Рәміздер – басты құндылығымыз

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен Ақмола облысы  әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның биылғы жылы атқарылған жұмыс нәтижелерін саралаған қорытынды отырысы болып өтті.

Құрамына облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері енетін комиссия отырысында алдымен, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорация-сы Ақмола облыстық филиалының директоры Арсений Дүйсенов сөз алып, ақпараттық кеңістікті мәнді, мазмұнды материалдармен толтыру жайына тоқталды. Бейне, дыбыс әрі тікелей эмоциямен өз көрерменіне әсер ету мүмкіндігі мол телеарнаның жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге қосар үлесі орасан. «Қазақстан − Көкшетау» арнасы бүгінде дайын роликтермен шектелмей, жергілікті калоритті қолданып, өңір азаматтарының қатысуымен бейне материалдар түсіруді қолға алған. Осы орайда, облыстық телеарнаның директоры кейбір ірілі-ұсақты шаралардың тақырыбы жіті сараланып, әр деңгейдегі жиындарда Әнұранды қолдану тәртібі ескерілсе екен деген тілегін жеткізді. Бұл жерде алдағы жылдың айтулы даталарға толы екендігіне тоқталған Нұрлан Нұркенов өз кезегінде озық технологиялық жетістіктерді, инфографиканы пайдалана отырып, тартымды роликтер әзірлеу қажеттігін алға тартты. Ол облыстық арнаның бұған мүмкіндігі жетпеген жағдайда, оны тапсырыспен жасатуға болатынын атап өтті. 
Облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа жыл басынан бері газетте мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын 34 материалдың жарық көргенін, бұл бағытта өңір тұрғындарының елдік нышандарға деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында сауалнамалар ұйымдастыру қолға алғандығын айтты. Газет тілшісінің Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібековпен жүргізген  арнайы сұхбаты да басылым бетінде жарияланған. Осы орайда, облыстық «Акмолинская правда» газеті бас редакторының орынбасары Дәулетжан Ахметжанов азаматтардың  отаншылдық сезімін оятуда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен бірлесе «Ассамблея» қосымшасы шығарылатынын, Мемлекеттік Ту белгісімен мәслихаттардың 20 жылдығына орай материалдардың жарық көргенін атап өтті.
Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дина Ахметжанова болса, басқарманың ел рәміздерін ретті қолдану тәртібін баяндады. Әйткенмен, комиссия мүшелерінің бұл жағымды ақпаратқа сенгілері жоқ сияқты. Себебі, тексерістердің нәтижелері  аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдерінде ең көп олқылықтың орын алатындығын көрсетіп отыр. Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева сөз алып, облыстық комиссия мүшелерін алдағы жылдың жоспарымен таныс-тыра келе, мемлекеттік рәміздерді барынша насихаттап, оған деген құрметті арттыру мақсатында атқарылатын шараларды жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар әлі де нышандарды қолдануда өзгеге үлгі болар аудандар мен салғырттық танытқан өңірлердің нақты көрсеткіштері мен деректерінің қажеттігін тілге тиек етті. Облыс әкімінің орынбасары осы орайда, бұл бағытта жүргізілер тексерістер кестесін жасау керектігіне тоқталды. Осы жұмыстардың барлығы да бірінші жартыжылдықта бір жүйеге келтірілуі керек. Себебі, екінші жартыжылдық ел көлемінде аталып өтілетін айтулы мерекелерге толы болады. Нышандардың қадір-қасиетін арттырып, оны жан-жақты насихаттауда аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары комиссияның көзі мен құлағына айнала білуі қажет. Ауданға шыққан журналистер көрген-білгендерін ортаға салып, кемшіліктерді түзетуге атсалысса игі. Нұрлан Нұркенов осы орайда, комиссия мүшелерін өз істеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар