Мерекелік шаралардың жоспары бекітілді

2015 жылы тәуелсіздігінің тамырын тереңге жайып, іргесін мықтаған мемлекетіміз бірқатар айрықша маңызды мерекелік шараларды кеңінен атап өтуді межелеп отыр. Екшеп, нақтылар болсақ, олар алдымен Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Ата Заңының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелері.

Осыған орай, Ақмола облысында мерекелік шаралардың жоспары бекітілді. Онда ел еңсесін көтеріп, алдағы жарқын да нұрлы жолға бас-тайтын, халықты бір мақсатқа жұмылдыратын мазмұнды шаралар жан-жақты терең ойластырылып, кеңінен қамтылған. Аталмыш жоспар 197 тармақтан тұрады. Ерекше маңызды мерекелік шараларды айрықша ыждаһаттылықпен ұйымдастырып өткізу барысында аға буынды ардақ тұтып, еңбегі мен ерлігін дүйім елге паш ету көзделсе, сонымен бірге,  жас толқынды өткеннің өнегелі ісіне тәнті ету ойластырылып отыр. Осы шараларды өткізу ең алдымен, қазақстандық қоғамды Мемлекет басшысының идеялары, тәуелсіздіктің құндылығы мен қасиеті төңірегінде ұйытып, топтастырып, қазақстандық бекем, шынайы патриотизмді қалыптастыру, алдағы күндерге сенімді нығайту болып табылады.
Айталық, «Қазақ елі – мәңгілік ел» деп аталатын облыс бойынша өткізілетін автошеруге шығармашылық ұжымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатыстырылмақшы. Облыстың барша аймағын, түкпір-түкпірін қамтитын шапағатты шеру Қазақ хандығының 550 жылдығына арналатын болады. Күйі күмбірлеген, әні қалықтаған, тарихы тылсым сыр шерткен шеру таспа жолдың бойымен елдімекендерді аралап қана қоймайды, аралай жүріп, қала мен даланың, ауыл мен селоның тұрғындарына Алаш жұртының 550 жылдан бергі жан алып, жан беріскен, ел қорғаған қиян-кескі шайқастарда, табиғаттың тақсыретінде, «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламада» аман қалуы, қара басын сауғалап, шыбын жанын ғана сақтап қалмай, қара қазан мен сары баланың қамы үшін, яғни, ұлтының болашағы, халқының келешегі үшін сан қатерлі өткелден өткендігі, қайра тамыр, қайтадан жапырақ жайғандығы паш етіледі. Осы бір аруақты сөз, қуатты тарих бүгінгі жастардың бойына жарқын күннің сәулесіндей шым-шымдап еніп қуат дарытпақ, елдікке, ел болуға құлшынысын оятпақ.
Осы тақырыпты қаузап айтар, тіл ұшындағы тарихты тұшымды ете түсер ендігі бір шара «Өр Көкше тұғыр болған ұлыларға» деп аталатын республикалық айтыс. Осы бір мәнді сөздің маңызын «Қасиетіміз де, қастеріміз де Қазақ хандығы» деп аталатын облыс әкімінің шығармашылық интеллигенциямен (ақындар, жазушылар, композиторлар, суретшілер) кездесуі үстей түспек.  Жалаң сөз, жадағай әңгіме ғана емес, ғылыми тұжырымдамада бұлтартпас дерек те, тарихи дәйек те алға тартылмақ. Оның бәрі «Керейден Кенесарыға дейін Алаш жолы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан өріс алатындығы хақ.
Ел ертеңі – желкілдеп өсіп келе жатқан жастар туған елінің тарихын білгендері абзал. Бұл орайда, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарындағы студенттерді қамтитын «Тарих – тәуелсіздік тірегі» деп аталатын конкурс өткізіліп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми жұмыстар, тарихи тақырыптағы суреттер және шығармалар мен рефераттар сарапқа салынып, жүлдегерлері анықталмақшы. Бекітілген жоспарда Қазақ хандығының түптен тартылған тарихы, тұңғиық сыры, ақиық қырандай саңқылдаған жыры қамтылатын мұндай шаралар өте көп және бірінен-бірі маңызды, бірінен-бірі қызғылықты.
Ал, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 20 жылдығын атап өтуге белгіленген жос-пар да мейлінше ауқымды әрі барынша мәнді. Еңбек ұжымдарында салтанатты шараларды өткізу барысында еңбек ардагерлерін ардақтау көзделсе, жас толқынға кәмелет жасына толуына орай куәлік тапсыру өзіндік рәсімдермен өрнектеліп, оларға міндет жүктеліп, жарқын жол айғақталып, көкіректеріне мақтаныш және елге деген сүйіспеншілік дәні сіңіріліп шалқытатын, толқытатын шаралар белгіленген. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция, тақырыптық конференция, сұхбат алаңдары, дөңгелек үстелдер, мәдениет және білім қайраткерлерімен, саясат қайраткерлерімен және қоғамдық ұйымдардың белсенділерімен жүздесулер өткізу жоспарланып отыр. Талапты ұл-қыздарымыз да бұл мерекеге атсалыспақ. 
«Ата Заң – алтын діңгегіміз» деп аталатын конкурста балалар шығармашылығының жетістіктері: шығармалар мен өлеңдер, тақырыптық суреттер таразыға тартылады. Ата Заңның 20 жылдығына арналған өнер шеберлері мен халық шығармашылығы қоса өріліп, қамтылатын «Азат елдің ар намысы – Ата Заң» деп аталатын мерекелік концерт көпшіліктің көңілін көзкөрім жерге атойлатса, жастар арасында «Ата Заңым – айбыным» деп аталатын акция өткізу көзделіп отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы да ел тұрғындары үшін биылғы аса маңызды оқиғаның бірі. Осы орайда, 2015 жыл Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл қоғамдық ұйым тәуелсіз Қазақстанның құрылуына, түпкілікті әлеуметтік-эко-номикал    ық жаңғыртулар жүргізуге, бейбітшілік, бір-лікпен Қазақстан халқының қоғамдық келісім идеясын іске асырудың алтын арқауына айналды. Былайғы сөзбен айтатын болсақ, ассамблея 20 жыл ішінде қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің негізгі құраушы бөлігі деңгейіне көтерілді. Сондықтан да, осы бір шапағатты мерекені жан-жақты өткізу жоспары әбден таразыланып, бекітіліп отыр. Мерекелік шара барысында ассамблея жұмысын жан-жақты насихаттау көзделген.
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын майдангерлердің даңқты рухына лайықты атап өту де терең ойластырылған. Мәскеу және Астана қала-ларындағы Жеңіс шеруіне Ақмола облысының атынан қатысатын делегация құрамы анықталып, бекітілді. Одан өзге батыр қалалар, жауынгерлік ерлік іздері өшпестей болып сақталған қалалар мен қиян-кескі шайқастар өткен кешегі майдан шебіне, қазақстандық жауынгерлер жерленген орындарға аттандырылатын делегациялар құрамы да анықталды. Облыс өкілдері Халықаралық «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» деп аталатын акцияға да белсене атсалысады. Әлі күнге дейін дерегі анықталмаған қазақстандық жауынгерлердің мүрделерін іздеу одан әрі жалғастырылмақшы. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 76 орташа айлық көрсеткіші деңгейінде бір мезгілдік материалдық көмек көрсетіледі. Бұдан басқа да көмек-қолдау аз емес.
Міне, 2015 жылға көзделген осынау мерекелік шаралардың барлығы елдік мұраттарымызды ұлықтауға, өткеннен сабақ алуға, болашақты бекем ете түсуге бағытталып отыр. Солай болатынына сенім де мол. 
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар