес, замананың жүгін сүйреп келе жатқандай мықшың-мықшың етеді. Енді ғана 14 жасқа толған бозбала да тағдырдың салған салмағын көтерем өгізбен қосыла сүйрейтіндей. Колхоздың бір-біріне жалғаса келіп жататын қат-қабат науқандық жұмысы мұнымен біте қойса жақсы. Көктемгі егіс аяқталысымен шөп шабу басталады. Әйтеуір бір оңдысы Айыртаудың Жұмысшы ауылының төңірегі жап-жасыл шөпке тұнып тұратын. Қолдың саласындай ақ қайыңдар өскен орманды алқапты бауыры тұнған жоңышқа. Мал баздарының жанына шабылған шөпті түгел тасып алуға аналар мен балалардың қауқары жете бермейді. Кейбір маялар қар түскен соң тасымалданады. Ал, бұлар қоңыр күзде астық оруға кіріседі. Ол замандағы техника – лобогрейка. Жүргенінен тұрғаны көп лобогрейкамен астық бастырады. Оған үш пар өгіз жегілетін. Бозторғай шырылдаған таң бозынан зілдей лобогрейканы сүйреткен үш пар өгіз бесінге дейін бүйірлері солықтап, титықтап бітетін. Ал, бұл болса ғұмыры шаршауды, шалдығуды білген емес, қайта өн бойына әлдебір беймәлім тұстан қажыр мен қайрат құйылып, өршелене түсетін. Соның барлығы кейін ойлап қараса адал еңбекке ынтызарлық, айрықша құштарлық екен ғой.
Он сегізге толысымен Бурабайдың баурайындағы Қотыркөл селосындағы республикалық механизация мектебін бітірді. Білім мен тәжірибені ұштастыра жүргізетін сол кездегі ауыл шаруашылығына қажетті кадрларды дайындайтын оқу орны еді. Бітіріп келген соң комбайншының көмекшісі болып еңбек әліппесін бастады. Заманында аты аңызға айналған Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа-ты Тұрлыбек Әбілпейісовтің мыңдаған адамдардың жадында жатталып қалған әйгілі еңбек дастаны міне осы кезден басталды. Тәжірибелі комбайншы Иван Ситниковтың қарамағында екі жыл жүріп техника тілін бір адамдай меңгеріп шықты. Жігері жалын атқан жас өзінің адал еңбегінің арқасында бірден көзге түсті. Сол кездегі Қамысақты МТС-інің директоры Талғат Тегісов шаршау-шалдығуды білмейтін жасөспірімнің бойындағы бұлқынып аққан бұлақтай саулап тұратын қажыр-қайратына таң-тамаша қалатын. Екі жылдан кейін өзі де жеке комбайнға ие болды. Ол кездегі бір маусымдағы жоспар 180 гектар жердің астығын бастыру. Оның өзі сол кездегі техниканың қауқарын есепке алғанда көп-көрім дүние. Бірінші жылы жалғыз комбайнмен 1200 гектар жердің астығын бастырып шықты. Бұл жаңағы өлшеммен шаққанда жеті есеге артық еңбек. Тіпті, оқырманға түсінікті болуы үшін жалғыз Тұрлекеңнің өзі тұтас бір бригаданың жұмысын атқарып шықты деп айтуға әбден болады.
– Ол кездегі гектар берекесі айтарлықтай көп емес еді, – дейді Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов,– жер құнарлы болғанымен, күтіп-баптау жағы кемшін. Өйткені, оған колхоздың күші жете бермейтін. Кейін тың көтеру басталған кезде екі комбайнға иелік еттім. Жанымда екі көмекшім болды. Комбайн С-6 деп аталады. Оны С-100 тракторына тіркейміз. Колхозда бар болғаны екі-ақ трактор болатын. Біреуі шынжыр табанды НАТИ, екіншісі доңғалақты СХТЗ тракторы. Доңғалақты трактордың күші аз, комбайнды еркін тарта алмайды. Астықты шаба келе бункер орталанған кезде қара түтіні будақтап, көтерем қара өгіз сияқты титықтап қалады. Осының өзі қолбайлау. Амал жоқ комбайнды тракторға, тракторды өгізге тіркейміз. Сөйтіп жүріп те жұмыс істедік-ау.    
Сол кезде Қамысақты МТС-ына 18 колхоз қараған екен. Алғашқы жылдары гектар айналымы небары 8 центнердің төңірегінде болатын. Кейін егіншілік мәдениетін көтерген соң 25-28 центнерден алып жүрді. Тіпті, бір жылы гектар берекесі 41 центнерден айналып, адам айтса нанғысыз көрсеткішке қол жеткізгені бар. Сол кезде бригадада Нұркен Сыздықов, Серік Әшімов,
Андрей Гейневерг және басқа да еңбек десе жанып тұратын абзал азаматтар еңбек еткен. Қазіргі күні Тұрлекең дән жорығы жолында табаны тастан таймаған тарланбоздай ел игілігін арттыруға бар ынтасымен, күш-жігерін аямай еңбек еткен бригаданың әрбір мүшесін сағына еске алады. Молотов атындағы колхоздың басқарма төрағасы Сырымбет Букин еді. Бұл бір жаратқан ие айрықша күш-қуат берген, мінезі де сол алып денесіне сай кесек адам болатын. Басқарма екенмін деп қарап тұрмай әлденеше адам көтере алмайтын комбайнның
ауыр-ауыр бөлшектерін жалғыз өзі жерден жұлып алып қоя салатын. Сонда оның бойындағы алапат күш-қуатқа тәмам ел тәнті болатын.
1959 жылы трактор-егіс бригадасына бригадир болып сайланған Тұрлыбек Әбілпейісовтің бригадасында ұзын-ырғасы отызға жуық адам еңбек етті. Бригада 3926 гектар жерге егін егетін. Кей жылы жауын аз жауса да, топырақты күтіп-баптау, өңдеудің арқасында гектарына 12-15 центнерден кем өнім алған кезі жоқ.
Өз басым Володар аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезімде жалпақ елге жақсы мысал ретінде даңғайыр диқанның ұлан-ғайыр еңбегін жан-жақты насихаттауға, үлгі етіп көрсетуге үлес қостық. Сол жылдары «Көрші танабы – өз танабың!» деп
республика диқандарына үндеу жариялаған даңғайыр диқанның бағалы бастамасы еліміздің түкпір-түкпірінде қызу қолдау тапты. Оның осы бір ізгі ниетін Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев та қолдап, облыстық партия комитетінің
бюро мәжілісінде үндеуді бекітті.
1978 жылы еліміздің атағын аспандатқан, кейін аңызға айналған миллиард пұт алтын астықта Тұрлыбек Әбілпейісов жетекшілік еткен бригаданың да мол үлесі бар. Осы бір еңбек жеңісі туралы кезінде Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов «Қазақстан миллиарды-78» деп аталатын жинағындағы «Диқанның ірі табысы» деп аталатын мақаласында былай деп жазған екен:
«Көкшетау облысының Лавров кеңшарының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов 12 комбайнмен 2119 гектар алқапты сегіз жұмыс күні ішінде бастырып шығып, әр гектардан 21 центнерден өнім алды. Бұл ерен еңбектің нәтижесі».
Омырауында Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Октябрь революциясы, Халықтар достығы ордендері жарқыраған диқанның жұлдызды шағы 1956 жылы төңірегіне шуақ шашып, жарқырай жанған. Осы жылы ол 14456 центнер астық бастырды. Егер осы көлемді көз алдыңызға елестете алсаңыз бастырылған бидайының тұтас бір эшалон болғандығын көре алар едіңіз. Ақық дән өсірген, еңбегі шартарапқа мәлім болған даңғайыр диқан осы жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Еңбек қарқыны одан сайын үдей түсті. Жер өңдеудегі жоғары мәдениеті кемеліне келген ұжым 1980 жылы үлгілі ұжым атанды. Табаны күректей 32 жыл бойы жыл сайын толағай табысқа қол жеткізетін бірлігі бекем, берекесі телегей-теңіз бригаданы басқарып, адам айтқысыз зор табысқа қол жеткізген диқанның сол кездегі атағы аспандап тұратын. Біз аудан көлемінде өзге кеңшарлардағы диқан-механизаторларға Тұрлыбек Әбілпейісовтің еңбек тәжірибесін ұдайы насихаттап отырдық. Еңбек Ерінің сарқылуды білмейтін мол қуаты, әр жыл сайын қол жеткізетін көл-көсір табыстары жайлы аудандық, облыстық басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Кейін аудан көлемінде Тұрлыбек Әбілпейісов атындағы еркін күрестен турнир өткізілетін. Бұл жарыс дәстүрге айналды. Кейінгі жас ұрпақты қайсарлық пен қажырлылыққа тәрбиелеудің әдемі үлгісі еді.        
Бүгінде тоқсан жасқа толып отырған Тұрлекең тілдесе қалсаң қазақтың қара сөзінің майын тамызатын шешен, көкірегі қазына. Жадының мықтылығына жас кісі қызыққандай. Қай жылы қанша астық бастырғандығын, кімнің озып шыққандығын жатқа айтады. Өйткені, ол соның бәрін өз қолымен істеген. Даналықты даладан іздеген даңғайыр диқанның қолында СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Леонид Брежнев таққан көне сағат бар. Өмір сағаты сияқты тық-тық соғады. Өмір сағатың ұзақ болғай, жасампаз еңбектің ері жампоз аға!

Қадыржан ӘУБӘКІРОВ,
зейнеткер.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *