Батыр атағы бұйырып тұр екен

Өзінің асқан батылдығымен қазақтың атын шығарған бұл ержүрек қандасымыз туралы бұдан бұрын «Ерлікке дейін қас-қағым сәт» атты мақаламызда жазғанбыз («Арқа ажары», 9 қазан 2014 жыл).

Шынында да, сол күндері өзі жетекшілік ететін бөлімнің кезекті әскери жаттығуында қарамағындағы абдырап қалған сарбаздың қолынан түсіп кеткен РГД-5 гранатасын жан ұшырып денесімен жауып қалып, айналасындағы қаншама жауынгерді тура келген ажалдан құтқарып қалған ұлты қазақ полковник Серік Сұлтанғабиевтің ерлігі туралы бүкіл Ресей бұқаралық ақпарат құралдары үздіксіз жазып жатты. Сол елдің Қарулы Күштерінде қызмет ететін, Шешен соғысына  дейін қатысқан Қостанай өңірінің тумасы осы жолы өзі де хал үстінде болып, бірінші Алла, екінші дәрігерлердің жедел көмектерінің  арқасында ғана төніп тұрған ажалдан аман қалды.

Сол жолғы мақаламызда «өз басым осы ерлігі үшін Серік Сұлтанғабиевке «Ресей Федерациясының Батыры» атағы берілетін шығар деп ойлап едім. Бірақ, жуырда «Ерлік» орденіне ұсынылғаны белгілі болды. Осыны естігенде менің ойыма Ұлы Отан соғысында майдандағы ерліктері лайықты бағаланбаған Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сияқты ағаларымыз оралды»,–деген де өкініштілеу жолдар бар еді.
Өзге тілеулестерімен бірге, біздің де осы сөзіміз періштенің құлағына шалынды ма екен, әйтеуір, жуырда екі айдан бері әлі де госпитальда емделіп жатқан Серік Сұлтанғабиевке «Ресей Батыры» жоғары атағы берілді. Осыны естігенде «аруақты бабаларымыздың рухы желеп-жебеп, ақыры, лайықты марапаты қандасымызды тапқан екен» деп қуандық.
Расында, қуан қазақ! Бейбіт заманда өзге билікке Алаштың ержүрек ұлдары екенін сөзсіз мойындатып, кеуделеріне Батырдың алтын жұлдызын таққан Тоқтар Әубәкіров,  Қайыргелді Майдановтардың жолын енді міне, тағы бір қайтпас қайсар ұланың Серік Сұлтанғабиев жалғастырып отыр. Ұлт үшін бұдан асқан абырой жоқ шығар, сірә!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар