Сәкен жырлаған Көкшені көрдік

Мен Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тумасымын. Мектеп бітірген соң мұғалім мамандығын таңдаған едім. Жұбайым Жайсан екеуміз Орал қаласындағы педагогикалық институтты бірге бітірген соң туған жерімізге келіп, өз мамандықтарымыз бойынша жұмыс істей жүріп, отбасын құрдық, балалы-шағалы болдық.

 

Әлі де осы мамандықтың қиындығы мен қызығын қатар көріп, ел қатарлы тірлік кешіп жатқан жайымыз бар. «Қызың өссе – қияға, ұлың өссе – ұяға қонады» дегендей, балалардың арқасында жан-жаққа шығып, еліміз бен жеріміздің кеңдігіне, халқымыздың кеңпейілдігіне тәнті болып жүрміз.
Жақында дауылпаз Сәкен ақын «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп жырлаған Көкше жеріне келудің сәті түсті. Биыл жазда мектеп бітірген кенже ұлымыз Ерасыл Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтына оқуға түскен болатын. 16 қыркүйек күні 1-курс курсанттарының салтанатты ант қабылдау рәсіміне қатысу үшін жұбайым, Оралда жұмыс істейтін үлкен ұлым Дастан үшеуміз Көкшетау қаласына келдік.
Кітап пен теледидардан ғана көретін Көкшеге табанымыз тиісімен, тағы да Сәкен Сейфуллин айтқандай бірден «ауасы дертке дауа, жұпар исін» сезінгенімізді жасыра алмаймыз. Көгілдір Көкшенің сары алтынға малынған егінжай алқабы, ақ қайыңдары мен мүсінді қарағайларының сұлу көрінісі күздің өзінде осындай болса, көктем мен жазда қалай болатынын тек көзбен көргендер ғана білер. Міне, осындай табиғаты тамылжыған жерде орналасқан Көкшетау қаласындағы техникалық институтта өткен 1 курс студенттерінің ант беру рәсіміне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті.
Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің,  Төтенше жағдайлар комитетінің  төрағасы Владимир Беккердің және өрт сөндіру мен құтқару саласында жұмыс істеген ардагерлердің құттықтау сөздері, ата-аналардың айтқан ақ-тілектері ант қабылдаған жас курсанттарға жігер беретіні сөзсіз.
Мен өз басым осы оқу орнын таңдаған балам үшін өте қуаныштымын. Ол мектепте оқып жүрген кезінен спортпен айналысып, ел қорғаны болсам деп армандаған болатын. Сондықтан, «Мен курсант Ерасыл Жайсанұлы Ахметов халық пен елдің тағдырына деген жауапкершілікті өз мойныма ала отырып, Отанымның патриоты болуға және Ата Заңымызды, Қазақстан Республикасының заңдарын қатал сақтауға, міндеттерімді адал әрі кәсіби тұрғыдан орындауға, құтқарушы жоғары атағын қастерлеуге ант етемін» деген ұлымның осы оқу орнының қабырғасында  жақсы оқитынына сенімдімін. Аз ғана күннің ішінде сапқа тұрып, нағыз жауынгерге тән жүріп-тұруды үйренген, үстіне курсанттық киім киген ұлымды көргенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.
Осы орайда, ант қабылдау рәсіміне курсанттардың ата-аналары мен туыстарын шақырып, болашақ өрт сөндіруші, азаматтық қорғаныс, құтқарушы сардар болатын жас өрендердің оқитын, тұратын, жаттығатын орындарын көрсетуге мүмкіндік берген Техникалық институт бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов бастаған оқу орнының оқытушыларына ата-аналар атынан аналық ризашылығымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, 1 курс бастығы Уәлихан Жармұханбетұлы Баймұхановқа, оның орынбасары Сергей Александрович Татаркин мен старшина Сейсен Бауыржанға да айтар алғысымыз шексіз. Ант қабылдау рәсімінен кейін курсанттардың лайықты білім алулары үшін барлық жағдай жасалғанын оқу орнын аралап жүріп, өз көзімізбен көрдік. Бір күндік демалыс алған балаларымызды ертіп, Көкшетау қаласының көрікті жерлерін араладық. Халқымыздың асыл ерлері Абылай хан, Ақан сері, Біржан сал ескерткіштеріне тәу еттік. Біздің ұлдарымыз да оқуын жақсы оқып, елдің ертеңін
ойлайтын азаматтар болып шықса екен деп тіледік.
Иә, әрбір ана баласына осыны қалайды. Мен де сондай тілектегі қарапайым ананың бірімін. Қазіргі уақытта тәуелсіздігіміздің, Елбасының көреген саясатының арқасында жас ұрпаққа лайықты білім  алу мен адал еңбек ету үшін барлық жағдай жасалған. Біз сұлу Көкше жерінен осындай көтеріңкі көңіл-күймен, ұмытылмас әсермен оралдық. Сөз соңында астаналық облыстарыңыздың абыройы арта берсін, көк туымыз көкте желбірей берсін дегім келеді.
          
Фатима САПАРОВА,
     Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Жаңақала аудандық психологиялық-
педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі.  

Суретте: курсант Ерасыл Ахметов ата-анасы және бауырларымен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар