Қазақ тілін біледі

Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты облыстық жастар форумы болып өтті.

Тарихтың сан қилы толқындарын бастарынан өткеріп, елімізде қазақ халқымен бірге тұрып жатқан 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдерінің мемлекеттік тілімізді қадір тұтқанын көрсек, қуанып қаламыз. Форумда айна-қатесіз мемлекеттік тілде еркін сөйлеп тұрған осындай жастар арқылы өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге деген құрметіне тәнті болдық. Алдымен, форумды ашқан аталмыш басқарманың басшысы Арман Бердалин жиналған қауымды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
– Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында. Қоғамның қай саласының болмасын қозғаушы күші сіздерсіздер. Сондықтан, жастар уақыттың кез-келген сынында бәсекеге қабілетті болып, қиындық атаулыға төтеп беруге тиісті. Тұрақты дамудың басты шарты – ұлтаралық қатынастарды сақтау, мемлекеттік тілді дамыту, – дей келе, ол форум жұмысына табыс тіледі. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Юлия Когут, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығының» жетекшісі Алена Юмакулова, Бурабай, Есіл Сандықтау, Егіндікөл аудандарының делегация мүшелері Кира Антонюк, Радмила Тихонова, Екатерина Бобкова, Мамлют Омиралиевтер өздерінің мемлекеттік тілді қалай үйренгендері туралы қазақ тілінде тартымды әрі қызықты етіп айтып берді.
– Қазақтың жанын терең түсінетін көрнекті қаламгер Герольд Бельгер айтпақшы, ұлтым орыс болса да, қазақты өз ұлтымдай көремін. Өйткені, қазақ ауылында дүниеге келіп, мектепте қазақша оқыдым. Жастайымнан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне оқуға түсуді армандаған едім. Бүгінде жолым оңғарылып, осы білім ордасында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын, – деген Юлия Когуттың сөзіне сүйсінбеген адам қалмады. Сонымен қатар, кезінде қазақ отбасына келін болып түскен, бүгінде бүкіл елдің  құрметтісі Ольга Мырзагелдинова апамыз да сөз алып, мемлекеттік тілді екі жылдың ішінде еркін меңгеріп алғандығы, 39 жыл бойы қазақ тілінде сабақ бергендігі туралы  әңгімелеп, өз өнегесімен ой бөлісті.
Форумда Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің студенті Лада Горошко жастар атынан қабылданған Үндеумен таныстырды. Бір топ белсенді жастар Алғыс хаттарымен марапатталған кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар