Оқырманға бір ауыз сөз

Тағы бір таң атты. Бұл таң ерекше. Рауандап атқан Жаңа жылдың алғашқы таңы. Көп ұзамай сіздердің қолдарыңызға облыстық «Арқа ажары» газетінің жаңа жылдық алғашқы саны да тиеді. Сондықтан, мұндайда оқырманға бір ауыз сөз арнау әрбір басылымның жылдағы дәстүрі болса керек. 

«Арқа ажары» да өздеріңізбен бірге көне тарихтың тағы бір жылын артқа тастады. Өткен жылға өкпе артуымыздың жөні жоқтай. Шын көңілімізбен жақсылығы басым болғандығын бәріміз де мойындайтын шығармыз. Ескі мен жаңаның айырығында сіздерге аман-есен сөз арнап отырғанымыз да осы 2014-тің елімізге тыныш, халқымызға жайлы болғандығының арқасы демекпіз. Олай болса, сіздер мен біздер болып, тарих қойнауына сіңіп бара жатқан Жылқы жылына тағы бір алғысымызды айтамыз.
Жаңа Қой жылынан да күтер үмітіміз мол. Бұл жыл да жақсылық әкелсе, басымыз аман, бауырымыз бүтін болса дейміз. Осы бір ізгі ниетпен 97 жылдан астам шежірелі тарихы бар «Арқа ажарының» әрбір жаңа санын өздеріңізге күн аралатып, ыждаһаттылықпен ұсына түспекпіз. Ежелгі ықыласынан айнымай, газетімізге қайтадан жазылған оқырманға да, осы қатарға жаңадан қосылған ағайынға да мың да бір рахмет дейміз. Мемлекеттік газет болған соң, кейбіреулер біздің басылымдарда тек ресми материалдар ғана жария-ланатындай көреді. Газетімізді қолына ұстамай, білмей тұрып, осындай сәуегейлік жасайды. Ал, «Арқа ажарымен»  сырлас болып келе жатқан әркім оның беттерінен нағыз көкейдегіні қозғайтын сан алуан материалдарды табар еді. Кем-кетіксізбіз деп те айта алмаймыз. Басылымның бұрынғы тіс қаққан құрамы түгелдей дерлік жаңарған. Аяулы аға-апаларымыздың орнына кілең жастар келуде. Сондықтан, әлі де ізденеміз, толысамыз, ширай түсеміз. Бұл – «Арқа ажарының» мазмұны  Жаңа жылда да жаман бола қоймайды деген сөз. 8 мыңнан астам оқырманымыздың ықылас-пейілі  бізді осыған жетелейді.
Олай болса, баршаңызды да қасиетті еліміздің табалдырығынан аттаған Жаңа 2015 жылмен құттықтап, өмірдің бар шаттығы мен қызық-қуанышын тілейміз. Мал-жанымыз аман, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып, тек  жақсылықпен жүздесіп тұрайық!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Ақмола облыстық «Арқа ажары»
газетінің бас редакторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар