Тарихы тағылымды ұлтпыз

Ұлт тарихының ең өркешті де, белесті кезеңі – оның ұлт болып ұйысып, ел болып құралып, жеке шаңырақ боп, ұлттық мемлекеттік негізін құрау кезеңдері болса керек. 2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы болғанымен, біздер үшін аз да, көп те емес.

қазақ деген атпен көрінуі ғана. Біздің көршіміз Ресейдің өзі Ресей деп тек 1720 жылдан кейін Петр-І-інің тұсында ғана аталғанын еске тұтайық. Оған дейін ол Мәскеу мемлекеті, Мәскеу патшалығы деп аталған. Біз кеңестік кезеңде өмір сүрген кезде жеке ел, мемлекеттілік деген тәтті үміт, арман ғана болатын. Мектептердегі Қазақ КСР тарихы оқулығы биттің қабығындай жұп-жұқа болатын.   Кеңестер Одағының Конституциясында Қазақ КСР басқа одақтас республикалар сияқты тек қағаз жүзінде ғана мемлекет деп саналатын. Ал, іс жүзінде Кеңестер одағы унитарлы мемлекет болды. Одақтас Республикалардың еркі шектеулі. Ол халықаралық қатынастардың субъектісі болған жоқ.
Сол кездерде ертегі, жыр-дастандардан тарихи жанрдағы шығармалардан қаған, хан, патша деген билеушілер бар екенін естіп, біз де бір кезде жеке мемлекет, орда, бірлестік атандық-ау деген ойға қалатынбыз. Тарихтың тұңғиығына бойлай алмайтынбыз. Тек Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді, Жиенбет, Бұқар, Үмбетей толғауларынан бір кездегі азат кезеңіміздің жаңғырығы естілетін. Осыған қанағаттанатын кезіміз болды. Азат кездің елесі тек қана осы рухани мұраларымызда, фольклорлық ескерткіштерімізде сақталды. Ұлт тарихының мұндай кезеңін этнологияда ғұлама тарихшы Лев Гумилев «Мемориалдық фаза» деп атаған болатын.
Қазақ мемлекеттілігі хандық жүйеге негізделді. Ертеректе ғұн, түркі дәуірлерінде қағандыққа негізделгенмен, бертінде хандық жүйе орын алды. Қыпшақтар, оғыздар өз бірлестіктерін хандық деп атады. Шыңғыс ханды қаған деп атағанмен, ал құрған алып империя хандық жүйені басшылыққа алды. Хұлағуда, Шағатай да, Құбылай да, Жошы да бірлестіктерін хандық атады. Оның негізін орда атанған саяси бірлестік құрады. Орда сөзі тек қана көшпелі қоғамға ғана тән саяси аталым. Шыңғыс хан империясынан бөлініп шыққан Алтын орда да, ол ыдырағаннан кейін оның орнында бой көтерген, пайда болған ордалар да хандық аталды. Тіпті, Осман империясын басқаратын түрік сұлтандары да өздерін хан атапты. Мысалы, Сұлтан Селим хан, Сұлтан Сүлеймен хан, тағы да басқалар.
Бұл орда аталған хандық жүйе тек қана көшпенділер қоғамына ғана тән саяси институт, билік түрі болды. Ханды классикалық монархиялық жүйе орныққан батыс пен шығыстың король, император, князь, шах, патшаларымен салыстыруға болмайды. Хан абсолютті биліктің иесі емес, ол билер кеңесі, хан кеңесі, батырлар кеңесімен есептесіп отырған.
 Лев Гумилевтің пайымдауынша көшпенділер қоғамындағы саяси билік жүйесі далалық әскери демократияға негізделген. Ханды халық болып сайлайды. Бозбиенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге салып хан көтереді. Мұны бәрі дала демократиясының көріністері. Тарихи танымы, пайымы мен зердесі тек қана еуропа тарихының, отырықшы мемлекеттердің тарихымен шектелгендер мұны көп түсіне бермейді. Соның арқасында қазақта мемлекет болған жоқ деген жаңсақ, бір жақты, ұшқары пікірлерге орын алдырады. Біздің оқымыстыларымыз көшпелілер қоғамының спецификасын, өзіндік стихиясын жете түсінгендері жөн бе деп ойлайсыз.
Көшпелі өзбек ордасының билеушісі Әбілқайыр билігінен бас тартқан Дешті қыпшақ руларын соңдарына ерткен Керей және Жәнібек сұлтандар Батыс Моғолстандағы Қозыбасы деген байтақ қоныс пен Шу өзенінің бойында дербес хандықтың туын көтеріп шығады. Кейін бұл хандық Қазақ ордасы деп атала бастады. Ортағасырлық атақты ғұлама Мұхаммед-Хайдар Дулатидің жазуынша бұл оқиға 1456 жылы болған.
«Кейінгі зерттеушілер 1465 жылды, 1470 жылды, тіпті бұдан соңғы кезеңдерді аптап жатады. Бұл тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ ордасының ту көтеріп, ірге бекітуі тек Әбілқайыр кенеттен қайтыс болған соң ғана жүзеге асқан сияқты. Осыған дейінгі ұзақ 12 жыл тепе-тең күрес үстінде өткені есепке алынбайды. 1465-1470 жылдар хандықтың құрылған емес, нығайған уақыты. Халықтың өз тәуелсіздігін жариялаған емес, көрші жұрттарға бір жола танылған мезгілі. Түптеп келгенде, мұның бәрі Қазақ тарихының бастауын мүмкін болғанынша кейіндету талабының бір көрінісі ғана» (Мұхтар Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. Алматы, «Қазақстан» 1995. 12-бет).
Саяси бірлестікке атауын берген қазақ сөзін сан-саққа жүгіртушілер бар. Қалай дегенмен де, осы сөздің этимологиясы: ержүрек, батыл, тұрақтылықты білдіреді. Осыған байланысты тарихшылар С.Кляшторный мен С.Тұрсыновтар мынадай пікір білдіреді:
Выше, при изложении политической истории Казахского ханства второй половины ХV в., уже говорилось, что эта группа людей из Узбекского улуса какое-то время скиталась в степях Семиречья и получила название «узбеки-казахи». Парное название не должно нас ни удивлять, ни смущать. В рассматриваемую эпоху случаев, когда слово казах с нарицательным значением прилагалось к названию отдельных народностей, этнических, политических и т.п. групп и даже к собственному имени отдельных лиц, были монгольские казахи, ногайские, делитские казахи, аужур казахи (на Кавказе), а также «казахи эмира Танбала», «наши казахи» (слова Бабура), «Шибан казахи» и т.п. Надо полагать, что употребление автором «Тарих-и Рашида парного термина «узбеки-казахи связано именно с этими обстоятельствами, то есть ему было хорошо известно значение слова казах, которое служило и для обозначения казаков (казахов), как уже вполне обособившейся к его времени (начало 30-х годов ХVІ в.– время его удалений) этнической общности, и для обозначения разного рода вольниц, к какой бы народности они не принадлежали. Так что, употребляя парный термин, Мухаммед Хайдар как бы подчеркивал, напоминал своим читателям, что казахи Гирея и Джанибека и их потомки являются выходцами из Узбек-Казахстана. Летопись трех тысячелетий. Алма-Ата «Рауан», 1992).
Дешті қыпшақтың бұрын «өзбек» атты ортақ жинақтаушы атпен аталатын халқы енді өзбектер (шибаниттар), қазақтар және маңғыттар аталды. Бұл туралы Шайбани ханның сарай тарихшысы Ибн-Рузбихан айқын жазды. Темір ұрпақтарының Орта Азиядағы билігі құлап, оның орнына Шыңғыс ханның немересі Шибақтың әулеті билік құрды. Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларының Темір ұрпақтарының мемлекетінің иеліктерін жаулап алуы, қазіргі өзбек пен қазақ ұлттарының этносаяси тарихындағы маңызды оқиға болды.
Қазақ ордасының негізін салған Керей мен Жәнібек хан ежелгі түріктің қият руынан тарайтын қазақтың үш жүзіне ортақ төре руынан тарайды. Арғы бабалары – Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Тоңай-Темір, одан Өз-Темір, одан Қожа, одан Бәдіғұл оның ұлы атақты Орыс хан. Орыс ханның жеті ұлының үлкені Тоқтақия хан, ортаншысы Құйыршық хан. Тоқтақия ханнан Болат туады. Болаттан қазақтың Керей ханы, Құйыршық ханнан атақты Барақ хан туады. Барақтың ұлы қазақтың Жәнібек ханы. Керей мен Жәнібек хандар үшінші атадан табысады. Бұлардың бәрі Көк орданың айбынды ханы Орыс ханның шөберелері.
Бұл біртұтас орда құрған қазақ халқының ұлттық ұраны – «Алаш»,  мемлекеттік елтаңбасы – «Төре таңба» аталатын, Алтын орда тұсында қалыптасқан діңі бір үшем бітік. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту.
Қазақ ордасының астанасы әуелде Созақ, кейін Сауран, одан кейін бүкіл түркі жұртының тәу ететін орталығы Әзірет Сұлтан дүрбісі тұрған қасиетті Түркістан шаһары болды.  Қазақ хандығының әйгілі хандарының қатарында Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан,  Кенесары хандар болды.
Қорыта келгенде, қазақ хандығының бастау тарихына байланысты азды-көпті пікіріміз осындай. Осы тұрғыдан алғанда, 2015 жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетін тарихи жыл болғалы отырғаны әрине, үлкен қуаныш.
Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар