Қош келдің, Жаңа 2015 жыл!

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің құттықтауы

Қымбатты жерлестер!
Сіздерді Жаңа 2015 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Әр жылдың өз ерекшелігі бар, 2014 жыл да облыс тарихында өзінің айрықша ізін қалдырып, есте қалар оқиғалармен сипатталды. Біз Жылқы жылын шынайы ықылас ниетпен шығарып салып отырмыз. Себебі,  бұл жылы біз  меже тұтқан биігімізге жетіп, сенім артқан асуымыздан астық. Осының бәрі біздің одан әрі қарышты дамып, алға жылжуымызға қосымша қарқын қосты. Біз табалдырығымыздан аттағалы тұрған жылға да сергек сеніммен, үкілі үмітпен қараймыз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген де салмақты саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстанымыздың беделі биіктеп, абыройы асқақтап келеді. Бүгінде бүкіл әлем қауымдастығының   зор құрметін иеленіп отыр. Қазақстандықтардың да әл-ауқаты жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті нығая  түсті. Бір жыл мен екінші жылдың ауысуы – жаңа үміттердің тоғысқан айшықты кезеңі болып саналады. Өткен 2014 жылға артқан сенімдеріміз де ақталып, қолға алған игі істер босқа кеткен жоқ. Біздің жетістіктеріміз бірлік пен патриотизм сенімін нығайта түсті. Сосын да өтіп бара жатқан 2014 жылы жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің облысымыздың өнеркәсібі жеке индекс көлемі бойынша республикада алғашқы орынды (өңдеуші салада 107,7 пайыз) иеленіп, өнім көрсеткішін 105,6 пайызға жеткізді. Ал, индустрияландыру картасы бойынша 105,6 миллиард теңгенің 46 жобасы жүзеге асырылып, 5 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары ашылды.
Тұрғын үй құрылысы саласы да қарқын алды.
Енді мемлекет қолдауынсыз одан әрі даму жағдайына дайын екенін айтар едік. Биылғы жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша облысымызда 32 тұрғын үй (1400-ден астам пәтер) құрылысы жүргізіледі. Оның 15-і жалдамалы тұрғын үйлер, 9-ы тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі бойынша несиелік тұрғын үйлер болып табылады. Жыл бойы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемі 268 мың шаршы метрді құрамақ. Осының арқасында 2,5 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алады (оның ішіде 600 отбасы мемлекеттік бюджет қаржысына салынған тұрғын үйлер есебінен).
Біздің диқандарымыз да жақсы астық шығымымен қуанта алды. Себебі, біз республикадағы ең астықты өңірлердің бірі болып табыламыз. Өткен жылдың өзінде мол астық жинап, табысымызды еселей түстік. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы да жақсы істердің жаршысы болды. Біздің облысымыздың қалалары мен ауылдарының бет-бейнесін өзгертіп, мыңдаған жұмыс орындарын ашуға ықпал етті. Қаншама білім беру, денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үйлер және басқа да нысандар пайдалануға берілді. Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасы да нығая түсті. Рухани саладағы жұмыстар да жақсарып, көптеген елеулі оқиғалар өтті. Облыстың 75 және Көкшетау қаласының 190 жылдығы шынайы мерекеге айналды. Мұндай айшықты оқиғалардың тізбесін жалғастыра беруге де болады.
Енді біз бүгін 2015 жылы аталып өтетін ауқымды іс-шараларға дайындықты бастадық. Бұл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата заңымыздың қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл, біздің даңқты жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры, ғалым, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин мен жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы мерекелері болып табылады. Біз 2015 жылда үлкен серпілістердің жылы болатындығына сенімдіміз. Біздің халқымыз ортақ мүддеге тоғысып, ертеңгі күніне де шынайы сеніммен қарайды. Бүгін біз артымызға көз салсақ, Отанымыздың гүлденуіне ең дұрыс жолды таңдағанымызды, бұл жасампаз еңбек, тұрақтылық, өзіне сену және келешегіне сенім арту екенін айта аламыз.
Осы жылдарда біздің қол жеткен табыстарымыз алдағы жаңа жеңістеріміздің бастамасы болсын. Ал, Жаңа жыл біздің еліміздің мерейін биіктететін және әр отбасының әл-ауқатын жақсартатын жағымды жылға айналсын. Біз өтіп бара жатқан жылды зор ризашылықпен шығарып саламыз. Алдағы 2015 жылға да зор сеніммен қараймыз. Біздің әрқайсымыз келе жатқан жылға шынайы сенім артып, үміттерін үкілейді.  Ең бастысы, біз өз өміріміздің жаңа парақтарын ашамыз. Себебі, біз мықты мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және бұдан да асқақ жоспарларды жүзеге асыруға талпынатын боламыз.
 Құрметті, ақмолалықтар, Сіздерді Жаңа жылмен тағы да құттықтаймын. Жаңа жыл ең ізгі, ең жарқын отбасы мерекесі! Шаңырақтарыңызда қашанда жетістік, ынтымақ жарасым тауып, тыныштығымыз үстем болсын. Сіздердің ең жақын туыстарыңыздың да дендері сау болып, балаларыңыз бен немерелеріңіз тек қуаныш сыйласын. Жаңа жыл жаңа бастамаларда, мақсаттар мен табыстарда жаңашылдықтың бастауына айналсын!

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді келе жатқан 2015 Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – ең жарқын мерекелердің бірі. Біз әр жаңа жылды қарсы ала отырып, қуанышқа, болашаққа деген зор сенімге кенелеміз.
Тарих қойнауына  енген  2014 жыл біз үшін сәтті болды десек, артық айтқандық емес. Өздеріңізбен бірге әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізе алдық. Соның нәтижесінде өңір экономикасы да өсімнің тағы бір сатысын бағындырды. Жылқы жылы ойға алған жоспарларымызды іске асыруды жалғастырып, жаңа тұрғын үйлер,  денсаулық, білім беру, мәдениет нысандарын пайдалануға бердік.  Жылу және сумен қамту мәселелері де рет-ретімен шешіліп, өндіріс пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді.
Қымбатты достар! Келіп жеткен Жаңа жыл біз үшін  биік табыстар мен  ақталар үкілі үміттердің жылы болғай. Өздеріңізге  зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға береке, жұмыста табыс және ойға алған жоспарларыңыздың орындалуын тілеймін.
Нина ДЬЯЧЕК,
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы.

Құрметті ақмолалықтар!

Баршаңызды адамзат баласы зор үмітпен қарсы алып отырған Жаңа 2015-ші жылмен құттықтаймыз!
Халқымызға өткен жыл жақсы да табысты, тынышты да берекелі жыл болды. Жаңа жылдың да елімізге берер жақсылығы мол болар деген сенімдеміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана да кемеңгер басшылығының нәтижесінде тәуелсіз еліміз Қазақстанның әлем алдындағы беделі мен абыройы жыл сайын артып келеді. Біздің бұл сенімімізді Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы нығайта түскені бар. Жаңа жылдан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ құрамында интеграцияланудың жаңа да жауапты кезеңіне қадам басады. Бұл еліміздің экономикасын одан әрі нығайтудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашары да сөзсіз.
Баршамыздың алдымызда Тәуелсіз мемлекетіміздің жасампаздық жолын жалғастыру міндеттері тұр. Сол жолда баршаңызға табыстар тілейміз. Жаңа жыл әр шаңыраққа ырыс пен дәулет, бақ-береке, елімізге тыныштық пен жақсылықтар ала келсін.
Рәшит Әкімов,
Жабал Ерғалиев,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаттары.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді шын жүректен келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтаймыз! Өткен 2014 жыл нәтижелі де айшықты оқиғаларға толы болды. Туған еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуында мол табыстарға қол жеткіздік. Осы табыстарымыздың бәрі – Елбасының салиқалы саясатының жемісі.
Құрметті ақмолалықтар! Баршамыз Жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін күтеміз. Еңбектеріңізге табыс, жұмыстарыңызға үлкен жетістіктер, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Шаңырақтарыңыз берекелі, шуақты болсын, Жаңа жыл елімізге бейбіт өмір, халқымызға береке әкелсін. Әрбір жаңа бастамаларыңыз тек қана жеңіс пен сәттілікке үлесе берсін!
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық
филиалының Саяси Кеңесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар