Әзірлік ойдағыдай

 

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Камелиновпен бірге Александр Аверьянов жетекшілік ететін «Иванковка Н.С.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қырманына ат басын тірегенімізде, мұндағылар қызу жұмыс үстінде екен.

 

Алдағы орақ науқанына дайындық жұмыстары мұқият жүргізілуде. Астық төгілетін алаңдар толығымен асфальтталған. Сыйымдылығы үш мың тонна астық қоймасы да жаңа өнімді қабылдауға әзір. Петропавл қаласының фирмасынан келген жігіттер электронды таразыны орнатуды аяқтап қалған. Ресейден әкелінген астық кептіргіш қондырғы да толық жөндеуден өткізіліп, орақ науқанына сақадай сай тұр.
Қырман жанында сапқа тізілген сарбаздарға ұқсаған дала кемелері – комбайндар да түгелге дерлік жөндеуден өткізілген. Көп жылдардан бері осы серіктестікте жұмыс істеп келе жатқан Дмитрий Герман, Александр Кальтенбергер, Иван Бусарев, Александр Степанов сынды жігіттер техникаларының соңғы бұрандаларын бұрап, әзірліктерін тағы да бір пысықтап тексеруде. Биылғы егін орағына 12 комбайн, астық тасымалдауға бір КамАЗ автокөлігі, үш К-701 мен бір МТЗ-80 тракторлары жұмылдырылмақ.
Серіктестік диқандары үстіміздегі жылы 6400 гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңірген, оның 1200-і арпа болса, қалғаны бидай. Көктемгі егіс жұмыстары белгіленген уақытта өткізілген. Химиялық өңдеу жұмыстары агротехникалық талаптарға сай сапалы жүргізіліп, астықтың бітік өсуіне мол септігін тигізді. Келесі жылғы көктемгі егіс жұмыстарына да дайындық осы бастан жүргізіліп, алқаптарда пар жыртылуда. Виктор Барышников, Александр Карпов сияқты тәжірибелі механизаторлар «Бюллер» тракторларымен күндік нормаларын асыра орындап, меже биігінен көріне білуде.
Шаруашылық басшысының машинасымен егістік алқаптарын аралап келеміз. Айнала жайқалған егін. Тап-таза, бір тал арамшөп жоқ. Биіктігі белуардан келеді. Бидай масақтарын қолмен ұстап, қауыздарының сапасын тексеріп жүрген Амангелді Бәйкенұлы мен Александр Анатольевич алдағы өткізілер орақ науқаны жайлы әңгімелесуде.
– Осындай ашық күн енді бір екі-үш апта тұрса, бидай толығымен пісіп-жетіледі. Егер ауа райы оң қабақ танытып, жауын-шашын болмаса, биылғы жылы астықтан мол өнім аларымыз сөзсіз, – дейді екеуі де қосарлана.
Серіктестік еңбеккерлері шөп шабу науқанын да ойдағыдай өткізуде. Қазіргі уақыттың өзінде жүз тоннадан астам мал азығы дайындалған. Енді жақын арада ауыл тұрғындарына тегін үлестіріліп бермек. Күзгі жиын-теріннен кейін әр аулаға бір тіркемеден арпа сабаны жеткізіледі.
Серіктестік ауылдағы әлеуметтік мәселелерден де тыс қалып көрген емес. Шаруашылық өз қаражаты есебінен ескі клубты толық күрделі жөндеуден өткізуде. Құрылыс жұмыстарын Қайрат Ходжаев бастаған Ибрат Матакубов, Әлішер Шеров сияқты өз ісінің мамандары сапалы жүргізіп жатыр. Бұл ғимарат жөндеу жұмыстары аяқталған соң демалыс орталығына айналдырылмақ. Мұнда салтанатты шараларды өткізетін үлкен зал, кітапхана, пошта бөлімшесі және медицина қосыны ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Серіктестік қаржысына ауыл мектебіне ағымдық жөндеулер жүргізіліп, сыртқы қоршауы жаңадан орнатылды. Мектеп аспазы мен медбикеге еңбекақы төлеуді де өз мойындарына алған. Автожолдарды жөндеп, қыста қардан тазалау жұмыстары да шаруашылықтың жауапкершілігінде.
Күзгі егін ору науқанына әзірліктерінің жай-күйімен танысқан біз саңлақ диқандарға сәттілік тілей отырып, бітік өскен астықтан мол өнім алар деген сеніммен қош айтыстық.

Жанат СӘБИТОВ.

Бұланды ауданы.
Суретте. Амангелді Камелинов пен Александр Аверьянов егістік алқабында.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар