Жадымда тұр жаңғырып

Ұзақ жылғы журналистік қызмет жолымда есімде ескірместей болып, сәулесі көмескіленбей қалып қойған сәруәрлі сәт бұрынғы Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде өткен жылдарым еді дегенді еш бұлтақ, бүкпесіз айтар едім. Өйткені, газет ұжымындағы редактордан бастап, бөлім меңгерушілігіне дейін қамқорлық пен бауырмалдықтың шынайы көрінісін сезіндім.

 

Амантай Кәкенов, Болат Бабақов, Жомарт Әбдіхалықов, Октябрь Әлібеков, Мәди Хасенов, Жарасбай Нұрқанов тәрізді тұстас замандастарымның ыстық ықыластары, Шәмшиден Дәуітов, Қайыркен Сұлтанов, Әмір Нұркішев тәрізді ағалардың алқаусыз адал көңілдері шеттен келдің деп шетқақпай етпей жақын тартып, бауырларына алулары жаңа ортаны жатсынбай еркін жүруіме ерекше жағдай жасады. Әсіресе, кілең қазақтар бас құраған ұжымдарда бола бермейтін үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету қалыбы біз сияқты қылқан жастарды да тек ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиеледі. Бәріміздің табысымыз екіншімізге қызғанышы жоқ риясыз қуанышымызға өріс ашты. Әріптестеріміздің қаламынан құбылып түскен әрбір материал сәтті шықса бізді де алға жетеледі, осылай жаза алсақ деген ізгі талпыныстарға, ізденістерге жол ашты.
1968-1972 жылдар аралығында осы газетте өткен аз ғана уақыт мен үшін өмірлік мәні мол, мағыналы да мазмұнды болды дегенді айтамын. Өйткені, осы газет арқылы Ақмола алабының аудандарын аралай жүріп көптеген тарихи тұлғалардың атына қанықтым, олардың туған ел алдындағы атан артпас ауыр жүкті жолда қалдырмай алға апара алғандықтарынан хабардар болдым. Мәселен, Ерейментау өңірін аралағанда алғаш рет Саққұлақ, Бапан билер, қанжығалы қарт Бөгенбай батыр, Үмбетей жырау есімдері күні бүгінге дейін көңіл төрінде тұрақтап қалыпты. Ерейментауға қатысты Иман Жүсіп әңгімелері де тарих тереңіне тартар тағылымды дүниелер еді. Ал, Қорғалжын өңірінде де талай қызғылықты жағдаяттарға тап келдім. Мәселен, атақты «Дударай» әніне қатысты Мәриям Жагорқызы мен Дүйсен арасындағы махаббат хикаялары да бейжай қалдырмап еді.
Ақмола өңірінде шежірелі қарттар да аз болмайтын. Мәселен, Ғалымжан Мұқатов, ақын апамыз Рысты Шотбаевалар газетке жиі келіп, әдебиетке әуестігі бар біздермен әңгіме дүкенге арна ашып, білмекке құштар сезімімізге нұр сәулесін себезгілетіп кететін.
Облыстық «Коммунизм нұры» газетіне қызметке келгендегі алғаш іссапарым есімде. Өзіміздің «Көкшетау правдасы» газетінде өткен екі жылдық «тәжірибемді» осы сапарда дәлелдеуге тура келді.
Арнайы тапсырмам «Волга-Дон» колхозының председателі Социалистік Еңбек Ері Кан Де  Хан туралы материал жазу еді. Жаяулап-жалпылап түске таман жетіп, тура басшының кеңсесіне келдім. Колхоз басшысы бірден қабылдады. Тапал бойлы кореецтің шиыршық атқан жасамыс адамы жылы қабақ танытты. Ойым данқты басшының кешке дейін қасында болып, бір күнгі жұмыс істеу тәжірибесінен сөз тартсам дедім.
Бір кезде қалааралық телефон шырылдады. Басшы әлдекіммен емен-жарқын бастаған әңгімесін қабақ шытып аяқтады. Басын шайқап отырды да:
– Целиноградта оқитын қызым ғой. Машинаңды жібер дейді. Қазіргі жастар аяқ басуға ерінеді. Ағылған автобустың біріне мін дедім. Біз бұлардың жасында күріштікте бел жазбай белуардан су кешіп жұмыс істедік қой, – деп күрсініп қойды.
Иә, Кан Де Хан өз орнына лайықты іскер басшыдай терең әсер қалдырды. Түні бойы отырып, «Председательдің бір күні» деген очеркім редактор Әнуар Ипмағанбетовтың алдында жатты. Жедеқабыл жарық көрді. Ағаларым да, әсіресе, Болат Бабақов көтермелей сөйлеп мақтауымды асырып жібергендей болды.
Иә, жақсы күндер, есте қалған кездесулер, қимас достармен бірге жүргендерім күні бүгінге жадымда тұр.
«Тіршілік» Ақмола Совдепінің органы еді. Оның бастауында дауылпаз Сәкен Сейфуллин тұрды. Кейіннен Совет құлап, газет жабылып қалды. Дегенмен Ақмола алабындағы қазақ тіліндегі тұңғыш басылым осы еді. Сондықтан, Ақмола облыстық газеті өз бастауын «Тіршіліктен» алуы орынды еді. Содан бері де газет атауы сан рет өзгергенімен, алған бағыты, ұстанған принципі өзгерген емес. Қай кез, қай қоғамда өмір сүрсе де ел мүддесі, халықтың арман-аңсары алдыңғы кезекте сөз болып келеді. Журналистердің  кәсіби мамандықтарды игеруі де әр буын ауысып, алмасқан сайын жетіліп, шеберліктері ширай түсуде. Өйткені, газет ұжымы алдыңғы толқын ағалар дәстүріне адал, сол адалдықтарынан алда да айнымаса екен деймін.
100 жыл!
Бұл айтуға ғана оңай уақыт өлшемі. Осы жолда Сәкен аға айтқан талай «Тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Абыройлы өтті. Әсіресе, кешегі тың игеру кезеңінде орыс-қазақ тілді басылымдар өздеріне жүктелген миссияны ауырсынбай алға апара білгендігіне куә болдық. Тың өңірінің он сан диқандарының қажырлы еңбектерін еңселі биіктерге көтере жырлады.
Мен де өткенге көңіл көзін қадаған сайын бүгінгі «Арқа ажары», кешегі «Коммунизм нұрында» бірсапта қалам тербеген әріптес аға, замандас, інілерімді сағынышпен еске аламын. Әрине, олардың көбі өмірден ертелі-кеш өтіп кетті. Бұл енді біздің тілегімізге тәуелсіз болмай қоймайтын құбылыс. Сөз соңында айтарым бүгінгі «Арқа ажарындағы» бауырлас інілерім мен қарындастарыма қуанышты күндерің көп болғай, зор табыстар тілеймін, абырой биігінен көріне беріңіздер!

 

Төлеген Қажыбай,
зейнеткер журналист.

 

 

Аян

 

(қасірет дастаны)

 

Сәкен мен Гүлбаһрамның сүйікті жалғыз ұлдары, шаһит кешкен Аянның рухына.
Автор.

 

Топшысы темір тіршілік,
Талпына алмай жаттың ба?
Періште жаның түршігіп,
Мұнарлы мұңға баттың ба?

Зұлматты кезең нәубетін,
Шыбындай жаның сезді ме?
Сейфуллиндердің әулетін,
Есірік заман езді ме?

Көңілің әлде ұқты ма?
Тағдырын ғазиз әкенің.
Жауыздық жардан жықты ма?
Қазақтың сұңқар Сәкенін.

Тағасы болат тұлпарды,
Салмаған ешкім ауыздық.
Сұлатып салды-ау сұңқарды,
Жымысқы жыламаң жауыздық.

Аз ба еді тартқан азабы,
Тайғақтан табан таймаған.
Жоқшысы жалғыз қазағы,
Сол үшін белін байлаған.

Ертеңін ойлап жұртының,
Жоғалтқан жоғын жоқтаған.
Намысын қайрап ұлтының,
Сыпыр деп басты ноқтадан.

Жырлары жалын қақтаған,
Қырандай күнде түлейтін.
Арманы тұлпар ақтабан,
Алдынан бақыт тілейтін.

Сұлулық еді-ау іңкәрі,
Селінен сезім жаралған.
Бидайық құстың сұңқары,
Таң нұрымен таранған.

Көкшесін сүйген табынып,
Тәу етер қағбам сен деді.
Арына ғана бағынып,
Ажалды оққа сенбеді.

Тілегі өлім емес-ті,
Өмір деп соқты жүрегі.
Ермек етпей елесті,
Жасқылық тосып тұр елі.

Бейнетқор жұртын жетелеп,
Жетсем-ау деді жарыққа.
Қуаныш сыйлап еселеп,
Әперсем деді халыққа.

Сол үшін тартып азапты,
Көнгенді небір зорлыққа.
Күреске бастап қазақты,
Көнбейміз деді қорлыққа.

Мінді де тұлпар тағалап,
Асығыс тез аттанды.
Бетпақтың бойын жағалап,
Тұзаққа түспей шақ қалды.

Демікпе жандай ентігіп,
Алқымда қалған арман-ай.
Тұлпарым оқыс мертігіп,
Сенімнің әдіра қалғаны-ай!

Өтті де солай алмасып,
Болжаусыз өмір баяны.
Тірлікпен титтей жалғасып,
Артында қалды Аяны.

Сормаңдай сәби тағдыры,
Сезімді қарыр сыз болып.
Ананың әлди зар мұңы,
Жүректе қатқан мұз болып!

Бейкүнә сәби егіліп,
Әкенің жолын тосады.
Жас болып күнде төгіліп,
Жоқтайды жарын қосағы.

Сәкенсіз қалып Сары Арқа,
Сабылды сана сандалып.
Жампозын жоқтап Жаңа Арқа,
Салтанат, сырлы ән қалып.

Иманақ түскен иінің,
Боздайсың іздеп арысты.
Баса алмай іште күйігін,
Мұқалтып мұңмен намысты.

Аянды  қалған жетім деп,
Аймалап, сүйсең нетеді.
Қайғыдан көңіл кетілмек,
Өзімен бірге кетеді.

Әкенің қалған жейдесін,
Баурына басып жатады.
Есіне алып бейнесін,
Ұйқысыз таңы атады.

Ұлым деп ерек өбектер,
Әкесі пана бел еді.
Соңынан қалмай дедектеп,
Кімдерге енді ереді.

Жаутаңдап мойыл жанары,
Әркімге бір сүзілген.
Сандалтып сәби баланы,
Өтеді күндер тізілген.

Әкесіз мына тіршілік,
Аянға тастай батады.
Өксіктен демі тұншығып,
Талықсып барып жатады.

Әкесі қайда, ұқпайды,
Соншама неге кешікті.
Дидары естен шықпайды,
Аңдиды анау есікті.

Есігі үйдің таскерең,
Кірмейді, ешкім шықпайды.
Әкесі қайда ақберен,
Аянжан тіпті ұқпайды.

Ұқпайды тірлік наласын,
Сәби қайдан сезінер.
Аймалап жатып анасын,
Өксіп барып көз ілер.

Қарғылы иттей қорқаулар,
Ісіңді жатқа жориды.
Жауыздық бар да, қорқау бар,
Кірпік ілмей ториды.

Солар ғой жалғыз панаңды,
Ажалды оққа байлаған.
Ұғынбай жатып ғаламды,
Келсін-ау қайдан ой саған.

Анаңның ыстық құшағы,
Ғаламның ғажап бесігі.
Жаныңды тербеп құс әні,
Ашылған өмір есігі.

Сен де ертең ержетіп,
Өмірге сергек қарайсың.
Есіңнен шығып кем-кетік,
Өзіңді ерге балайсың.

Әкеңді білген қалың жұрт,
Құрметін сенен жасырмас.
Жымысқы ұры кей бір қырт,
Жаулығын бастан асырмас.

Әкеңді жау деп қаралар,
Қарғылы иттер әлі бар.
Жас жаныңды жаралар,
Олардың да «әні» бар.

Есіңде болсын, Аяным,
Әкең сенің ұлы еді.
Жырлаған азат баянын,
Адалдықтың құлы еді.

Билікке басын имеген,
Арда ұлы ғой қазақтың.
Арманын алға сүйреген,
Жесе де жанын азап мұң.

Жалынды жырдың жолында,
Алау болып жанды ол.
Қосылмай қорқау тобына,
Сол биікте қалды ол!

Сен осындай асылдың,
Ардақ тұтқан ұлысың.
Алдында мынау ғасырдың,
Қызмет етер құлысың!

Әттең, бұған жоқ амал,
Арман болып қалды ғой.
Ажал деген – қу тажал,
Құшағына алды ғой.

Егіліп біз де үмітпен,
Ұзасын дедік өмірің.
Арылып ада күдіктен,
Көркейсе дедік көңілің.

Жалғыздың жары өзіңе,
Еткендей едік құлшылық.
Сенгендей едік сөзіне –
«Құдайсыз сынбас бір шыбық»

Азапқа төзбей жүрегің,
Талықсып барып тоқтады.
Үзіліп солай тілегім,
Қызуы сөнген шоқ қалды.

Қаралы тағдыр белесін,
Қалдырып  жаны жаралы.
Өлген сәби денесін,
Арқалап ана барады.

Әкең сүйген Көкшетау,
Болды ақтық тұрағың.
Өсе алмадың есен-сау,
Арманда өткен Ұланым.

Азалы анаң қасыңда.
Тыпыршып жүрек тынды ма,
Арсыз ажал басыңда,
Салтанатын құрды ма?

Көтеріп тірлік қайғысын,
Анаңның белі талыпты.
Баянсыз, бақсыз, байғұсым,
Жапанда жалғыз қалыпты.

Қызыл қурай басыңда,
Қасірет күйін шертеді.
Не сыйламақ расында,
Қаралы күннің ертеңі.

Таппай жүрмін мүрдеңді,
Жусаннан басқа белгі жоқ.
Жапқызбай жүр іргемді,
Өмір – жалын, өлім – шоқ!

Қара жер жатыр қасарып,
Қайғылы көзден жас ағар.
Көктем сайын жасарып,
Қызыл қурай жасанар.

Күз келгенде әр таяр,
Солып, семіп, қурайды.
Ол да сұлап жантаяр,
Баста дәурен тұрмайды.

Елекке түсіп сүзілген,
Өтер бәрі, досым-ай,
Таспиық тастай тізілген,
Өмір заңы осылай!

Аян зары тым ауыр,
Мұңайма, жаным, мұңайма.
Әке, аға, жоқ бауыр,
Не жазып ек құдайға?!

Обалың қарғыс қоғамға,
Қарғылы иттер мекені.
Сыйлаған өлім адамға.
Өксігім қашан жетеді.

Күйігін жанның басам да,
Деймін нұрың шалқысын.
Ажал ортақ қашан да,
Жалпы үшін де, жалқы үшін.

Күнде мейлің, күндеме,
Жанымда менің мұң басым.
Белгісіз қалған мүрдеңе,
Орнатқан жырым –  көктасым!

Суреттерде: кішкентай Аян анасы Гүлбаһрам Сейфуллинаның қолында; Көкшетаудағы ескі зиратта Аянға қойылған ескерткіш белгі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар