Нұрлы жолмен мұратқа жетеміз

Қазақстан, Тәуелсіздік, егемендік деген ұғымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз ұштасып жатыр. Олай дейтінім, ел тәуелсіздігінсіз Ұлт Көшбасшысын, Елбасынсыз ел тәуелсіздігін көз алдымызға елес-тету мүмкін емес. 

Бүгінде экономикалық, саяси және әлеуметтік жағынан алға дамып, терезесі өзге дамыған елдермен теңесіп келе жатқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы Бүкілхалықтық референдумда Президент болып сайланды. Оның саяси қайраткерлігіне, көрегендігіне, саясаткерлігіне сол бір қиын кезеңдерде сынай қараған өзге мемлекеттер бүгінгі күні мойындауда. Елбасының көрегендігі ең алдымен, оның ішкі және сыртқы жағдайды бақылауға алып, ішкі тұрақтылыққа  аса зор мән беруінде дер едік.
Елбасымыздың елде Ұлттық қор құру жөніндегі тамаша идеясының арқасында біз бұрындары дүние жүзінде орын алған дағдарысты сезінген жоқпыз. Себебі, экспорттық өнімдерімізге баға жоғары болған жылдары одан түскен қаржыны бірден ұлттық қорға аударып отырдық. Осы жылдардың ішінде сол қордағы ақшаға тиіскен жоқпыз. Дүниежүзі бойынша орын алған 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде 10 миллиард долларды ретінше пайдалана алдық.
Сонымен қатар, бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отырған бүгінгі күні
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің салиқалы саясаткерлігін көрсетіп, ел халқына жолдайтын кезекті жаңа Жолдауын ұсынды. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты бұл басты құжатта әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысының әлі айықпағаны айтылып, біздің одан қалай шығатынымызды нақтылап, көрсетіп берді. Және де көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға сол қордан тағы да қаржы алынатынынан хабардар етті. Осы ретте, Ұлттық қордан 2015-2017 жылдар кезеңінде жыл сайын қосымша 3 миллиард доллар бөлу жөніндегі шешім қабылдағаны бізді тағы да дағдарыстардан алып шығудың амалынан туындаған батыл әрекет деп санауға тиіспіз.
Бұл құжатта Ұлт көшбасшысы: «Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі» дей келе, ұлтаралық келісім мен тұрақтылық деген не деп сауал тастай отырып, оған өзі былай жауап берді: «Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік, ата-аналар қуанышы, ата-аналар денсаулығы мен болашақ ұрпақ тәрбиесі». Осындай тұрақтылықтардың арқасында бүгінде біз үлкен табыстарға қол жеткізіп отырмыз. Тарихи шырғалаңдарда біздің елге ат басын тіреп қалып қойған өзге ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктіретін  Қазақстан халқы Ассамблеясы атты үлкен институт құрғаны оның алысты болжай алатын көреген басшы екендігін айқын дәлелдейді. Көршілес мемлекеттердің өз ішінде неше түрлі қақтығыстар мен келеңсіздіктер орын алып, халықтың мазасын кетіріп жатқан мына заманда біздің мемлекеттің азаматтары ұйыған ұйытқыдай тату-тәтті, ынтымақтасып, бірлесіп тұрып жатқаны қуантады.
Түрлі этностардың арасындағы қарым-қатынас, ауызбіршілік, бір-бірінің мәдениетіне, тіліне, дініне деген сыйластыққа өзге елдер тамсана да таңдана қарайтынын білеміз. Облыс орталығында ашылған Достық үйінде түрлі ұлттар бастарын қосып, онда өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытуда. Сол этностардың арасында қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді үйренуге құштар азаматтар бар. Алдағы уақытта оларға арнап қазақ тілін үйрететін бір орталық ашуды мақсат етіп отырмыз.  
Тәуелсіздік туралы толғанғанда еліміздің ертеңгі болашағы – жастар туралы да айтпай кету ағаттық болар. Жас келсе – іске дегендей, Елбасының өзі жас-тар үшін болашаққа бастайтын жобалар ашып берді. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдердің ірі жоғары оқу орындарында білім алуларына мүмкіндік туғызды. Қазіргі таңда, олардың  алды мемлекеттік органдарда ел игілігі үшін белді қызметтер атқаруда. Кадр даярлау мәселесіне де біз бей-жай қарап отырмайтын елміз. Бүгінде Қазақстанда оқимын дейтін жастарға қай қалада, қандай мамандық бойынша білім алғысы келсе, жол ашық.  Соның бір айқын дәлелі, біздің облыста да «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген азаматтар баршылық.
Сондай-ақ, біздің жалпыұлттық идеямыз –Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдыру барша қазақстандықтардың қолында. Елбасы айтқандай, қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда біздің басты байлығымыз бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек.  Ал, Мәңгілік ел – елдің біріктіруші күші. Ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» Стратегиясының ғана емес, жиырма бірінші ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!
Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
Қазақстан халқы ассамблеясының
мүшесі, Ақмола облыстық
«Қазақ тілі мен мәдениеті»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар