Мәдениет күндері көңілден шықты

Кеше аймақ басшысы Мәлік Мырзалин аппарат кеңесінде Ақмола облысы әкімі аппаратының жаңа басшысын таныстырды.

 

Үстіміздегі жылғы 26 маусымдағы облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы болып Қанат Бейбітұлы ШөкЕнов тағайындалды.
Қ.Шөкенов 1981 жылы  Целиноград қаласында туған. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының Ақмола филиалын заңгер мамандығы бойынша, Тұран-Астана университетін қаржы бакалавры академиялық дәрежесі бойынша бітірген.
М.В.Ломоносов атындағы  Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты.  
2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы жүйесінде қызмет атқарды.
2008 жылдан 2013 жылға дейін Іс басқармасының сектор меңгерушісі, ресми шаралар және сыртқы байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Іс  басқар-масының  ресми шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі болды.
Сонымен бірге, аппарат кеңесінде облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Патюткинаға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің шешімімен берілген «Дене тәрбиесі, спорт және туризмді дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісін тапсырды. 

Кеңесте облыс әкімінің орынбасары А.Мысырәлімова Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында өткен Ақмола облысы күндерінің қорытындылары туралы баяндады. Бұл ретте, мәдениет күндерінің жоғары деңгейде өткендігі атап көрсетілді. Маңызды шараға облыстан 1500 адам қатысты. Олар бес күн бойы Астананы ән-күй мен басқа да думанға бөлеген өнер шеберлері, театр әртістері мен қолөнершілер. Мәдениет күндерінің ашылу салтанаты мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің амфитеатрындағы гала-концерт те талғампаз өнерсүйер қауымның тарапынан зор бағасын алды. Этноауылда әлем қазақтарының V құрылтайына келген шетелдік меймандарға халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлері паш етілді. Спорт сайыстары мен аламан бәйге де назардан тыс қалмай, Құлагердің шабысын көрген елдің шоқтығын биіктете  түсті.
Сондықтан, Астанадағы мәдениет күндерінің ойдағыдай өтуіне байланысты облыс әкімі осы іс-шараларға қатысушылардың бәріне өзінің ризашылығын жеткізіп, ақмолалықтардың алдағы уақытта да осындай биіктерден көріне  беретіндігіне сенімін білдірді.
Алдағы 28 маусымға белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау да еліміз үшін саяси маңызы зор үлкен оқиға екені белгілі. Қазір осы жауапты  сынға дайындық қайта бір пысықталып, сайлауға қатысты ұйымдастыру жұмыстарының бәрі шешіле түсуде. Бастапқыда Сенат депутаттығына бес кандидат ұсынылып, тіркелген еді. Бүгінгі таңда үш үміткер өз өтініштері бойынша одан шығып, Дәурен Әділбеков пен Дамир Досхожин екеуі қалды.  Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 27 маусым күні түнгі сағат 24.00-де аяқталады. Келесі күні таңертең сағат 10.00-де облыстық аудандық және қалалық мәслихат депутаттары екі үміткерден өз таңдауларын жасайды. Осыған орай, облыс әкімі депутаттарды сайлауға алып келу, орналастыру мәселелерінің жергілікті органдарға зор жауапкершілік жүктейтіндігін айта келе, тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, облысымызға сайлауды бақылауға келетін 12 халықаралық байқаушының  сапарының да ойдағыдай ұйымдастырылуы қажеттігі  сөз болды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар