Ақмола өңірінде киелі жерлер тізіміне енгізілетін ескерткіштер аз емес

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында көтерілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау бағытында атқарылар  жұмыстар туралы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық  ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен дөңгелек үстел  басында келелі  әңгіме өрбіді.

Шараны ашып, жүргізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, қазіргі күні өңірімізде 1793  тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Олардың 4-еуі республикалық дәрежедегі ескерткіштер болса,  1032-сі жергілікті мәні бар ескерткіштер. Сонымен бірге, 757 алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени нысандар бар. Ескерткіштердің көбі Зеренді, Ерейментау, Бурабай, Қорғалжын және Атбасар аудандарының аумағына шоғырланған. Ол ескерткіштердің қатарында Ботай, Құмай тұрақтары сияқты үш мың жылдық тарихы бар ежелгі қоныстардан бастап, өткен ғасырларда өмір кешкен батырлар мен билердің мазарлары түріндегі сәулет ескерткіштері де бар.
Тарих ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Виктор Зайберт бір кезде өзі жүргізген Көкшетаудың дәл іргесіндегі Краснояр селосының маңында орналасқан ежелгі мыс ғасырының тұрағы Ботай ескерткішін аталмыш жоба тізіміне енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс айтты. Жиырма гектардай аумақты алып жатқан бұл ежелгі ескерткішті зерттеу жұмыстары 1980-ші жылдардан басталған екен. Ежелгі қазақтардың өмірі мен мәдениеті жайында көптеген құнды деректер табуға мүмкіндік берген тұрақтағы қазба жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда.  Ашық аспан астындағы бұл ескерткішті еліміздің киелі жерлері тізіміне енгізу арқылы мыңдаған жылдық тарихы бар халқымыздың өткенін нақты деректер арқылы халыққа танытуға және өңірімізде туризмнің дамуына  серпін беруге мүмкіндік туар еді.
Ерейментау ауданының аумағынан 2009 жылы ашылған Құмай кешені де екі мың жылдық тарихы бар ежелгі ескерткіш болып табылады. Қазіргі күні ескерткіш кешені аумағының картасы жасалып, көптеген құнды деректер табылды. Мұнда ежелгі заманда өмір сүрген көшпелі түркі тайпалары көсемінің жерленген зираты бар. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану орталығының директоры Қуаныш Шақшақов Құмай кешені аумағында адам санасына әсер ететін күшті энергетикалық аймақ бар дегенді айтты. Қазақтардың ертеде әулиелердің мазарларын жағалап, медет тілеулерінің бір себебі де осында болса керек. Осы аумақта энергетикалық өріс барлығын тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева да растайды дейді орталық директоры. Осыған орай, ол Құмай ескерткіш кешенін еліміздің киелі жерлері географиясы тізбесіне енгізуді ұсынды.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғали киелі жерлер географиясына қандай нысандар кіруі қажеттігі жайында жан-жақты айтып берді. Елбасы мақаласында ұлттық бірегейлігімізді сақтау мәселесінің көтерілуі  қазіргі жаһандану заманында өзге халықтардың идеологиясы мен діни жат ұстанымдардың ықпалына түсіп кетпеу үшін де  қажет болып отырғаны түсінікті.  Осы орайда, қазақтың киелі жерлерін құрмет тұту, тіпті сыйыну – бұның бәрі жат идеологияның ықпалынан сақтайтын қорған болары анық. Киелі жерлер географиясын жасап, оны насихаттаудың мәні мен маңызы да осында. Бұл жоба тізіліміне кіру үшін қажетті ең басты шарт – халықтың оны қасиетті санап, көп баруы және табыну рәсімдерін жасауы болып табылады. Ол мазар, көп жылғы ағаш, табиғи үңгір немесе тау-тас болуы мүмкін. Ғалымдардың міндеті – сондай орындарды ашу емес, халық өзі мойындап, қасиетті санаған осындай жерлер туралы мәліметтер жинап, жариялау, оны насихаттау. Қазақ арасында ежелден айтылып келе жатқан әулие көл, әулие тау, әулие тал сияқты түсініктер сондай киелі орындардың болғандығын, халықтың оны киелі санап табынатындығын айғақтайды.
Бұл бағдарлама бес жылға, яғни, 2017-2022  жылдарға жобаланған. Биылғы жылдың шілдесінің ортасында жоба жұмысқа кіріспек. Осы орайда, ғылыми-зерттеу орталығы қазақтың киелі жерлері географиясының тізбесін жасау жұмыстарын қолға алып жатқан көрінеді. Орталық басшысы жергілікті жерлерде талқыланып, ұсынылған тарихи-мәдени нысандардың  жоба талабына сәйкес келетіндігін анықтап, содан кейін тізімге енгізіледі. Тізімге тек жергілікті маңызы бар нысандар емес, бүкіл республикалық маңызды нысандар ғана енетіндігін ол қадай айтты. Өкініштісі сол, жергілікті жерлерде әр ру, ата өз ата-бабаларының мазарларын, кесенелерін дәріптеп, тізімге енгізуге күш салатын жайлары ұшырасады екен. Сонымен бірге, шара барысында Атбасар ауданының аумағында Киікбай батырға арналған екі мазардың барлығын, әр ата оны өздеріне тартып, дау-дамай туындап отырғандығы жайлы айтылды. «Бұндай жағдайда дауды шешуге мемлекет араласпайды. Заң бойынша оны адамдар өздері кеңесіп шешулері тиіс», – деді ғылыми-зерттеу орталығының басшысы. Сондай-ақ, зираттарды киелі санап, оған сыйынуға жол ашу, бұны коммерцияға айналдырып, ақша табуға құныққан, бүгінде тиым салынған ұйымдардың қайта бас көтеруіне ұшыратпай ма деген күмән де айтылды. Берік Әбдіғали бұл мәселелердің бәрін заң шеңберінде құзырлы органдар шешуі тиіс екендігін айтып, қолға алынып отырған жобаға ол көлеңкесін түсірмеуі қажеттігін атап өтті.
Қазақтың киелі жерлері жобасына енгізілетін нысандардың бәрі тек қазаққа ғана тән емес, оның арасында өзге ұлт өкілдері үшін қасиетті саналатын мәдени-тарихи нысандар да бар. Мәселен, Алматыдағы кафедралдық собор және басқа да нысандар. Ғылыми-зерттеу орталығының басшысы киелі жерлер тізіміне кірген нысандарға мемлекет тарапынан жол салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілмейтіндігін, бағдарламаның басты мақсаты жоғарыда айтқандай, халықты біріктіріп, ұлттық бірегейлікті сақтау, жат идеологияның ықпалына түсуден қорғау екендігін айтты.
Шара барысында облысымыздың аумағында орналасқан біраз мәдени-тарихи нысандар жайында айтылып, олардың киелі жерлер тізіміне енгізуге лайықты екендігі тілге тиек болды. Көкше өңірі тарихи орындар мен ескерткіштерге өте бай. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Бибігүл Сәдуақас хан ордасы қоныстанған Бурабай өңіріндегі тарихи орындар жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Мәселен, Абылай хан отыз жылдан астам уақыт ордасын тіккен Ханның Қызылағашы, Зеренді ауданы Қазақстан ауылының маңындағы Уәли ханның мазары, Бурабайдағы Кенесары үңгірі – бұлардың бәрі киелі жерлер тізіміне енгізілуге лайықты нысандар екені анық. Сонымен бірге, Еңбекшілдер ауданындағы Біржан сал зираты мемориалдық кешені, Қорғалжын ауданындағы Батығай кесенесі, қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек сұлтанның құрметіне арнап салынған Жәнібек Шалқар мазары, Аршалы ауданындағы ақын, сазгер Иманжүсіп Құтпанұлының есіміне қатысты тарихи орындар, Бұланды ауданындағы Балуан Шолақ зиратының мемориалдық стелласы сияқты жұртшылыққа танымал орындар облысымыздың аумағында аз емес. Дөңгелек үстел шарасы барысында сондай тарихи-мәдени ескерткіш нысандары жайында айтылып, республикалық киелі жерлер географиясы тізіміне енгізу жөнінде ұсыныс жасалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар