Сәкен серінің «Рузтайы»

Тележурналистиканың формалары, жанрлары көп. Әрі бүгінгі таңда ол ақпарат құралының жылдам, әрі мың құбылып, жүректерді жаулаған ең бұқаралық түріне айналған. Оған қатысатын  шығармашылық және техникалық қызметкерлер де көп. Аса жауаптылығы да сонда. Редактор жаспын, тәжірибесізбін деуге құқы жоқ мамандық. Осыдан-ақ, оған жүктелетін жауапкершілікті межелей беріңіз. Осы қиын да аса жауапты жолды таңдаған, тележурналистиканың алғашқы ізашарларының бірі, ортамызда жүрген қаламгер Роза Жүніс.

 

Ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім ала жүріп, Темірғали Нұртазин, Бисенбай Кенжебаев сынды профессорлардың алдын көрді. Ал, Алматыда тұрып, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы» компаниясында сан алуан топтамалардың редакторлық қызметін атқарған жылдары осы саланың корифейлері Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Ғәділбек  Шалахметовтердің тәлім-тәрбиесін көргенін мақтан етеді.
Тележурналистика, бір жағынан – әдебиет жанашыры.  Алматыдағы республикалық «Қазақстан»  арнасындағы әу бастағы қызметі де киноредакция бөліміндегі редакторлықтан басталған. Сол кәсібіне қолынан қаламы түспеген білікті тележурналист әлі күнге адал екендігіне мақаламыздың өн бойында неше мәрте оралатын боламыз.
Жалғыз бұл жәйт емес, бағамдай білсек, Роза Жүніс бар ғұмырын  әдебиет пен өнер саласына жұмсап келеді. Оның өзіндік себебі де бар… Қарабарқын топырағы бұйра-бұйра қыз бұрымындай созылып жатқан Көкшенің шалғайындағы жәзира даланың төсінде осыдан сексен жыл бұрын жапан түзде өсіп шыққан Кішкенекөл  – топырағы қасиетті, халқы ұлттық салт-дәстүрді берік сақтаған өңір. Жазушы Сәкен Жүнісов, әлемдік опера жұлдызы Ермек Серкебаев, басқа да ғалымдар мен жалын атқан қоғам қайраткерлерінің  кіндік қаны тамған жер. Тарихтан мәлім батырлары қаншама.
Солтүстік өңірдің даңғайыр жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің туған қарындасы Роза Нұрмаққызы да  екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы қазақ жеріндегі неше дүркін саяси-әлеуметтік дүмпуді өз басынан өткеріп, соның бәрін жүрегінде сақтап қалыпты. Кез-келгенге бұйырмаған ерен зеректік қой бұл.
Ұстаздар әулеті, өнерлі отбасы –  ата-анасы Нұрмақ пен Мағрипадан қанға тараған дарын зая кетпепті. Мағрипа анамыздың өнерге бейімділігі, тамаша әншілігі бұл шаңырақтың ел ішінде беделін көтере түсті. Домбыра тартып, халық әндерін тамылжыта орындауы, әсіресе, соғыстың қаралы жылдары халықтың еңсесін көтерді. Әлі өріс алмаған мәдени ошақтардың алғашқы іргетасын қалады десе де болады. Әкесі Нұрмақ Кішкенекөл мектебін халық мектебі дәрежесіне көтерді. Ел іші сталиндік зұлматқа ұшырап жатқан жылдары халыққа  білім беру саласын елдің мүддесіне орайлас-
тыра білген Нұрмақ Жүніске аудандық оқу бөлімін басқару тапсырылып, ол рет-ретімен  сол маңдағы барлық кішкентай ауылдарда мектеп  ашты.
Ағасы Сәкеннің қолжазбасын алғашқы болып оқып, қаламсапқа бірге таласып-тармасып өскен шынашақтай қыз  әдебиетке де ағасымен бірге келді деуге болады. Сонымен қоса, солтүстіктің басынан өткен небір солақай саясаттың зардабын ол да бастан өткерді, жүректен өткізді. Тың игеру жылдарындағы арпалыс, аралас мектеп деген желеумен орыс мектептеріне басымдылық берілуі, «орыс тілін білмесең – адам болмайсың» дейтін жалаулаған ұранның белең алуы, одан қалды, қазақ қыздарының еліктегіш, жағымсыз қылықтарын көзбен көруі қынжылтты. Қынжыла жүріп, «бас кессе де, тіл кеспек жоқ» деп, салт-дәстүрге адалдық, тіл тазалығы жолындағы күреске Сәкен ағасы  қолына қалам алып қалай араласса,  есейе келе өзіндік жолмен бұл да араласты.
Өмір жолын саралай отырып, әулетімен ұлт саулығы жолында қызмет еткен Роза Жүністің мына бір әңгімесі ойлантқандай. Бұл күйді мен де, ол да, барша солтүстіктер де бастан кештік емес пе. Соның «жемісін» әлі де көрудеміз. Иә, «арқа жайлы болса, арқар ауып» несі бар…
«Сөнбейді жаққан шырағың» атты кітабында Роза Жүніс айқайлап айта алмаған сол ащы шындықтың бетін ашыпты. «Алматы қаласындағы жоғары оқу орны – С.Киров атындағы Қазақ  мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, Целиноград қаласына келген кезім. Мақсат – алған білімімді әкем Нұрмақ дүниеге келген елде жас ұрпаққа тарату.
1964-1965-ші жылдар аралығы. Тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласы орыстілді жастардың мекеніне айналып кеткеніне біз секілді қазақтілді жас маман қыз-жігіттердің көзі айқын жеткендей еді. Қалада бір ғана Жамбыл  атындағы үшінші қазақ мектебі, қазақ тілінде шығатын бір ғана газет «Тың өлкесі». Қаншама қаламы жүйрік журналист-филологтардың қабағы қатыңқы. Талай есік ашылып жабылды. Қазақ тілі десе ат-тонын ала қашатын заман туды. Әкемнің елінде қызмет істеймін деп лепіріп келген көңілім су сепкендей басылды.
Тың өлкесіне айналған Солтүстік Қазақстанның қалалары түгіл, ауылдарында да қазақ мектептері жабылып, аралас мектептер басымдылық алып,  ұлттық трагедия осы тұстан басталды».
Иә, автордың бұл тұста айтпағы, үстемдік саясаттың салдарынан әулетімен «ана тілін қастерлеу керек» дей жүріп, «ана тіліңді білу тектілік» дей жүріп, далада қала жаздағаны. Абырой болғанда, Целиноградта жаңадан бой көтеріп жатқан жергілікті теледидарға қызметке орналасу мүмкіндігі туады.  Енді қалыптаса бастаған Целиноград студиясындағы бар қиындық пен қуанышты бірге көтеріскен,  өзіне жол көрсеткен жас әріптесі, кейін сырлас  құрбысына айналып кеткен Шолпан Баймолдинаны қимас көңілмен еске алып қояды. Мұнда да ол қазақ мектептері, қазақ тілі жайлы көкейтесті хабарларды  ұйымдастыруымен басшылыққа жақпай қалып, қудалауға ұшырайды. Ақыры, одан соңғы еңбек жолын Алматыда жалғастыруына тура келген. Қайда жүрсе де Сәкен ағасы оған жол көрсетер шамшырағы-тын, ал, бүгінде  тағдырдың жазуымен Сәкен ағасының шырақшысы, әдеби мұрасының насихатшысы.
Соңғы он шақты жылдың көлемінде Сәкен серіні іздесек, алдымен, Роза Жүністі іздеп тауып, соған жүгінетініміз де содан. Сәкен ағасы көзі тірісінде «менің қанатым» деп кеткен Розасы сол үдеден көрініп жүр. Сәкен сері ортамызда  жоқ болса да, оның әдеби мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, дәріптеп, рухын қайта-қайта тербетіп отыратын Роза Жүніс екенін Алматы мен Астана қаласының зиялы қауымы  жақсы біледі. Және де оның бойындағы бір ізгі қасиет, ол тек ағасының ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры.  Отырған ортада Роза Жүнісқызы тек әдебиет пен өнер, кезінде өзі дәмдес болған игі жақсылар мен жайсаңдар, Алматыдағы өзі талай қатысқан әдеби отырыстар жайында сыр шертуден шаршамайды. Ер мінезді, қағылез жанның әйел болып артық-ауыс айтқан сөзін естіген емеспіз. Пендеміз ғой, кейде  кілең әдебиет жайлы әңгімеден «жалығып» кетеміз. Бірақ, тыңдай отырып, қандай керемет жандармен пікірлес болғанын, кейбір «аңыз» боп кеткен жәйттерді көзкөрген жаннан есту ерекше әсер қалдырады. Кезінде провинциялық қалада қызмет еткен біздер үшін Роза Жүніс жүрген орта қол жетпес бір шың секілді. Шынында да солай. Қарапайым тілші біздер кесек-кесек тұлғаларды, тек сырттай танып-біліп, қазақ халқы үшін жасап жатқан қызметіне сырттай тәнті болып, ел тағдыры солардың қолында деп тоқ көңілмен жүрдік. Өйткені, ел мұраты үшін қажетті тұста қарақылды қақ жара, алмастай жарқылдайтын да  солар-тын. Әдебиет пен өнерді биік мінберлерден қорғайтын олар тұрғанда  ұлттың тілі мен сөзі мәңгі өлмейтіндігіне сенімді ек… Сөзім дәлелді болу үшін тағы бір мысал келтірейін.
Солтүстіктің қазақтары маңдайымызға біткен  әділдік жаршысы, елге келсе тік көтеріп әкететін Сәкен серіні не үшін абырой тұтты?! Сан өнерді бойына дарытқан ол қара басының қамын ойламаған. Қашанда халқының мерейі үстем болып, тілі мен ділін таза ұстаса екен деп күресті. Сәкен ағамыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзінің мақалаларында кеңестік тоталитарлық саясаттың салдарынан негізсіз ұмытылған тарихи тұлғалардың – Абылай хан, Төле би,  Қазыбек би, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайдың қайта оралуын бірінші болып қозғады. Кеңестер одағының қылышынан қаны тамып тұрған заманның өзінде «Жапандағы жалғыз үй» романымен тынық дүниені шайқап кеткені бар. Бала кезімізде оқуға тиым салынған кітапты жасырып қойған жерінен іздестіріп, қолдан-қолға өткізіп оқушы ек. Өйткені, тыңгерлер елі, қызылтулықтар үшін, ондағы өмір бізге етене таныс-тын.  Кейіпкерлері ретінде ішінде «құжынап» жүретін болғандықтан, өзіміздің әдебиет әлеміне кіріп кеткенімізге мәз болушы ек. Сол арқылы көзқарасымызды да анықтап қоятынбыз. Қанша келімсектермен қазақтың тілі, жері, қызы үшін пышақтасқан қазақ  жігіттерін өз көзімізбен көріп өстік. Бұл романдағы көрініс менің бала кезімдегі шынайы өмірімнің айнасы іспеттес.
Екі томдық «Ақан сері» роман-диалогия-
сы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алуға лайық туынды. Оның драматургия саласындағы еңбегі де мәңгі өшпестей. «Ажардың трагедиясы», «Жаралы гүлдер», «Қысылғаннан қыз болдық», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» қойылымдары қазақ театрларының сахнасынан әлі күнге түскен емес.
Сәкен сері астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі әңгіме гулей бастағаннан-ақ, оны халыққа кеңінен түсіндіріп, құшақ-құшақ мақала жариялап, Президент қадамын әдебиетшілер ортасынан алғашқылардың бірі болып қуаттады. Және де өз позициясын «Ақмолаға барамыз», «Қаланы  бастан», «Жаңа астанаға – жаңа ат» тақырыбындағы  асқақ сенім атқылап тұрған мақалалары арқылы орнықтыра түскенін көзіміз көріп, құлағымыз естіді.
Қапияда көз жазып қалған Сәкен Жүнісовтің әдебиеттегі жолы да қиын болды. «Жапандағы жалғыз үй» романындағы «жағымсыз» кейіпкердің алға шығып кетуі комсомол сыйлығынан қақса, соның салдарынан партия қатарында болмауы талай қызметтен кетуіне «негіз» болды. Бірақ, қыран боп туған оның қанаты қырқылған жоқ. Жазар дүниесін ақтық демі таусылғанша жазды, айтар сөзін алмас қылыштай осып-осып айтты.
Осындай жазушы, халқының қамын ойлаған қайраткердің қарындасы болу да оңай емес. Сол салмақты сезінген Роза Жүніс жан тыныштығын емес, арды ойлап түн ұйқысы төрт бөлінді.
Аға ортамыздан кеткеннен бергі жылдарда,  алдымен артында қалған  – ұлттың байлығы, ақ қағазға түсірген қарасөзін көбірек ойлады. Қарасөзін алтын әріптермен булап келер ұрпаққа жетуіне аз да болса дәнекер болғысы келді. Расында да,  осы мақаланы жазуға себепкер боп отырған қазақтың аяулы қызының мерейтойы қарсаңында біраз ақпарат көздерін қаншама ақтарсам да, ол туралы небір ауыз сөз, небір ақын арнауын кездестіре алмадым. Керісінше, етжеңді «Егеменнен»,  республикалық «Астана ақшамы» газеттерінен, одан қалды, жедел ақпарат ағымдары «ютубтан», иә болмаса, халықаралық ақпарат агенттігі «ҚазАқпараттан» Роза Жүністің желпініп, ағасы Сәкен сері, иә болмаса басқа да қазақтың даңғайыр ұл-қыздары жайлы сыр бөлісіп отырғанын көрем, не сұхбатын оқимын. Ал, өзі жайлы ләм-мим сөз жоқ. Бұл өзі туралы айтар әңгіменің жоқтығынан еместігі, керісінше, «аузын ашса жүрегі көрінетін» оның өзгенің айтып кете алмаған, аяқтай алмаған ісін тындырайыншы дегендігінен.
Кезінде «Білім және мәдениет» арнасының «Жеті муза» хабарында ағасының өзін «Рузтай» деп еркелететініне елжіресе, сөз реті келгенде, көзкөрген  Қ.Сәрсекеев, Қ.Ысқақов, С.Жиенбаевтай ағаларын еске алады. Енді бірде, майданнан оралмаған әкесінің үш інісі – Аймағамбет, Әсен, Қабыл ағаларының аруағын тірілтіп, шарқ ұрып, интернеттен дерегін тауып, «Егемен Қазақстан» газетінде көлдей ғып мақала жариялайды. Жеңістің 70 жылдығында туған елі Қызылтуда болып, қаралы хабар да келмей хабарсыз кеткен ағайындылардың есімінің ескерткіш тақтаға енуіне мұрындық болды. Жасына қарамастан асынып-тасынып барып, аруақтардың рухына бағыштап ас берді.
Сәкен сері ағасының  80 жылдығына орай, есімін жаңғырту жолында қыруар іс тындырды. Алдымен, жазушының Астанада тұрған Бараев көшесіндегі үйіне ескерткіш тақта орнатылды, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында шығармашылық кеші өтті, «Сәкен сері» атты сағаттық деректі фильмнің тұсауы кесілді. Осы күндері Көкшетау қаласындағы «Северный», ал, Астанадағы бұрынғы Панфилов көшесінің аттары ауыстырылып, Сәкен серінің есімімен аталынды. Бүгінде Солтүстік Қазақстанның Қызылтуындағы еңселі мәдениет сарайының маңдайшасында  «Сәкен сері атындағы мәдениет сарайы» деген жазу анадайдан атойлап тұр. Арқа сүйер сүйекті тірегі жоқ нәзік жанға, бұл, оңай шаруа емес, әрине. Қанға біткен қайсарлық, өре біткен өрлік дерсің.
Осы тұста айта кетейін, мен де сол Қызылтудың – кезіндегі Кішкенекөл ауылының төл тумасымын. Роза Жүніс те осы ауданның «Жасқайрат» ауылында дүниеге келіп,  сонда бірінші сыныпқа барған. Ұстаз-директор әкесі Нұрмақ Сілеті өзені бойынан машинасымен суға батып, қыста борандатып, сол мектептің барлық құрылыс жабдықтарын өз «иығымен» тасып тұрғызды деуге болады. Таяуда ол тағы да жол жүрмекші. Бүгінде аты «Уәлиханов ауданы» деп өзгерген  оның шалғайдағы «Жасқайрат» ауылының мектебіне әкесі Нұрмақ Жүністің есімі берілгелі жатыр.
Ойымды жалғастырсам, екеуміз де бір елдің қызы екенімізді білмей келіппіз. Сөз жоқ, Сәкен Жүнісов ағамызды танимыз.  Бәріміз де сол өңірде туып-өскенмен, білім іздеп шартарапқа ұшып кетсек керек. Мен қиядағы – Торғайда, Жүнісовтер жер жәннаты, білім мен өнердің алтын кілті – арман қала Алматыда. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жеке шаруаммен Астана қалалық ономастика комиссиясының сол кездегі  қызметкері Светлана Әбдішқызына арнайы барып жолыққан болатынмын. Бір сөзінде ол, «иә, ескерткіш тақта орнату жөнінде осында Сәкен Жүнісовтің қарындасы Роза апамыз да хабарласып жүр» деп қалды. Сонда барып қана ол кісі жайлы алғаш сырттай естіп білдім. Осыны айтып едім, әріптесім әнші әрі диктор Күләш Молдахметова бірден, «өзім таныстырамын» деді. Іштей жаратылысымнан тікбақайлау мен, «е, небір ұлт қаймақтарымен етене таныс,  қызметтес болған, ол кісі мені қайтсын» деп қоя салдым. Сәті түсіп бірде үлкен жиында таныса қалдық. Жоқ, аса кішіпейіл, мейірімді, үлкен тана көздері жарқылдаған, шашын  қақ маңдайдан екіге жарып желкесіне түйіп қойған Роза Жүніс «айналайындап», баурап алды. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы. Бір жағынан ағайындас, кезінде партия-кеңес қызметкері,  менің анам Бәтиқа Тұрсынғожина-Омарқызы  оның ұстаз ата-анасынан Кішкенекөл мектебінде білім алып, кейін қатарлас қызмет атқарған.
Айта кетейін,  Нұрмақ пен Мағрипа Жүнісовтердің  екеуі де Атбасар өңірінен. Бірақ, мәдени-ағартушылық қызметтерін Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірінде атқарып, ұрпақтары сонда дүниеге келген.
«Халық жазушысы, Мемлекет сыйлығының иегері Сәкен Жүнісовтің өмірден өтерінен бір-екі үш жыл бұрын жазған «Хан мен Президент» атты көлемді дүниесінде ел басқарудағы ақылға қонымды жүйелі істерін бағалап, Нұрекеңді – Нұрсұлтан Назарбаевты
хан Абылайдың арманын орындаушы ғана емес, ілгері жалғастырушы  ретінде Абылай ханға теңеуі жайдан-жай емес шығар. Жағымпаздықты жаны сүймейтін турашыл Сәкен аға Теміртаудағы темір балқыту пешінің қызған от шарпуымен айқасқан, қайнаған өмір ортасының бір кездегі командир-металлургі Нұрекеңнің,  бүгінде де ел басқаруда талай қызған оттың шоғымен әлі де айқасуға тура келетін өмір жолынан сыр шертетін роман жазу үстінде еді», – деп ағасын сағынышпен еске алады Роза қарындасы.
Сол сағыныш жетегіндегі Роза Жүніс әлі күнге өзіне белгісіз күшпен Сәкен серіні еске алған ортадан қас-қағым сәтте табылады. Әркез жол үстінде. Енді бірде Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж оқушыларымен кездесіп, ол жақтан «Қазақтың Сәкен серісі – қарасөздің зересі» атты кітапты құшақтап, енді бірде, Алматыдан жарық көрген Сәкен серінің бестомдық жинағын арқалап жүргені.
Бұл қасиет – бауырға деген бауырмалдықпен қоса, әдебиет пен өнерге деген қанға сіңген құштарлық, ірілік дер ек. Мұндай жанкешті іске әдебиет әлемінен хабары жоқ екінің бірі бара алмасы хақ.
Өткен жылы осыншама жасқа келе отырып, бәрімізді таңғалдырып,  Жүніс әулеті жайлы сыр шертетін, жоғарыда аталып кеткен, «Сөнбейді жаққан шырағың» атты кітапты өз қаржысына басып шығарды. Кітапта Сәкен серідей асыл азаматтың өскен ортасы жайлы да әңгімелейтін автор солтүстік қазақтарының өмір салтын тартымды суреттейді.    
 Сол жылдары небәрі  алты-жеті жастағы шынашақтай қыз әулетіне ғана емес, елге де қатысты дүрбелеңге толы тартыс-
ты оқиғаларды қалай жадында сақтап қап, енді осынша жасқа келгенде қандай сезімталдықпен,   ағайын-туыс, бауырға деген ерекше сүйсінішпен әсерлі суреттеп бере алған десеңізші дейміз, кітапты парақтай отырып. Ата-анаға, бауырға, дос-жаранға деген кішкене жүректегі махаббаты  Сілетінің сарқырай аққан суындай тасып жатыр. Енді, біле алмадым, осынша жасқа келген жанның жадының мықтылығы, меніңше, сирек кездесетін феномен секілді. Оны айтасыз, кейде артық-ауыс  газет-журналды жүгіртіп, көршілерге оқысын деп жібертсек, тегін дүниенің өзін «көзіміз көрмейді» деп кері қайтарып жататындар бар.
Өмірге ғашық қазағымның тамаша бір қызының өмірі Алла берген қуатпен қуанышты жалғасып жатыр, мақсатына жетті, ойына алғанның бәрі орындалды. Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, ұзақ жылдардағы тынымсыз еңбегі талай мәрте еліміздің медальдарымен атап өтілді. Әлі де тағат тауып отыра алмайды. «Бойда қуат барында қимылдауды тоқтатпау керек» дейді. Алланың уағызында да өзі берген осы қасиет орындалу керек делінген екен.
Жан дегенде жалғыз қызы Жұлдызы қолын жылы суға малып отыр. Әмір, Әділ атты екі немересін жөргөгінен тәрбиелеп өсірді. Бір қолымен қазан қайнатып, бір қолымен қалам ұстаған кездері ендігі уақытта ертегідей. Балаларының бәрі инабатты, қазақы жан дүниеңді жүрегімен сезінеді.
Еңбекқор жанның бір ерігіп отырғанын көрмейсіз. Театр, концерт, не саяси шараларға қатыспайтын кезі кемде-кем. Тез жиналады. Бір елі артық еті жоқ дене қимылы шапшаң. Одан қалды, қай жерден газет-журнал, не кітап көрсе, көтеріп кетуге дайын. Түні бойы оқитын көрінеді. Есіктен төрге дейін буда-буда үйіліп жатқан газет-журналдарды көргенде, өзіміз де ұялғаннан ақтара бастаймыз. Одан қалды, қоғамдық жұмысы тағы бар. Астана қаласындағы Алматы аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының  мүшесі ретінде есептегі өзіне тапсырылған зейнеткерлердің хал-жағдайын арнайы барып көріп-біліп, кеңеске хабарлап отырады.
Бір атадан саусақтың саласындай бес ағайынды болғанымен, қазір аман-сау жүргені інісі Орал екеуі ғана. Алматыда тұратын  Орал Жүніс те өнер жолында. «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің ассистентінен ғылыми-деректі фильмдердің жоғары категориялы режиссерлігіне дейін көтерілді. Қырықтан астам фильмнің авторы, оның көбі халықтың этнографиялық салт-дәстүріне арналған. Ирандағы отыз  мемлекет қатысқан халықаралық кинофес-
тивальде бас жүлдені жеңіп алды. Ақан сері, Абай, Жамбыл, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, Х.Ерғалиев, С.Сейфуллиннің жолдасы қызылтулық Қаскей  Өтекин туралы деректі фильмдердің авторы.
Тағы да бір сауапты іске алаңдаулы. Дүниеден өтіп кеткен жан құрбысы Шәйзаданың аманаты деп, ақын Мағжан Жұмабаевтың Астанаға жеткізілген ескерткішін  Сарыарқаның төріне орналас-
тыратын орын мәселесімен зыр жүгіріп жүр.
Оның ендігі ісі Шәйзада Нөгербекқызының көзі тірісіндегі,  «тәуелсіздік алған қазақ астанасының төсінде Мағжан Жұмабаевтың ескерткішін өз қаржыммен қойғызамын» деген аманатын аяғына жеткізу болып тұр. Қоладан құйылған ақынның ескерткішін өзі үлгермесе де, балалары жеткізіп берді.
Роза Жүніс болса,  «Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші алыстан болашаққа қол бұлғап тұратын күн алыс емес» дей отырып, тиісті орындардың «еңселі есігін» қағуда. Қашан көрсеңіз де осылай. Іздесеңіз, қалалық әкімдік пен Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің арасынан табасыз.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылжар қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің 90 жылдық мерейтойы өтті. Мерекелік шара аясында ақынға арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімінің құрметті қонағы болған Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі, Мағжан Жұмабаев өмірін зерттеуші Роза Жүніспен жолыққан  «ҚазАқпарат» тілшісі Марлан Жиембайдың сұхбаты көзіме түсті. Қазақ телевидениесіне жұмысқа орналасқан  тұста Р. Жүніс қазақ журналистикасының тарихында тыңнан түрен салып, Мағжанның туған-туыстарын, шәкірттерін, көзін көргендерін іздеп та-
уып, «Мағжанның шырағы», «Мағжанның арманы», «Ана сағынышы», «Мағжан жұлдыздары» сынды хабарлар әзірлегенін айтып өткен. Алайда, сол хабарларының бүгінгі күнге жетпей қалуы көңілін қатты қапаландырып жүргеніне қынжылыс танытқан,  сол ойын былайша жеткізіпті. «Мен зейнеткерлікке шыққаннан соң маңдай терім сіңген сол хабарлар түрлі себептермен жойылып кетіпті. Қатты өкінемін. Мағжанның туған-туыстарының, шәкірті Хамза Абдуллиннің, тағы сол сияқты ондаған адамның сөйлеген сөздері жойылып кетіп отыр. Ол еңбектерім жастарымызға да, болашағымызға да керек дүние еді ғой», – дейді дәл сол кезеңде Қазақ телевидениесінің оқу-бағдарлама редакциясында қызмет атқарған Роза Нұрмаққызы.
Одан әрі тілшімен әңгімеде тағы да мынадай ой түйген. «Мағжан елін, жерін, ана сүтімен бойына дарыған ана тілін сүйген адам. Елін сүйе отырып өркениетті, мәдениетті, алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне көтерілуін тіледі. Ол елдің қор болмауын, құл болмауын армандады. «Алаш» партиясында жүріп, тәуелсіздік алу жөнінде керемет шығармаларын жазды. Сол арманы қазір орындалды. Жалпы, Мағжан жайында қалам тартып, өшпес мұра қалдырған халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов, менің туған ағам. Қарап отырсам, ағамның кейбір сөздері, сөйлем құрау әдістері Мағжанмен үндес сияқты көрінеді. Негізінен талантты азаматтар өжет, ешкімге қол жаймайтын, ешкімге бағынбайтын  тентектеу болуы да  қажет сияқты. Сәкен ағам да, Мағжан да ешкімге қол жаймай өмірден өтті», – дейді Р. Жүніс.
Астана еліміздің небір жайсаңдары бас қосқан орта. Бірде, «Әлдеқалай Астанадағы үш ауданның ардагерлерімен кездесе қалсаңыз, бірінен-бірі асқан, кемі жоқ қой, шіркін!», – деген еді Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Эбенғаппас Ахметов.
Солардың бірегейі, ортамызда жүрген тектінің тұяғы, үлкен жүректі Роза Жүніс өзінің  мерейтойын қарсы алып жатыр.  Жасыңызға жас қосыла берсін, өмірдің соқтықпалы да соқпақты сүрлеу жолынан қарағайға қарсы біткен бұтақтай тіп-тік өтіп келе жатқан Роза – Сәкен серінің «Рузтайы»!

 

 

Толғау

 

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Берілмей жатса дағы бағасы шын,
Арқалап иығына Алаш жүгін.
Аянбай қажет кезде қызмет еткен
Атақты Сәкен сері  – ағасы үшін.

Дүниеге келген айы – ерте көктем,
Өзегін өкініш көп өртеп өткен.
Ағасы Сәкен сері қарындасын –
Үнемі «Рузтай» деп еркелеткен.

Содан ба, ен далада еркін өскен,
Жан сырын жақсыларға шертіп өткен.
Ағаның аманатын орындайды,
Алаштың кеудесінде дерті кеткен.

Аз емес сонда тартқан азабы шын,
Көрсетіп қалың елге ғажап ісін.
Баяғы тың игеру жылдарында,
Күрескен қара халық – қазақ үшін.

Тыңдаушым, айтқан сөзге нанасың ба,
Көрдім мен Мағрипа анасын да.
Көрдім мен Абылайдай інілерін,
Сыздатып жанға біткен жарасын да.

Бітпейтін жанталасқан жұмысы бар,
Тап келген таланына ырысы бар.
Жанында жарқыраған Жұлдызы бар,
Оралдай оралымды інісі бар.
Егделік бірте-бірте толығасың,
Анықтап сұрамаймын әйел жасын.
Білемін әлі талай ұлы жолда,
Аға үшін – Алаш үшін аянбасын.

Білемін қажет жолда батырлығын,
Ағадай Сәкен сері жақындығын,
Ол менің қыз болса да сырласымдай,
Көтерген ауыр жолда ақыл жүгін.

Көкшетау қайда жүрсе көңілінде,
Жүреді жүрегімен елі бірге.
Әкесі  Нұрмақ ата мектеп салған,
Болмайды оны мүлде ұмытуға.

Ол өзі ұстаздардың әулетінен,
Жарасқан салтанаты сәулетімен.
Байлығы бойындағы бар білімі,
Пендені есептемес дәулетімен.

Сондықтан, Роза-қыз, Роза-гүл,
Ардақтап Розаны жыр жазамыз.
Қосында серілердің жүргеннен соң,
Ағаның  айналасы біраз аңыз.

Көкшетау қиясында жүзіп өлең,
Қашанда жазы – жайсаң, күзі – берен.
Төсінде Сарыарқаның сайрандай бер,
Салдардың, серілердің ізіменен!

 

Майра ШӨКЕН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар