Талабы таудай Эльмира

Бірде Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің нышаны» тақырыбында байқау өтті. Сонда қазақшаға судай, өзге үміткерлермен өзінің ана тілінде сөйлеп тұрғандай әңгімелесіп тұрған орыстың қызын көрдім. Сәті түсіп онымен, сұхбаттасудың да реті келді.

 

Эльмира Комякова қазақ тілін бала кезден біледі. Қазақы ортада өскен. Ата-анасы да мектепке баратын шақта қолына әліппесін ұстатып, қазақ сыныбына оқуға апарыпты. Бүгінде өз ұлтымыздың азаматтары балаларын орыс тілді сыныптарға беріп жатқанын көргенде, қынжылып, ертеңгі болашағымызға алаңдаушылық білдіріп жатсақ, ұлты орыс бола тұра мемлекеттік тілде оқуға баласын берген Комяковтардан айналып кетейін дегің келеді. Қима ауылындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын  аяқтағаннан кейін, Эльмира Астана қаласындағы гуманитарлық-құрылыс  колледжіне есепші мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Одан кейін қазақ инженерлік техникалық академиясына жоғары білім алу үшін оқуға түседі. 2014 жылы есепші мамандығы бойынша бакалавр академиялық дипломын қолына алып, Елордада өзінің еңбек жолын бастайды.
Оқу оқыған кезде де, жұмыс істеп жүргенде де кейбір мұғалімдер мен қызметтестері Эльмираның қазақ тілін тым жақсы білетіндігін көріп таң қалыпты. Кейбірі онымен орысша сөйлесе бастаса, ол қазақ тілінде жауап береді екен. «Сен қазақ емессің ғой, қазақшаны қайдан білесің?» деп сұрайтындар да болыпты. Кей кездері қызық қылып, «мен қазақтың қызымын ғой, түрім өзі осындай сары» деп күледі екен. Бет-ажары сары болғанымен, жаны қазақ Эльмирамен сөйлесе берсең, тілді өте жақсы меңгергені, бір қазақтай сөйлей алатыны көрініп-ақ тұр. Тіпті, оның ашықтығы мен көңілінің кеңдігі де дархан қазақтың мінезі сияқты. Бала кезімде қазақтың ақындарымен қатарласып, қара сөздің майын тамызып тұрып, еліміздің мұң-мұқтажын, салт-дәстүрін жырына арқау қылып, айтысып отыратын Надежда Лушниковалардың өнерін көру ғажап еді ғой, шіркін. Енді, міне еш таң қаларлығы жоқ. Қаншама ұлт пен ұлыстың тұрақты мекеніне, алтын бесігіне айналған қазақ жерінде туып-өскен Эльмирадай тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары туған қаншама ұл-қыздар қазақша сөйлеп жүр.  
Бүгінде Эльмира Вячеславовна облыстық әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының Жақсы ауданындағы бөлімшесінде бас маман болып қызмет етеді. Осы қызметке орналасар алдында қызықты жағдайлар көп болыпты. Солардың бірі – тест тапсырғаннан кейінгі ауызша әңгімелесу кезеңінде оны жұмысқа қабылдап отырған комиссия мүшелері оған орыс тілінде сұрақтар қойыпты. Барлық сұрақтарға мүдірместен жауап берген орыстың қызына қарап, өздерінің арасында «мынауың сайрап отыр ғой, дайындығы жақсы екен, сұрақтарың бар ма тағы» деп, өзара сөйлесіп жатқанда, Эльмира  «мен қазақша жақсы білемін, сұрақтарыңызды қазақша да қоя беріңіздер» депті. Таң қалған олар «Эльмира, сіз қазақ тілін қайдан білесіз» деп сұраған көрінеді. Сонда ол: «мен Қазақстанда дүниеге келдім, қазақы ортада, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өстім, олардан қазақы тәлім-тәрбие алдым. Ұлтым орыс болғанымен, мен орыс тілін қазақшаны білетінімдей білмеймін», – деп жауап беріпті. Шынында да бәрі өскен орта мен алған тәрбиеңе байланысты ғой. Осыны біздің жастарымыз ұғынса дейміз.
– Кейбір оңтүстік өңірден келген қыздар оқуда жүргенде дүкеннен бір зат сатып алғысы келсе, оның үстіне сатушысы орыс болса, «сен барып келші, орысша білесің ғой» деп мені жіберетін, сонда оларға «сендер сияқты мен де орысшаны дұрыс білмеймін» деп күлетінмін, – дейді Эльмира.
Әңгіме арасында қалжыңмен «мүмкін, қазақ жігітіне тұрмысқа шығатын шығарсың әлі» деп қалдым. «Несі бар, қазақтың жігітіне тұрмысқа шығып, шаңырақ көтеріп жатсам, оның еш оғаштығы жоқ. Керісінше, анам қуанатын болады. Менің текті жерге барғанымды қалайды» деді ол.
Бүгінде отбасында анасы Алмагүл Алексеевна мен ағасы Андрей Вячеславович үшеуі тұрады. Отбасында өзара қазақ тілінде сөйлеседі екен. Тіпті, қазақтың салт-дәстүрлерін де сақтайды. Ұлыстың ұлы күні бұл үйде наурыз көже дайындалса, мұсылмандардың айт мейрамдарында шелпек пісіріліп, дастархан да жайылады.

Жақсы ауданы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар