Инновациялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар

«Нұр Отан» партиясының «Жоғары технологияларды дамыту»  сайлауалды бағдарламасы жөнінде  кеңес отырысы болып өтті. Оған осы сала бойынша  мемлекеттік органдардың мамандары мен бизнес өкілдері қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтановтың төрағалығымен өткен кеңесте облысымыздағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру жайы, оларды қаржылай қолдау мәселесі талқыланды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалының директоры Сәуле Әбішеваның айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде инновациялық шағын жобаларды қаржыландыруға арналған арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Осы бағдарлама шеңберінде кез келген адам инновациялық жобасын ұсынып,  3 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуына мүмкіндігі бар. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өз сайтында аталмыш бағдарлама бойынша конкурс өткізілетіні жөнінде жыл сайын хабарландыру береді.
Хабарландыру шыққан кезден бастап үміткерлер инновациялық жобаларын конкурстық комиссияға жолдай алады. Одан әрі конкурстық комиссия іріктеп алған жобаларды аймақтық консультативтік кеңеске ұсынады. Жобаны қаржыландыру мәселесін де осы кеңес шешеді. 2016 жылы жалпы ауқымы 136 миллион теңге болатын инновациялық жобалар қаржыландырылды. Дегенмен де, жоба авторларының бәрі бірдей жақсы жұмыс істеп, шаруаны дөңгелетіп әкете бермейтін көрінеді. Берілген қаржыны мақсатсыз пайдаланып, басқа шаруаларына жұмсайтындар да бар екен. Өткен жылы «Даму» қоры арқылы жеңілдікпен алған 10,2 миллион теңгені басқа мақсатта жұмсаған 4 кәсіпкерден ақша қайтарылып алынған.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин соңғы жылдардағы іске қосылған инновациялық жобалар жайында баяндады. 2010 жылдан бері облысымызда 19 ірі инновациялық жоба іске қосылыпты. Олардың арасында кірпіш шығаратын  «ENKI», өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын химиялық препарат шығаратын  «Astana-Nan Chemicals», күкірт қышқылын шығаратын
«СП СКЗ Казатомпром» компаниясы сияқты іргелі кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындар жалпы көлемі 13,2 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 1,5 миллиард теңгенің өнімін экспортқа шығарған.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жұмыс істейтін кеңес өз отырыстарында кәсіпкерлікті, жоғары технологияны енгізу арқылы экономиканы дамытудың жайына қатысты құнды ұсыныстар қабылдап, құзырлы органдардың назарына ұсынады. Кеңесте инновациялық жобаларды қолдау және дамытуға арналған бірқатар маңызды мәселелер айтылып, талқыланды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар