Ақмола облысының жалпыұлттық қасиетті нысандары

Ақмола облысында қазіргі таңда 2 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Жалпыұлттық және өңірлік тізімге 45 қасиетті нысан енгізілген.

Әр халықтың, әр өркениеттің өз ұлттық сипаты, мемлекеттің көздің қарашығындай қорғайтын киелі жерлері бар. Бұл рухани дәстүрдің негізінің бірі. Қазақ  халқы үшін де бұл ерекше маңызды. Біз рухани тарихы бай ұлан-ғайыр елміз, осынау географиялық аймақта халық ешқашан өз рухани байланысын үзген емес.

Ақмола өңірінің киелі нысандары да көне тарихқа толы. Бұл – діни сәулет құрылыстары, қалашықтар, киелі орындар, тарихи ландшафтар және тағы басқалары. Біздің уақытымызға дейін мінәжаттық сәулет ескерткіштері жақсы сақталған, яғни, осы киелі орындар  ерекше танымал және туристік қажылық ететін орын болып табылады. Осы ретте, елімізге танымал, халқымыздың зиярат ететін киелі де қасиетті нысандарының бірнешеуіне тоқтала кетейік.

Әулиелер Ордасы

«Тоғыз әулие» немесе «Әулиелер ордасы» зираты Астанадан 150 шақырым жерде Астрахан ауданында орналасқан. Осы жерде отызға жуық қажы және бірнеше рет қажылыққа барған адамдар жерленген. Соның бірі – Ақмола округінің аға сұлтаны Ибраһим қажы Жайықбай, Шонтыбайхазірет. Олардың ішінде осы уақытқа дейін халыққа белгісіз Жанбатыр хазірет, Құтан хазірет, Алдажар хазірет, Жантас хазірет, Әлтә хазірет, Мұса хазірет, Құранды жатқа білген Шернияз қари, Нұртаза хазірет, Сәдуақас хазірет, Сопы Көпей хазірет, Бақберген хазірет және басқалары бар. Батыр қажы мен Шонтыбай хазірет Астананың маңындағы Астрахан ауданындағы медреседе сабақ берген және мешіттің жағдайын қамтамасыз еткен. Осы ақпаратқа сүйене отырып, біздің бабаларымыздың Меккедегі ғұлама-шейхтермен байланыста болғандығын білеміз. Ол кісінің тарихи тұлға екендігіне тағы бір дәлел, атақты Мәшһүр Жүсіптің өзі  Мекке-Мединаға барып мұсылмандық парызын атқарып қайтуын құттықтап, қажыға мынандай жүрек жарды дастан арнаған:

Ассалаумағалаәйкум, ай, Қажеке!
Медине, құтты болсын, Бардың Мекке!
Қылкөпір, ол зираттан  өткендей боп,
Сау қайтып есен-аман келдің жеке.

Келдің бе есен-аман, данышпаным,
Дін үшін қайрат (ғайрат) қылған арыстаным,
Көрісіп пайғамбармен, құшақтасып,
Төрт жармен ( иармен) құтты болсын табысқаның.

Сіз бір ер: Орта жүзге  үлгі салған,
Ерлерден қасиетті үлес алған.
Есіл мен Мойыншақтының арасындай,
Оңай боп жүруіңе тоғыз (тоқұз) барған,
Жарасар қалай айтсақ, тақсыр Сізді!
Кез қылып сөйлеткен соң тәңірім бізді!

Арғын, Қыпшақ, Найман, мен Керей, Уақ,
Бастадың басшы болып Орта жүзді,
Шонтекем, айналайын, тақсыр-пірім,
Бастаған Орта жүзді кемеңгерім,

Айрылып ел-жұртымнан жүрген кезде,
Тарқаған Сізді көріп ішкі шерім!
Мен қажы көргенім жоқ Сізден басқа,
Ер едің атың шыққан «Алты Алашқа»!

Ерлерім қажы жолында зая болып,
Көкірек-қайғы, көз толып қанды жасқа!
Батырқожа қажекең сол жерде өлген,
Сұраусыз онда өткен жан ұжмақ кірген,
Бабасы Шонтекемнің және сонда,
Төртеуін тақсыр өзі қолдан көмген.

Осы дастанның мазмұнына қарап-ақ, ақын сопы және ойшыл Мәшһүрдей адамның пірі болғандығы, Құтб-заман деп атауы Шонтыбай қажының тегін адам  еместігіне үлкен дәлел болса керек. Құтб-заман деген ол әулиеліктің ең биік дәрежесі. Олар бір-бірімен қатты сыйласқан.Құлан қыпшақтардың Ақмола өңіріндегі тіршілік тарихынан сыр шерткен, Жақып молда Қошқарбайұлының Астана қаласында тұратын ұрпағы Марат қажы Аманжолұлы молда ұрпақтарының қорымы жөнінде былай дейді:

–Жалтыр стансасының жанында 9 қажының сүйегі жерленген қорым бар. Ол Құлан Қыпшақ молда ұрпақтарының фәниден бақиға көшкендердің зираты. Әкем, марқұм Аманжол Смағұлұлының айтуы бойынша, осы қорымда есімі елге кеңінен мәшһүр, атақты тоғыз қажы жатыр. Мұнда жерленген қажылар Жанбатырдан бастап Шонтыбай хазірет, Жантас, аға сұлтан Ыбырай, Алдажар, Құтан хазіретке дейін жалғасып кете береді. Негізінен, кеңес үкіметіне дейін молда ұрпақтарының жайлауы қазіргі Луговое деген жерден Астрахан  ауданына дейін, қыстауы Жалтырдан бастап Атбасарға  дейін созылған. Кезінде Ресей патшасы кеңсесінің бұл жерлерді біздің ата-бабаларымызға  заңдастырып берген тарихи құжаттары да болған дейді.

«Тоғыз әулие» зиратында Шонтыбай хазіретпен бірге оның бабалары Қошқарбай батырдың асырап алған ұлы шайқы Жақып молда да жерленген. Қошқарбай батыр Жақып молланың тегі хан тұқымынан екендігін ескеріп, оны шайқастарда қолға түскен Бадамхар деген қалмақ ханының қызы Құмайға үйлендіреді. Қошқарбай батырдың өзі қазіргі Омбы облысына қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келген. Ол Сібірде Абылай ханның өз жасағымен бес мыңнан астам жоңғарлар мен ұранхайлықтарға соққы беріп қана қоймай, оларды Оба өзенінен асыра тықсырып қуып тастайды. Өз заманында Абылай ханның өзі Жақып молладан бата алған деседі. Қошқарбай батырдың арғы ата-бабалары  өткен мыңжылдықтың XV ғасырында Сібір жерлерін қоныстанған. Олар Тобыл мен Сүйір өзендерінің аралығындағы жерлерде көшіп-қонып жүрген. Нақты сол өңірлерді мекендегендіктерін арнайы бекітілген жағырапиялық атаулар растайды. Қазіргі Новосібір облысы байырғы заманнан бері Құланды даласы деп аталған. Ал, Омбы облысында Олжай деген тұзды көл бар, оның ежелгі атауы Сортаңкөл. Бұл атау Олжай батырдың бабасы Қошқарбай батырмен байланысты болса керек.

Олжайбатыр Жамақұлы XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың басында өмір сүргені, оның Сағалай, Балажай есімді екі батыр ұлы болғаны белгілі болды. Олжай батыр Сібірді отарлауға қарсы көтерілістерді басқарғандықтан, Ресей үкіметі оның кіші ұлы Балажай батырды күштеп, кәпірлердің дініне кіргізген. Балажай батырдың  ұрпақтары Сібірде атақты «Полежаевтар әулеті» деген атпен белгілі болған.  Омбының бұрынғы губернаторы Леонид Константинович Полежаев – Балажай батырдың тікелей ұрпағы. Ресейдің отарлау мақсатындағы басқыншылық соғыстарынан кейін Олжай батыр Жамақұлының бастауымен ағасы Сейтқұл батыр Құрымбел даласына көшіп кетуге мәжбүр болады. Жақып молла мен оның ұрпақтарының айдаладағы осы зиратты таңдау сырының себептері, олардың бабалары Қошқарбай батырдың осы зиратта жерленуі мүмкін-ау деген ойға қалдырады.

Баубек батыр кесенесі

Бұл мазар Жақсы ауданы Есіл ауылында (Қызыл Ту бөлімшесі) орналасқан.

Баубек Бекмырзаұлы 1824 жылы Көкшетау облысының аумағында дүниеге келген. Оның әкесі Бекмырза өз заманының ауқатты да атақты адамы болған. Баубек әке-шешесінен ерте айырылды. Ол тоғыз жасында қазақтың күрескер ханы Кенесары Қасымұлының жақын айналасына тап болады. Кейіннен оның ұлы сияқты болып, әскери істі үйренеді. Жас кезінен бастап Баубек алапат табиғи күш иесі болып, табандылығымен ерекшеленеді.

Ол 15-16 жасында қырғыздармен болған ірі шайқастың біріне қатысып, атақты қырғыз батыры Отыншыны жеңіп, аты шығады. Содан бері халық оны Баубек батыр деп атай бастады. Кенесарының көтерілісін дайындау және оны өткізу кезінде оның адал көмекшілерінің бірі ретінде көзге түседі.

Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін Баубек батыр өзінің көптеген тайпаласымен бірге Терісаққан өзеніне қоныс аударады. Сөйтіп, болжам бойынша Терісаққан Есілге құятын тұсқа қоныстанады. Қазіргі Терісаққан ауылының негізі содан басталған.

Баубек батыр өз халқының қорғаны болған. Патша үкіметіне қарсы көтерілістерге қатысқаны, сондағы ұстанған көзқарасынан таймағаныүшін патша әкімшілігі оны Түмен облысына жер аударып, сол жақта 1884 жылы қайтыс болады.

Осылайша Баубек батырға туған жерінде жерленуі маңдайына жазылмапты. Оны тұтқынға әкетіп бара жатқанда, батыр «Енді қайтып келе алмасам, денем туған жерде қалсын» деп, шынашағын шауып, жерге көміп кетіпті дейді.Кейін батырдың Түмен жерінде қайтыс болғанын естіген балалары әкелерінің шынашағын, киімін Бесоба деген жерге көміп, қазіргі Қызыл Ту ауылы аумағында тастан үлкен зират орнатады.

Батырдың бүгінгі ұрпақтары атақты ата-бабасының есімін мәңгі ел есінде қалдыру мақсатында кесенесін тұрғызып, оның 1993 жылы 16 қазанда салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Бір кездегі Қызылту ауылы қазір Баубек батыр ауылы атауын қайта алды.

Қазақстан тарихында осындай «ақтаңдақтар» жеткілікті. Ұзақ уақыт бойы Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысымен байланысты адамдардың есімдері ұмыт қалып жатты. Баубек батыр туралы ресми түрде алғаш жазған ұлтжанды азамат, тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов болды. 1995 жылы журналист Ахметжан Байжанның «Бектауыл Баубек батыр» атты кітабы жарық көрген. Онда Баубек батырдың өмірі мен Кенесары қозғалысына қатысқан кезеңі жайында жан-жақты айтылады. Батыр бейнесі қазақ жазушылары Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында, Сабыр Шәріповтің «Ерден көлі» әңгімесінде және тағы басқа шығармаларда сомдалған.

Беспақыр кесенесі

Беспақыр кесенесі –XIX ғасырдың діни сәулет ескерткіші. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының Абай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 8,5 шақырым жерде орналасқан.

Беспақыр кесенесі құрамына қой сүті, жүні және балшық пайдаланылған өңделмеген кірпіштен қаланған. Кіреберістегі күмбездің жоғарғы жағы опырылып, кіретін доға айналасындағы қабырғаның қирағаны байқалады. Ескерткіш күмбезді кіреберісі бар саған түрінде жасалған өзіндік мазар ретінде сипатталады. Екі бөлмелі композиция көлденең осінде шығыстан батысқа қарай созылған. Шағын көлемнің пропорциялары алдыңғы қабырғаның тегіс пішіндерімен ерекшеленеді. Шығыс жағындағы аласа доға есік кірпіштен қаланып шығарылған, ол күмбезбен жабылған диаметрі шамамен 2,8 метр сопақ бөлменің ішіне апарады. Есік осі бойынша аласа доға тесігі 6,5 метр саған түріндегі, қабырғасының биіктігі 3 метр басты дөңгелек бөлмеге әкеледі. Кесене алғаш рет 1987 жылы зерттелген. Аңыздар бойынша кесене XIX ғасырдың 30-жылдары Кенесары ханмен бірге соғысып, қан майданда қаза болған бес жауынгердің құрметіне тұрғызылған. Беспақыр атауы содан шыққан көрінеді.

   Гүлім РАХЫМЖАНОВА,
Ақмола облысы мәдениет басқармасының тарихи-мәдени
мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар