КИЕЛІ КӨКШЕ ӨҢІРІНДЕГІ БУРАБАЙ БАУРАЙЫНДАҒЫ ҚАСИЕТТІ ЕСКЕРТКІШТЕР

Көкше баурайы қазақ тарихының ерте және ортағасырлық кезеңдерінен сыр шашатын ғажайып ескерткіштерге толы.

Бұл жердің сонау көне замандардан сақталған бұлыңғыр тарихи әңгімелері ертегіге айналғаны қашан?! Көкшеге көрік беріп тұрған Қарағайлы (Бурабай) мен Қыздың қара суы (Шучье) көлдерінің жан-жағы толған тарихи жәдігерліктер, тарихи жер-су атаулары. Неге дейсіз ғой? Себебі, Көкше қадым замандардан хандар мен патшалар мекендейтін қорық жері болғаны анық. Қазақ баласының тағдыры сынға түскен ерлік дәуірінде, яғни, ХVІІІ ғасырда бұл жерді өздерінің жауынгер көсемі Абылай ханға орда болуға лайықтағаны да сол себептен.

Ханның қызыл ағашы

Біз бүгінгі күні Көкшетаудың сыртында, батысқа қарай жазық дала мен орман-тоғайы аралас, адамға да, жан-жануарға да жайлы Ханның қызыл ағашын Абылай атымен байланыстырамыз. Абылай 1713 жылы Түркістанда Көркем Уәли сұлтанның отбасында дүниеге келді, азан шақырып қойған аты Әбілмансұр еді. Оның атасы талай жекпе-жекте мерейі үстем болған, ер жүрек Жолбарыс Абылай сұлтан болатын. 1718 жылы Жолбарыс Абылай сұлтан қазақ әскерінің екі жеңілісіне себеп болған Қайып ханды өлтіріп, амал жоқ Үргенішке көшуге мәжбүр болды. Бұл сапардан Әбілмансұр 1725 жылы Ораз аталыққа еріп жалғыз қайтты. «Ақтабан шұбырынды» уақыты болатын, ішкі жаулары да кекті ұмытпаған, Әбілмансұр «Сабалақ» деген атпен Төле бидің түйешілері мен жылқышылары арасында жеті жыл жасырын жүрді. Әбілмансұр Сарыарқаға келген 1732 жылдан бастап өмірдің жаңа бір кезеңі басталды. 1733 жылы қазақ жасақтары Жоңғария шекарасына еніп қонтәжінің өзінің ұлысына тиіседі. Сібір шекара командирі И.Бухгольц 1734 жылы жоғарыға тапсырған баяндамасында «…Казачья орда в прошлом году нападением своим на контайшины улусы учинили немалую обиду»,–деп жазады. Әбілмансұр 1733 жылғы Шарышпен жекпе-жектен Абылай атымен бірге өз бетіне жеке ұлыс және сұлтан атағын алып шықты. Сұлтандық атақтың ресми бекітілуі Баянауыл жерінде Сабынды көлдің жағасында болды. Қазақтың «жігіттікте жаннан без де іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең кісі боларсың» деген сөзінің дәлелі осы. Сарыарқаны мекендеген қазақ елі қиын заманға қарамастан Баян жерінде Абылайдың құрметіне ұлан-асыр той жасап, ел еңсесін көтерудің амалын іздеді. Бұл оқиға Олжабай ақынның «Сабалақ – Абылай хан» жырында көрініс тапты:
«Қазақтың баласына кек әперген,
Өзі – хан, атағы – Абылай болсын!» – десті.
Бұл сөзге бәтуәсін берді халық,
Ендігі жыл келмекке сөз байласып.
Баянаула, Сабындыкөл басында,
Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.
Мың жеті жүз отыз төртінші жылында еді,
Үш жүздің басын қосқан жиын еді.
Мәжіліс, сый-құрмет еткен жері –
Қанжығалы Абыз – Шомақ ауылында еді (Олжабай Нұралыұлы. Шығармалары. Алматы, 1995. 204 бет).
Қазақ баласы жиналып Абылайды сұлтан көтерген жер Сабынды көлдің оңтүстік-шығысына қарай орналасқан үлкен алаң. Бір жағы көл, бір жағы шың, көк майса үлкен алқап тойға лайықты, ат шабысқа ыңғайлы көрінеді. Осы ұлы оқиғадан кейін алаңның оң жақ шетінде оқшырайып тұрған биік «Абылайдың көкжартасы» атанды:
Түстік жақ Сабынды көлінің сұлу біткен,
Талай ел жайлап – қыстап мекен еткен.
Баянды қалмақтардан алғаннан соң,
Абылай Көкжартасқа туын тіккен,–
деп сипатталады бұл жеңісті оқиға Шаймардан Торайғыровтың «Баян» жырында (Торайғыров Ш.Баян// Дауа,1992, маусым).
Осылайша Абылай хан ордасы Ханның қызыл ағашы аталатын патшалар мекеніне 1733 жылы орнады. Абылайға ұлыс есебінде берілген Көкшетау маңындағы атығай, қарауыл, қанжығалы рулары. 1740 жылы В.Урусовтың сұрағына Абылай осы үш елді атаса керек: «салтан объявил, назвав три имеющиеся у него рода, из которых в первом семье шесть тысяч, во второй десять тысяч, а третьем четыре тысячи» (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII в.в. Алма-Ата, 1961. с.155). Сонымен қазақтың «Хан болды 48 жыл Көкшетауда» деген сөздің шешімі осы. Егер 1733 жылдан бастап санасаңыз 1781 жылға дейінгі кезең.

Абақай қыраты

Абылай хан ордасының шығыс жағында, Көкше биігі мен Қызылағаштың арасында Абақай қыраты деген белес бар. Абақай сөзінің мағынасы көп уақыт бізге түсініксіз болып келді. Жергілікті қазақтар Абақай деген қалмақ ханының қызының аты дейді. Абылай ауылының байырғы тұрғыны, қарт мұғалім Тоқан Көбенов осыдан бірнеше жыл бұрын бізбен әңгімесінде «Абақайдың арғы жағына қарай тас оба бар, ол жерге қалмақ ханының қызы жерленген, қазынасымен көмілген, біреу тиіссе күн бұзылады, тиіскен адамға бір жамандық болады»,–деген еді. Қазақ баласы исламға дейін дәуірді, яғни, ислам дінін қабылдамаған ескілікті заманды «қалмақ», көне ескерткіштерін «қалмақ обасы» дейді, шын мәнінде олар сақ-ғұн дәуірінен қалған ескерткіштер.
Біз «Абақай» сөзі қандай мағына береді деген сұраққа бірталай уақыт жауап іздедік. Бұл сөздің мағынасы – «ата (үлкен) жылан» және байырғы қазақ тілінде бар. Бүгінгі күні бұл сөз Іленің жоғарғы жағын мекендеген Қызай аталатын рудың қазақтарында жыланның тергеу аты ретінде сақталған. Қазақстанның өзге өңірінде өмір сүретін қазақ жыланның тергеу аты «түйме» дейді. Абақай – сонымен ерте заманда кең таралған тотемдік, яғни, киетектік түсініктерден қалған сарқыншақ.
Қазақта тек қана жылан емес, сонымен бірге қасқыр да, үкі де, қошқар да қасиетті тотем болып есептеледі, оларға қатысты тергеу аттар қолданылады. Мысалы – қасқырды – ит-құс дейді, қасқыр деп қалса бір жаманшылық болады деп қорқады, қошқарды – қой ата дейтін де қазақ ауылдары бар. Абақай атауының көнелігіне қатысты тағы бір дәлел, оның антропоним ретінде мәнжүр тайпаларында сақталуы. 1630 жылдары Халха-моңғолды, одан кейін Қытайды бағындырған атақты мәнжүр императорының аты Абақай болатын. Ал енді Абақай атауының Қызайларда сақталуы тіпті қызық. Бұл көне рудың өз атауы арийлік тілде «аталық» дегенді білдіреді, яғни, ерте замандарда саяси билікке қатысы болғандығы атынан да көрінеді. «Ақтабан шұбырынды» заманында Қызай аталары қазір қазақ баласы астана қылып ту көтерген Қараөткелден Бурабайға дейінгі жерді қоныс қылады да, 1750 жылдары Алтай, Тарбағатай, Жетісу өлкелері қалмақтан босаған уақытта шығысқа қарай көшті.
Сонымен, Абақай сөзі «ата (үлкен) жылан» қыраты дегенді білдіреді. Бұл тұрғыдан осы маңға таяу тағы да бір елді мекеннің Ұрымқай аталатынын еске алған ләзім. Ұрым – қазақ тілінде Рим сөзінің баламасы ретінде қолданылады, оның бір дәлелі «Ұлың–Ұрымға, қызың–Қырымға» деген сөз.
Қазақ ертеде Ұрым деп қазіргі Түркия иелігіндегі жерлерді де атай береді. Сонымен бірге, Ұрымқай сөзі саха (якут) халқының өзіндік атауларының бірі (эндоэтноним) Ұраңқай сөзін де еске түсіреді. Оларға көрші жатқан тува халқы да өздерін Ұранқай деп атайтынын оқырман қауым білсе керек. Бұл сөздің түпкі мағынасы қызыл болуға тиісті. Қалай болғанда да Абақай атауы тым ертерек заманнан сақталған көне атаудың бірі деп есептейміз. Сонымен Абақай қыраты көне тарихтың бірден-бір куәсі ғана емес, кейіпкері десек те болғандай.

Қасиетті сақ қорғаны туралы естеліктер

Егер сіз Бурабайды бір жағынан айналып Ханның қызыл ағашына қарай жол тартсаңыз Абақай қыратына жақындай бергенде жолдың сол жағынан, шоқ қайың арасынан – Тәңіріге, ата-бабалар рухына, киетектерге (тотем) арнап құрбандық шалатын, дұға жасайтын қасиетті тас обаны көресіз. Ерте уақытта бұл биік оба болғаны оның көлемінен-ақ көрініп тұр, археология тілінде бұл сияқты құрылыстарды «патша қорғандары» деп атайды. Кеңес заманында қорғанның үстіндегі тастарды құрылыс жұмыстарына алған, ортадағы бірнеше тонналық дәу тас плиталардың да орнынан қозғалғаны анық көрінеді. Міне, дәл осы ғажайып ескерткішті жергілікті қазақтар атам заманнан бері «Қалмақ ханының қызы» жерленген қасиетті оба деп біледі. Бүгінгі күні бұл ескерткіштің жалғыз иесі қабірдің үстінде жатқан алып тас плиталарды паналаған жылан ордасы. Күннің ыстығында ханшайымның қорғаушылары жердің бетіне шығып күнге қыздырынып жатады.
Бұл қорғанның сырын білетін жергілікті адамдар әдетте қорғанды алыстан айналып жүреді, тым жақындауға қорқады, ораза-намазы дұрыс болмаса, тазалығы жетпесе бір жаманшылық көреміз дейді. Сонымен бірге, қариялар ерте уақытта осы жерге арнайы әулие деп тәу етіп келген адамдар өздерінің тілегін айтып қорғанды тоғыз рет айналушы еді дейді. Бұл жерге әр түрлі себептермен, көбінесе деннің саулығы дұрыс болмаған адамдар келеді екен. Бала көтере алмаған әйел адамдар ер азаматын ертіп келіп, осы жерде құрбандыққа қой шалып тәу етсе тілегі қабыл болады дейді. Әр түрлі сырқатпен келгендер бір түнегеннен емделіп шығатынын жергілікті ел аңыз қылып айтады.
Сонымен бірге, жергілікті үлкен кісілер осы қорғанға тиісіп, астындағы қазынасын аламыз деп жазалы болған оқиғаларды көп айтады. Мәселен сондай оқиғалардың куәсі болған Абылайхан ауылының тұрғыны, зейнеткер Қасен Сейпейов: «Жас кезімізде үлкен қариялардың аузынан жиі естігенім осы қыратта ерте дәуірдегі қалмақ ханшайымы әшекей, алтын дүние мүлкімен жерленген, бірақ оған қол тигізуге болмайды, оған қол тигізген, алып пайда көрем деген адам жамандыққа ұшырайды. Жас кезімізде осы тыйымға құлақ аспай, бір күні құрал-саймандарымызды қомдап, жолдас жігіттермен обаны қазбақшы болып барған бетіміз сол еді, күннің жайма шуақ болып тұрғанына қарамастан, сол сәтте күн бұлттанып, қара құйын жел көтеріліп, маңымыздың барлығы алай-дүлей шаң, топырақ болып кетті. Сонымен қатар, сол жердің қаттылығы сонша күрек батпады. Зәреміз ұшып кейін қайттық. Болған оқиғаны басқаларға айтып бердік. Естіген жігіттер «бұл жәй, кездейсоқ болған құбылыс, қорқатын есштеңе жоқ»,–деген соң, топ жинап, арнайы жер қазатын трактор алып екінші мәрте бардық. Барған бетте жерді қазуға кірісуіміз сол екен тағы да қатты жел көтеріліп, трактор кабинасының артқы шынысы үгітіліп, алдыңғы фарлары быт-шыт болып сынып түсті. Үлкендердің айтқаны бекер еместігіне көзіміз жеткен соң тым-тырақай заттарымызды жартылай жинап, кері қаштық. Бұл жердің қасиеттілігін сонда сезіндік, одан кейін жаман ниетпен келген емеспіз. Бірақ кейінде осы жер туралы естігендер пайда таппақшы болып, арнайы жер қазатын құрал-саймандар алып, тағы біреулер келген екен. Табиғат наразылығына қарамастан жерді қазған бетте маңайларында қара жылан қаптап кеткен. Сөйтіп, мақсаттарын іске асыра алмай қорқып ауылға қайтып келген» –
дейді.
Осы Қалмақ қызының обасына көп жылдардан бері әкесінің өсиетімен қамқорлық жасап, үнемі аптаның жұма күндері барып құран оқытып жүрген Щучинск қаласының тұрғыны Марат Байжумов деген азамат: «9 жасымда әкем осы қыраттан өтіп бара жатып, «Балам, мына жер өте қасиетті жер. Бұнда періште сұлу жерленген және ол адамдарға қиналған сәтте көмектеседі. Маған талай көмегі тиді. Осыны есіңде сақта, қамқор бол, ұмытпа!», – деп өсиет айтқанын баяндады. Марат Байжумовтың әкесі өзінің қыстың қақаған 40 градус аязында осы жерде жұмыс бабымен өтіп бара жатқанда машинасы сынып, жолда қалғанын, обаның басына барып дұға оқыған соң машинасы жүріп кеткені туралы айтқан еді. «Сол сөздер менің жадымда сақталып, ылғи ойлап жүрдім, бірақ нақты осы қорғанға баратын жолды ол кезде жас болғандықтан, есіме сақтай алмаппын. Есейе келе, әкем қайтыс болған соң ауылдың қарияларынан сұрастырсам, барлығы көрсетуден бас тартып, «саған ол жердің қажеті қанша, ол жер өте қауіпті» деп айтпай жүрді» – дейді
Марат Байжумов. Біраз уақыт өткеннен кейін ол бір реті түскенде, осы Абылайхан ауылына келіп молда қариядан сұрайды. Содан бір күні құрмалдыққа қой соймақ болып, обаның басына құран бағыштауға барады. «Біз келген кезде маңайдың бәрі қатты жауын-шашын болып тұр еді, бірақ, барлығымызды таң қалдырғаны ханшайым жерленген жер, яғни, тас қорғанда бір тамшы да жаңбыр жауған жоқ. Сол тұста маңайдың бәрі қараңғы, ал, оба үстінде аспан ашық, күн жарқырап тұрды. Бұл бәріміз үшін жұмбақ, тылсым құбылыс болды, осы оқиғадан кейін біз бұл жердің қасиетті екеніне шексіз сенетін болдық»,– дейді.
Сонымен қатар, жергілікті қариялар осы жерден машинамен зулап өтемін деп машинасы сынып, жолда қалғандар туралы, жолда қалып қойғандардың осында келіп дұға оқып аман қалған оқиғаларын бірталай баяндайды. Осы жерге жақындағанда қысты күні адасқан адамдардың алдынан боранның сейіліп кететіні де аталған ескерткіштің қасиетін айқындай түсетін секілді.
Расында да, қорған басындағы аура керемет. Барған беттен-ақ тынысың кеңейіп, сарайың ашылып қоя береді-ақ! «Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, көкірек қанша жұтса тоясың ба?» – деген осы-ау дейсің. Табиғаттан асқан мүсінші, суретші не зергер жоқ шығар. Табиғат-ана адам перзентіне бүйрегі бұрып, сахара далада теңдессіз туынды – сұлулық эталонын орнатып кеткен. Осы әдемі табиғаттың ортасында орын тепкен «Қалмақ ханының қызы» аталатын ерте көшпелілер заманының ғажайып ескерткіші маңайындағы әлеммен тамаша үйлесіп тұр. Жәй ашық күннің өзінде осы жер буалдырланып тұрады және қорғанның үстінде тұман қалқып тұрғандай бейне бір ерекшелік яғни, тылсым табиғат өз өнерін айдай әлемге сиқырлы бояуымен паш еткендей, фотоға да әдемі түседі.

Жамбыл Артықбаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Сандуғаш Қасымова,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Тарихқа құрмет – жастарға міндет!

Осы ретте бұл ескерткіштің халқымыздың сан жылдық тарих қойнауынан атадан балаға, ғасырдан ғасырға мұра болып жеткен өшпес асыл қазынасы: әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, мәдениеті рухани құндылығымыз, баға жетпес асыл қазынамызбен тығыз байланысты екенін ескерткеніміз жөн. Ата-бабаларының дәстүрін сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын рухы биік біздің халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиетті, киелі санайды. Туған жерге, жаратылыс құбылыстарына, табиғатқа деген дүние¬танымдық көзқарасы, ықыласы таңғажайып көркем. Айнала қоршаған табиғатты тірі деп қабылдау, өз ұрпағын оған қиянат жасамауға тәрбиелеу қазақ халқының ырым мен тыйымдары туралы түсінігінде тұнып тұр. Елбасымыз Н. Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дегені еске түседі.
Табиғат пен тарихтың өзі-ақ сүйкімдеп мүсіндеген осынау көз қуанышы – көне қорым біз үшін тілсіз храм сияқты, оның сұсты сарай, бекіністерден гөрі жастарды Отанын сүю, туған жерге деген махаббат сезімін оятып, патриоттық негізде тәрбиелеуде рөлі зор. Осындай игі мақсатпен Арқаның кербез сұлу Көкшетауында орналасқан қасиетті ескерткішті өз көзімізбен көрмекке Көкшетау техникалық институтының ұжымы Бурабай аймағына аттандық. Жергілікті қариялармен әңгімелесу барысында Көкше баурайындағы бұл қасиетті ескерткіш туралы керемет әсер алдық, өзіміз де оның қасиеттілігіне куә болдық. Біздің мақсатымыз ескерткішті мистикалық түсініктер орталығына айналдыру емес, дегенмен, мынадай бір қызық оқиғаны айтпасақ болмайды. Мамыр айының соңына қарай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және Көкшетау техникалық институты басшылары мен мамандары ескерткішпен таныспақ болып келгенде әжептеуір күмән болғаны рас еді.
Біз бүгінгі күні Египет пирамидаларын т.б. көріп қалған халықпыз. Дәл осы кезде, күн кешкіріп қалған уақыт болатын, қорғанға бір машина келіп тоқтай қалады… Оның ішінен шыққан екі қария адам қорған ішіне кіріп дұға оқи бастайды… Бұған таң қалып тұрған көкшетаулық азаматтар жақындап сұрастырса… дұға оқып жатқан екі адам щучьелік жоғарыда аталған Марат ағамыз әкелерінің осыдан қырық жыл бұрын айтқан өсиеті бойынша ханшайым рухына арнап дұға оқытуда екен. Бірнеше жылдан бері, осы ескерткішке келіп дұға оқып, қамқорлық жасап тұрамыз дейді. Ғалымдармен пікірлесу барысында Бурабай мен Шортан Қарағай аймағы сақ-ғұн дәуірінде маңызды саяси орталық, хандар мекені, қорық жер болды деген пікірге келдік және қасиетті жерлерге қамқорлық ретінде Көкшетау техникалық институт тарапынан өз үлесімізді қосып, белгі тас орнатуды шештік.
Біздің мемлекетіміздің қазіргі күнгі басты идеологиялық нысандарының бірі болып табылатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қолымыздан келетініміз осы деп Қазақстан бойынша төтенше жағдайлар саласында болашақ – маман офицерлерді дайындайтын бірден-бір жалғыз жоғары оқу орны Көкшетау техникалық институты 2019 жылы маусым айында Көкше баурайындағы осы қасиетті ескерткіштің басына «Абақай қыраты – Сақ дәуірінде (б.з.б. І мыңжылдық) Тәңіріге, ата-бабалар рухына, киетектерге (тотем) арнап құрбандық шалатын, дұға жасайтын қасиетті орын» деп жазып құлпытас орнатты.
Құлпытасты институт басшылары табиғи тастан орнатуды дұрыс деп шешті. Себебі, мұндай тас мүсіндер ең сенімді және шынайы болып саналады, олар ұзақ жылдар бойы лайықты көрінеді және ғасырлар бойы тұра алады. Сондай-ақ, аталған институттың профессор-оқытушылар құрамы мен күндізгі оқу факультетінің курсанттары қасиетті мекен басында жеті шелпек пісіріп, Марат Байжумов ағамыз құрбан шалып, жергілікті ақсақалдар мен ауыл тұрғындарына сол жерде ас берді. Іс-шара барысында ақсақалдар аталған қасиетті қыратқа қатысты таң қаларлық оқиғалармен және төңірегіндегі басқа да киелі жерлер тарихы туралы қызықты танымдық, тәрбиелік аңыз-әңгімелер айтты. Өз кезегінде аталған білім ордасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген курсанттардан басқа көршілес Қырғызстаннан келген қырғыз бауырларымызға ақсақал қарияларымыздың әңгімелері күшті әсер беріп, ғибрат алды.

Бұдан әрі бұл жерге келген кез келген адам – қорғанның сонау сақ заманынан сақталған қасиетті жәдігерлік екенін білетін болады. Қазіргі күннің өзінде қасиетті ескерткіш басына келушілер көбейді, осылайша тарихи жадыда тарихқа, дәстүр-салтымызға деген құрмет жаңғырды. Көкше өңірінде кешенді тарихи-этнографиялық жұмыстар жүргізу, тарихи топонимдерді зерттеу және қалпына келтіру аса маңызды міндет болып табылады. Болашақта бұл өңірде ғылыми экспедициялар жүргізіліп, толып жатқан қасиетті ескерткіштердің ашылатынына сөз жоқ…

Нұр-Сұлтан қаласы.
(Арнайы «Арқа ажары» газет үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар