Бергенім әлі аз деп ойлаймын

Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары саяси-экономикалық жетістіктері ғана емес, әрі халықтың әл-ауқатының жақса-руымен өлшенетін сияқты.

Бұл тұрғыдан алғанда, Құдайға шүкір, тәуелсіздік қолымызға тигелі көшіміздің күн санап түзеліп келе жатқандығын айтқым келеді. Өз өмірімнен мысал келтіре айтар болсам, сол тоқсаныншы жылдардың басында совхозда агроном едім. Екі мыңыншы жылдары мені «Қима» совхозының директоры етіп тағайындады. Бұдан кейінгі уақытта  «Агрофирма ТНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кіретін «Жаңа жол» серіктестігіне басшылық етіп келемін.

Ерінбей еңбек еткеннің далада қалмайтыны белгілі ғой. Кезінде Германиядан алып келген екі жүз бас ангус тұқымдас ірі қараның саны бүгінде бес жүзден асты. Бастапқыда сегіз мың гектар ғана жеріміз болатын, қазір оны 31 мың гектарға дейін ұлғайтып, тиімді пайдаланып келеміз. Шаруашылығымыз да елімізбен тетелес өсіп-өркендеп келеді. Біздің облыс аграрлы өңір болғандықтан, осы саланы өркендетуге алдағы уақытта да шама-шарқымызша өз үлесімізді қоссақ па дейміз.
Егемен ел аталғалы ауылымыздың да тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарып келеді. Заманауи деңгейдегі әлеуметтік нысандар салынуда. Дегенмен, шешілмей тұрған мәселелер де жоқ емес. Облыстық мәслихат депутаты ретінде ауылдың жолын жөндеп, аурухана салу қажеттігінің туын-дап отырғанын көтеріп келемін. Ол да өз уақытында шешіле жатар. Егемендік алған жылдары енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасы едік. Бүгінгі таңда Құдайға шүкір, жолдасым Гүлжан екеуміз төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Тұңғышымыз – Қуаныш жанына спортты серік етіп, қазір осы салада тер төгіп жүр. Ал, есімін Мемлекет басшысындай болсын деп ырымдап қойған тәуелсіздікпен түйдей құрдас Нұрсұлтан өз жолымды қуып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде. Әйгерім мен Аружаным – мектеп оқушылары.
Жалпы, менің ойымша, «Үкімет маған не береді?» деп көкке қол жайып отырғаннан іс бітпейді. «Мен еліме не беремін?» деп өзіміздің азаматтық борышымызды абыроймен өтеуге тырысқанымыз жөн. Мен  кіндігім кесілген топырақ – Қимада әлі күнге дейін еңбек етіп келемін. Әлі де туған жерге бергенімнен берерім көп деп ойлаймын. Шағын елді мекен болса да, бұл мекен мен үшін Мысыр шаһарындай. Қорыта келе айтпағым – әркім өз туған ауылын көркейту жолында еңбектенер болса, ол оның тұтас елді өркендетуге қосқан орасан зор үлесі. Тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін ұрандата сөйлеудің, елге деген махаббатты ұзын-сонар сөзбен кестелеудің қажеті шамалы. Әркім өз орнында, жұмысын кәсіби деңгейде атқару арқылы ел егемендігін нығайтуға үлес қосса игі. Ендеше, осы жолда қолға алған ілкімді істерді атқаруда мен барша отандастарыма тек сәттілік тілеймін.

Мұрат МЕЙРАМОВ,
«Жаңа жол» ЖШС директоры,
«Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар