Абыройлы азамат

Адамның бала күнінде есте қалғандары өмірде ұмытылмайды екен. Мен мектеп қабырғасында қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатысатын оқушы балалардың ішінде жүрдім.

Ерейментау қаласының №2 қазақ мектебінде 9 Мамыр – Жеңіс мерекесі құрметіне концерттік бағдарлама әзірленіп, оның қорытынды бөлімі теміржолшылардың Мәдениет үйінде өтті.
Концертті аудандық комсомол комитетінің  бірінші хатшысы  Қуаныш Махмұтұлы Алпысбековтың өзі келіп көреді деген соң дайындықты үзбей жүргіздік. Домбыра оркестрінің бір мүшесі болғандықтан, тартатын күйлерімізді үсті-үстіне қайталап жаттық. Айтқандай, біздің өнерімізді  көруге бір топ адам келді: орталарында әдемі бір сары жігіт бізге жымиып қарап тұрды. Не керек, киімдерімізге ескерту жасағаны болмаса, орындаған халықтық шығармаларымыздың бәрін мақұлдады. Өңірімізге есімі кеңінен танымал Қуаныш Алпысбековты мен 1970 жылы осылайша бірінші рет көзбе-көз көрген едім.
Ереймен елі оны ерекше құрмет тұтты. Новосібір теміржол инженерлер институтын бітірген азамат біздің елде әуелде теміржол стансасының бас инженері боп қызмет істепті.
Білімді, екі тілге бірдей, қоғамдық істе белсенді жігіттің қызмет сатысымен өсуіне мінезінің де сәйкес келгені себеп болғанын ел үлкендері жиі айтып отыратын. Сындарлы кезеңде көзге түскен жігіттің тасы расында, өрге домалады.
Целиноград облыстық комсомол комитеті, жоғары партия қызметтерінде жүрсе де арманына қанат бітірген Ереймен елі оған тек қана тілектестікпен қарады. Қуаныш ағамыз тіршіліктегі асқақ мұратына жеткен кісі. Өзі болған жігіттің тегін сұрама деген сөз бар. Бірақ, бұл ереженің біз үшін бөгеті жоқ.
Өмірі өнегеге толы жанның негізгі туған жері Целиноград ауданының Новоишимка селосы болса, балалық балдәурені өткен жер Астана іргесіндегі қазіргі атақты қазақ балуаны туған  Қажымұқан ауылы.
Қуаныш Алпысбеков қатарластарынан үнемі оқ бойы озық жүрді. Өмірлік мол  тәжірибесі мен техникалық білімінің нәтижесін ол халық шаруашылығының әр саласына жарата білді. Алты жыл бойы облыстық комсомол ұйымына жетекшілік жасаған Қуаныш Махмұтұлы Мәскеудің КПСС Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғалымдар академиясын уақыт оздырмай бітіріп алады.
Бұдан кейінгі еңбек жолы Целиноград қаласының Совет аудандық партия комитетінде жалғасын табады. Бірінші хатшы Қ.Алпысбековтың кезінде қалада іргелі өндіріс орындары, мектептер мен бала бақшалар аз салынған жоқ. Күні бүгінге дейін қалаға электр қуаты мен жылу беріп тұрған бас  «ТЭЦ-2» кәсіпорны, сондай-ақ,  әлеуметтік маңызы бар көптеген іргелі нысандар соның бірден-бір айғағы дер едік.
Қуаныш аға бұдан соң Алматы, Қостанай, Мәскеу партия  комитеттерінде шыңдала түсіпті.
Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдық-партия бөлімінің нұсқаушысы, ал,  Қостанайда облыстық партия комитетінің салалық хатшысы болса, Мәскеуге Орталық Комитетке жоғарылатылған тұста ол партия құрылысы – кадрлар жұмысы бөлімінің жауапты қызметкері міндеттерін атқарды.
Кеңес үкіметінің іргетасы сөгілген 1991 жылы Қуаныш Алпысбеков дереу елге шақырылады. Қазақ Үкіметі оған тәжірибелі, білікті басшы екенін ескеріп, республика  транспорты министрінің орынбасары қызметін ұсынады.
Тарихи маңызы зор кезеңдердің бірі – Ақмоланың ел Астанасы боп жариялануы. 1994 жылы республиканың алғашқы кәсіби Парламентінің депутаты Қуаныш Алпысбеков Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның болашақтағы елордасы  Астана болсын» деген ұсынысын алдымен қолдаған бастамашыл топтың ішінде жүрді.
Тағы бір ұмытылмас, ел жадында сақталатын ерекше кезең – Ақмола облысы орталығының Көкшетауға көшірілуі. Бұл міндеттің уақытында әрі абыроймен орындалуына тікелей атсалысқан  жанның бірі  ел ағасы – Қуаныш Алпысбеков болатын.
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Махмұтұлына сол кезде қыруар күрделі мәселелерді шешуге тура келді. Электр жарығы мен жылуы жиі болмай қалатын, облыс орталығы мәртебесінен айырылған соң жүдеу күйге түскен  Көкшетау қаласының тұрмыс-тіршілігін оң жолға қою  бастапқы бетте  оңай шаруа болған жоқ. Бірақ, сол тұста облысты басқарған азаматтардың еңбегі еш кетпеді.
Ақмола облысының әкімі Сергей Витальевич Кулагинмен бірлесе атқарған жұмыстарының жемісі мол болғанын  бүгінгі жылдан-жылға көркейе түскен  Көкшетауға  қарап жете түсінуге әбден болады.
Бұдан кейін Қуаныш аға 1999-2004 жылдары Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болса, 2004-2006 жылдары Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі арнайы өкілі, ал одан кейінгі жылдарда Қазақстан Республикасы  Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарады. Құрметті демалысқа шыққанша дамыл таппаған ол осылайша  егеменді еліміздің өсуіне, жедел дамуына көп еңбек сіңіре білді.
Бүгінде немере-жиендерінің ортасында бақытты өмір сүріп жатқан  Қуаныш аға мен Тыныштық жеңгейдің өз замандастары мен ізбасар бауырларына үлгі-өнегесі  көл-көсір. Ол әрдайым  Қазақстанның көркейіп, жастарымыздың саналы әрі тәрбиелі болып өсуіне тілектес. 
«Өмірдің  мұраты – бірлік қой. Басты мақсатымыз  да, жарқын жарасымымыз да  сол болсын» дейді көпті көрген, көп нәрсені көкейіне түйген  тәлімі мол, еңбегі зор  Қуаныш аға.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар