Уақыт талабына ілескен…

Астанаға қарап бой түзеп келе жатқан Аршалы ауданында құрылыс саласы қарқынды дамуда.

 

Елімізде «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Қолжетімді баспана–2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020», «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламалары арқылы көптеген әлеуметтік-өндірістік нысандар салынып, халық игілігіне берілуде. Осы орайда, құрылыс материалдарын дайындауға зор көңіл бөлінуде.  Соның ішінде ашылғанына биыл тура жарты ғасыр толып отырған «ҚазШпал» акционерлік қоғамының жұмысы алға басып тұр. Тоқырау жылдары еліміздегі өзге кәсіпорындар сияқты қиындықты бастан кешкен зауыттың елордамыз Астана қаласына көшірілгеннен бері екінші тынысы ашылғандай болды. Қазіргі кезде кәсіпорын жұмысы бір арнаға түсіп,  өндіріс көлемі ұлғайып келеді.  
Кәсіпорынның бас директоры Райса Иванованың айтуынша, мұндағы шығарылатын құрылыс материалдарының артықшылығы тез тұрғызылатынында болып отыр. Кәсіпорында темірбетоннан жасалынған өндірістік шпал, қырлы бөрене, іргетасқа қажетті блоктар, канализациялық сақина және тез тұрғызылатын үйлер үшін панельдер мен плиталар шығарылуда. Қалыңдығы бар болғаны 20 сантиметр осындай материалдан жасалған қабырға бір метрлік қалыңдықта қаланған кірпішті алмастыра алады. Тіпті, кірпіштен анағұрлым жеңіл және жылы. Сондықтан, стандартты үш бөлмелі үйлерді бір аптада көтеруге болады.
  – Кәсіпорын өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 1,3 миллиард теңгенің өнімін шығарса, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 785,2 миллион теңгені құрады. Шығарылған өнім мемлекеттік стандартқа сай әрі Елорданың іргесінде болғандықтан, сұраныс та жоғары, – дейді кәсіпорын басшысы.
Осы күні өндірісте 430 адам еңбектеніп жүр. Олардың еңбекақылары да жаман емес. Кәсіпорын келешекте өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Аршалы ауданы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар