Жеңге жүрегіндегі жылылық

Жуырда ғана «Арқа ажары» газетінен өзім оқыған есілдік Амангелді Естай ағамыздың «Менің жеңгелерім» атты сыр-толғанысқа толы жүрекжарды мақаласы менің де жан-жүрегімді елжіретіп жібергендей болды.  Халқымыздың өмірінде жақсы жеңгелер қай кезде де болған, бола да береді. Оның бәрі сондай жандардың жаратылысы бөлек сезімталдылығынан, жан жылылығы мен түсінік-пайымының  молдығынан. Шынында да, осы мақаланы оқып отырсақ, Амангелді ағаның жеңгелері бірінен-бірі асқандай керемет екен. Қалай қызықпайсыз, қалай сүйсінбейсіз. Осы жазылған жайлар менің де бала кезіме, бозбала шағыма көңіл түкпірінде жатқан керемет бір сағыныш сезімімді оятып сала берді.

Сонау бір тұста ондай жақсы жеңге менде де бар еді, әлі  де бар. Осы жасымда соған қуанамын, соған тәубе деймін. Жоғарыдағы мақала осы асыл жеңгем туралы менің де бір-екі ауыз жылы лебіз білдіруіме себепкер болып жатса, бұл да алас-күлес тірліктің  бір жарасымдылығы, көзайым қуаныш емес пе.
Біздің арғы атамыз Мұстафа Зеренді ауданының Туражол ауылынан шыққан өз заманының текті бір  перзенті екен. Кезінде осы бір ғана ауылдан бес бірдей адам қажылыққа барған көрінеді. Солардың бірі – менің атам сол Мекке-Мәдинеге қажылыққа 1905 және 1912 жылдары бір емес, екі мәрте барыпты. Сондықтан да, біздің үйді қажының шаңырағы деп әу бастан ауыл-аймағымыз ерекше көретін.
1986 жылдың 1 наурызында үлкен ағам Қанат үй-күй болғанда, ел іші «қажының немересі үйленіпті» деп  бірден-бірге естіп, үйімізден бір ай бойы той арылмағаны бар. Онда менің мектепке жаңа барған кезім. Небары  бірінші сыныпта оқимын. Ағам әп-әдемі жеңгемді үйге келін етіп түсіргенде,  қуанышымда шек болған жоқ. Содан мектеп былай қалып, мәре-сәремен бір апта бойы оқудың қарасын көрген жоқпын. Пәк көңілмен, шат көңілмен үйден аттап шықпай, ағамның қуанышын бірге тойластым.
Кейін пайымдасам, оным бекерден-бекер емес екен. Жеңгем ата-анамның, Қанат ағам мен одан кейінгі Қанаш, Қанай бауырларымның, менің   бағыма қарай, тәрбиелі де мейірімді жан болып шықты. Бір үйде 4 ұл, 2 қыз болсақ, алғашқы беттен бәрімізді де сыйлап, құЖрметтей білді. Өзім ұл балалардың ішіндегі кенжесі болғандықтан, осы жеңгеме қатты бауыр басып өстім. Әлі есімде, алғаш келін болып түскен кезде далада қар атысып ойнаймыз, кез келген еркелігімді көтеріп, бірге сабақ қараймыз.
Жалпы, біздің шаңырақта әу бастан ұл бала көп тұрақтай қоймаған. Арғы атамыз Мұстафа, ол да бір атадан жалғыз. Одан Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Бекқожа  атамыз да бір кіндіктен жалғыз болған. Марқұм әкеміз Қайсар да солай. «Өспеген тұқым» деп жүргенде, осы әкеміз бен бүгінде көзі тірі анамыз Қайшадан төрт бірдей ұл бала дүниеге келіппіз. Қанат ағамыз үлкеніміз болғаннан кейін, бәріміз әрине, кішкентайымыздан соны төңіректеп өстік. Мұндайда бәрін жеңгенің қас-қабағы шешетіні белгілі ғой. Ыңғай бермесе, бірге туған бауырың болса да, өзің ойлағандай қалай араласарсың.
Ал, біздің алтын жеңгеміз осының бәрін біліп келгендей, тек қана  басымызды қосумен болды. Ағам үйленгеннен кейін қызмет бабымен бұрынғы Көкшетау облысының Уәлиханов ауданында көшіп барды. Ол жақта да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Аягөз жеңгемнің қайын атасы мен қайын енесіне, бізге деген ыстық ықылас-пейілі сол шалғай ауданнан да сезіліп жатты. Бертін заманның қиын кезінде елмен бірге менің аға-жеңгем де Көкшетау қаласына қоныс аударып, мамандықтары бойынша қызметтерін жаңа жерде жалғастырды. 1995 жылы Викторовка орта мектебін бітірген соң, білім  қуып, мен де қалаға қолдарына  келдім. Тұрған жерімізде мектеп орысша, бір сыныпта үш-ақ қазақ баласы бар едік. Бірақ, бүгінде сол достарым үшін шын мағынада қуанамын. Бірі–жоғары білімді Мәскеуде алып, еліміздің танымал кардиохирургына айналды. Қазір Астанада Отандық медицинаны өрге сүйреп келе жатқан үлкен маман. Екінші сыныптасым да елордада  басшылық қызметте.
Бірақ, әу бастан айтайын дегенім, біздің азамат болып қалыптасуымызға өзінің кісілік келбеті, жайсаң мінезімен зор еңбек сіңірген жеңешемнің  жақсы қасиеттері еді ғой. Бұл орайда, кез-келген адам баласына мұндай ізгілік пен кісілік алдымен, өзінің шыққан тегінен қона ма деп ойлаймын. Өйткені, туған құда-құдағиымыз  облыс орталығының іргесіндегі  Жамбыл деген қазақылығы мол қасиетті ауылдан. Көп балалы Байзақовтар отбасын осы төңіректе көпшілігі біледі. Жеңгемізді мәпелеп өсіріп, біздің қолға сеніп тапсырған қадірлі құдамыз Ахметхан аға өмір бойы сол ауылда есепші болып істеген, адамгершілігі өте жоғары кісі еді. Құдағиымыз да солай, ақыл-парасаты мол болатын.  Міне, сол кісілердің өнегелі тәлім-тәрбиесі менің  Аягөз жеңгемді  де біздің шаңыраққа ибалы келін етіп жолықтырды. Алғашқы келінінің  қадамы осылай құтты болғанына, басқа келіндерінің де  одан үйреніп, жақсы, орнықты болуға ұмтылғандарына марқұм әкеміз қашан көзі жұмылғанша Жаратқан иемізге риза болып өтті.
Жеңгемнің жақсылығы сол, 1995 жылы мектеп бітіріп, Көкшетауға келгеннен кейін 10 жылдан астам уақыт бойы  қолында тұрдым. Ағам екеуі тату-тәттілігінен танбай, бір бөтен мінез көрсеткен жоқ. Қас-қабағымды бағып, менсіз бір шыныаяқ шайларын ішпей, үсті-басымның мұнтаздай таза болуына, оқуым мен жұмысымнан қалмауыма бар жағдайларын жасап бақты. Кейін өз қолдарымен үйлендіріп, үлкен жолға салды.
Шынын айту керек, екінің бірінің қолынан осы күні мұндай жақсылық келе ме?!  Өз жары, бала-шағасына қоса, қайын інісінің де бабын табу айтуға ғана оңай. Ал, менің жеңгем осының бәрін қалыпты жағдайдай қабылдап, жылы сөзімен көңілімді аулап, тәлімді тәрбиесін беріп, әлі күнге туған бауырындай өбектеумен келеді. Тіпті, күні бүгін де отызымда кеш үйленген менің келешегімді ойлап, келіні Зухра екеумізге әлі бала бақшаға баратын бүлдіршіндеріміз Айғаным, Ерасылды «шіркін, бос уақытым болса, өзім-ақ  бағып отырар едім» деп қояды.
Осы бір ауыз сөзінде қаншама көңіл кеңдігі жатыр менің асыл жеңгемнің. Қолдарында тұрып білім алдым, еңбек жолымды бастап, үлкен өмір айдынына құлаш сермедім, кісілікті, сыйластықты  үйрендім. Соның өзі-ақ бір адамға тағдырдың өлшеусіз сыйы емес пе. Бірақ,  Аягөз тәтем  ол жақсылығын ешқашан бұлдап көрген емес, бәріміз бір-бір үй болып кетсек те, әлі де біз дегенде жаны бөлек, құрақ ұшып тұрады.
Сол періштенің құлағына жеткен жақсылығынан болар, шүкір, жағдайлары қазір жаман емес. Ағам Қанат «АБК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, құрылыспен айналысады. Қыздары Меруерт «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шет елде оқып келіп, қазір Ұлттық компанияда жұмыс істейді. Ұлдары Медет Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген. Астана қаласында Оңтүстік Кореяның бір фирмасында инженер-құрылысшы. Кенжелері Аружан қарындасымыз Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды.  Бұл да болса, аға-жеңгемнің мен ауызға алып жатқан өздерінің жақсы қасиеттерімен бауыр еті – балаларына берген өнегелі тәлім-тәрбиесінің жемісі десем артық емес.
Менің де бұл күндері Ақмола облысы бойынша статистика департаментінің кадрлар бөлімінде жемісті қызмет атқаратын, өз ортасына сыйлы, ақжарқын, асыл жеңгем туралы  осылай бір ауыз сыр ашып, шешіле түсуіме  себепкер болып отырған Амангелді ағамыздың «Арқа ажары» газетіндегі жоғарыда өзім тоқтала кеткен мазмұнды мақаласы ғой. Жақсы жеңгелердің қадір-қасиетін осылай ара-тұра болсын, көпке жеткізіп, жазып тұрайықшы. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда осы бір білгендікке не жетсін. Міне, менің де сүйікті жеңгем бізді, қайын інілері мен сіңлілерін жеткізем, соларға жанымның пейілін төгем деп жүріп, 50 жастың қырмызы қырына да жетіп қалыпты. Жасай беріңіз, бала-шағаңыздың қызық-қуанышын көре беріңіз, жақсы жеңге. Ағамызбен жұбыңызды жазбай, жүзіңіздегі жылылық, көкірегіңіздегі адамгершіліктің ізгілік нұры әлі де көп-көп жылдар жылы шуағына бөлей түссінші бізді. Сізге әрқашанда мың мәрте ризамыз!
Мереке МҰСТАФИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар