Біте қайнасып кеткенбіз

Менің атам мен әжем де талай ұлтты түп-тамырымен жойып жіберуге бағытталған сонау саяси қуғын-сүргін кезінде мыңдаған шешен отбасылары қатарында қазақ топырағына жер аударылған екен.  Тумысынан мейірімді қазақтардан пана тауып,  аман қалған біздер осы берекетті мекенде тамыр
жайып келеміз. 

Жалпы, өткенді еске алғанда, бірден: «Біздің тарихқа жіті көзбен қарап, парасаттылық танытып, бұл тақырыпты саясиландыруға жол бермеуіміз керек. Ашаршылық, жер аудару және адамдардың жаппай құрбан болуының себептері кеңестік режимнің қатаң саясатында жатыр. Қуғын-сүргіннің басты айыпкері – адамгершіліктен тыс тоталитарлық жүйе. Енді біз тарихымызға басқа қырынан келуге тиіспіз», − деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымды сөзі ойыма жиі оралады. Қалай десек те, бұл қаншама мемлекет тарихының ақтаңдақ беттері, қаншама жанның жүрегіндегі жазылмас жара.  Мен осы бір қасақана жасалған саяси әрекетке тиісінше баға беріп, одан сабақ алуға шақырып отырған Ұлт көшбасшысының көрегенді де байсалды ұстанымына тәнтімін десем, бұл артық айтқандық емес.
Жаңа жоғарыда атап өткенімдей, ата-бабаларымыз мұнда тағдырдың жазуымен күштеп қоныстандырылғанымен, олардан қалған ұрпақты бұл жерде ешкім зорлықпен ұстап отырған жоқ. Біз мұнда өз еркімізбен, жеке бас қалауымызбен тұрып жатырмыз. Себебі, осында тудық, осы топыраққа кіндік қанымыз тамды. Әркімнің туған жері, белін алғаш буған жері ыстық қой. Міне, сондықтан, өзімізді қазақтың бел баласы, осы егемен елдің теңқұқылы азаматы ретінде санайтынымыз заңды құбылыс деп ойлаймын. Қазір мен тұратын ауылда шешен ұлтының өкілдері көп емес. Солай екен деп, мен өзімді ешқашан жалғыз сезінген емеспін.
Отаншылдығым мен елжандылығымның  тағы бір айғағы – менің мемлекеттік тілді меңгеруім  дер едім.  Жергілікті ұлт өкілдерімен бала кезімізден асыр салып ойнап, бірге өстік. Содан да болар қалай қазақшаға судай болып шыққанымызды өзіміз де білмей қалыппыз. Әрине, бұл тұрғыда менің білім-білігімді ұштауға алғашқы ұстазым Ерден Абаевтың да қосқан үлесі орасан. Сол кісінің арқасында өмірден өз жолымызды тауып, Абай айтпақшы, мына дүниенің бір кірпіші  болып қаландық.  Қалап алған жарым да қазақ.  Бойына өз ұлтының бар игі қасиеттерін сіңіре білген жан жолдасым Ғалия екеуміз  жеті ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Құдайға шүкір, ұлды ұясына, қызды қиясына қондырып жатырмыз.
Өзім қырық төрт жылдық ғұмырымды арнаған «Нұра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де аудан өміріне игі әсер етіп, халықты жұмыспен қамтуға сеп болып отырғандығы да мені қатты қуантады.  Сонау кеңестік кезеңде  сонда еңбек жолымды қарапайым жұмысшы болып бастаған едім. Қажырлы еңбектің арқасында қызметтік баспалдақпен көтерілдік. Біраз қайта құру кезеңін бастан кешкен кәсіпорында табан
аудармастан қызмет еткенімді өзім мақтан тұта отырып, балаларымды да қиындыққа мойымай, барынша төзімді болуға  үндеп отырамын.
Төзімділік демекші, біздегі қайбір дүмшелер «толеранттылықты» төзу деп аударып, жұртты аздап адастырып жүрген сияқты. Қазақстан халқы бір-біріне төзіп, шыдап жүрген жоқ. Біз – біртұтаспыз, бауырмыз. Сондықтан да, айналамыздағыларға асқан сый-құрметпен және ерекше сүйіспеншілікпен қараймыз.  Ел ассамблеясының атауындағы «халықтары» деген сөздің «халқы» деген ұғыммен алмастырылуы менің осы бір сөзіме айқын дәлел бола алар еді. Ендігі жерде біздегі тілек – осы бір тұтас халықтың амандығы мен ел тәуелсіздігінің мәңгілігі болуы керек.  

Магамед СУКАЛОВ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар