«Ауылға да қол ұшын беріп келеміз»

Бүгінгі таңда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, елінің гүлденуіне атсалысып жүрген абзал азаматтардың қатарында  «Еңбек-Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін іскерлікпен  басқарып отырған Асқар Қиықов та бар. Газет тілшісі іргелі ауыл шаруашылығы өндірісі басшысымен кездесіп, жаңа инновациялық жобалар жөнінде ой-пікірін білген еді.

– Асқар Мейрамбекұлы, «Әке көрген оқ жонар», – дейді қазақта. Сіздің әкеңіз Мейрамбек Қиықов та облысқа танымал ауыл шаруашылығы ұйымдастырушыларының бірі екенін білеміз. Өзіңіздің мамандық таңдауыңызға ол кісінің ықпалы болды ма? Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Әкем Зеренді ауданының қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылда көп жылдар бойы директор болып қызмет істеді. Мен кішкентайымнан оның жанынан бір елі қалмай, егіс алқаптарын аралап, ауыл тіршілігімен тыныстап өстім. Өскенде агроном боламын деген арманым орындалып, Мәскеудің Тимирязев атындағы академиясын бітірдім.  Содан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін.
2008 жылдан бері Степногорск қаласына баратын күре жолдың бойында орналасқан тұрмысы тұралаған Мамай ауылының 10 мың гектардай жерін пай ретінде алып, сонда жұмыс істеп жатырмыз. Дағдарыс кезінде осы ауылдың ешқандай сыйқы болмады. 15 жылдай күтім көрмей, арамшөп басып жатқан далалы аймақтың егістік жерлерін қайта өңдеу оңайға соққан жоқ. Сол жылы жаңа техникалар алып, бір миллиардтай инвестиция тартылды. 2009 жылы гектар басына 30 центнерден астық жинадық. Мұндай жетістік аудан тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Жұмыс іздеп қалаға кеткен жастар ауылға орала бастады. Оларға спутниктік бақылау қондырғысымен жабдықталған «Джон Дир» комбайнын басқаруды үйреттік. Американың инновациялық озық  техникасына машықтанған жерлестерім төрт  комбайнмен еселі еңбек етіп жүр. Аудандағы ең үлкен жалақы біздің серіктестікте. Көктемде егінін сеуіп, қоңыр күзде астығын жиып алған соң, ат ізін  салмай кететін талай инвесторларды көрген ауыл тұрғындары маған да алғашында сенбестік танытқанын несіне жасырайын. Сонда мен «жұмыссыз қалмайсыздар, біраз жылдан кейін мал шаруашылығымен де айналысатын боласыздар», деп  оларға уәде берген болатынмын.
2010 жылы асыл тұқымды мал басын көбейту туралы Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАгро ҰХ» акционерлік қоғамының өкілдерімен АҚШ-қа бардым. Ондағы фермерлермен танысып, малдың ангус, герефорд түрлерін қыстың аязды күндерінде қалай өсіретініне ден қойдық. Ол жердің табиғаты біздің жерге ұқсас келеді екен. Мамандарға осы малдың тұқымын Қазақстанда өсіруге мүмкіндіктің бар екенін айтып, оны біздің Мамайда тәжірибе ретінде қолдану жөнінде ұсыныс білдірдім. Қазақстанның мал шаруашылығы саласының мамандары келіп, біздегі жағдаймен танысып, білікті мамандардың барына көз жеткізді. Біздің серіктестіктегі жұмысты ұйымдастыру тәсілі американдық инвесторлардың да көңілдерінен шықты. Сол бағдарлама аясында мал жайылымына жер бөлуге әкімдік те көмектесті. Сөйтіп, мақсатты ісіміз жүзеге аса бастады. 2011 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Мамайда «KazBeefLtd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуына қатысты. Серіктестіктің мақсаты мал шаруашылығы бойынша ірі жобаны жүзеге асыру болатын. Үкімет тарапынан 4,8 миллиард теңге инвестиция бөлініп, оған1 мың бас ангус, 1 мың бас герефорд асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынды. Бүгінде ауылымыз  гүлденген, мамыражай Мамайдың баурайында сондағы малдан өсіп-өнген 6700 бас ірі қара жайылып жүр. Мамайлықтарға берген уәдемде тұрдым, қазіргі күні елде жұмыссыз жүрген адам жоқ.
Астық өсірумен ғана шектеліп қоймай, серіктестіктің жұмысы әртараптандырылып,  мал азығын да-йындаумен, майлы дақылдар өсірумен де айналысудамыз. Астық сақтайтын қоймалар жаңадан салынды. Сапалы  тұқымды өзімізде сақтаймыз, оны сатуға да мүмкіндігіміз бар. 2009 жылы элеваторлар жабылып қалған қиын кездерде полиэтиленді ұзын қаптарда астықты сақтап, қытымыр қыстан аман алып шықтық. Жауын-шашынды болған өткен жылдың өзінде озық техниканың арқасында алдыңғылар қатарында қамырлылығы 28, екінші класты сапасы жоғары астық жинап, қажетті мөлшерде бидай тұқымын құйып алдық.
– Елбасын, соңдай-ақ, «Джон Дир» компаниясының президентін де қарсы алған ауылдарыңыздың бүгінгі жағдайы қалай?
– Әрине, бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейді. Мектепке, мүгедек жандар мен зейнеткерлерге, ардагерлерге үнемі көмек көрсетеміз. Оқушыларға ыстық тамақ, ауыл адамдарына мал азығы тегін беріледі.
– Өзіңіз айтып отырған «Джон Дир» комбайндары қолжетімді ме? Оны сатып алудың тәртібі қандай?
– «Джон Дир» комбайнын алу үшін ең кем дегенде үш мың гектар жерің болуы керек. Кепілдікке комбайнның өзімен қоса, қосымша ретінде жерді де қоюға болады. Қазір облыстың кәсіпкерлер палатасы лизингке техника сатып алу үшін жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Мамайлықтар үшін ең қиыны су мәселесі. Оны жеті шақырым жерден арнайы техникамен тасымалдаймыз. Шаруашылық басшысы, сондай-ақ, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осы мәселені талай мәрте көтердім. Осы орайда қажетті құжаттар дайындалып, республикада бекітіліп, жобаға енгізілді. Жалпы, ауылдың жағдайы жақсы, халықтың көңілдері хош.
– Тәжірибелі кәсіпкер ретінде нендей ұтымды ойларыңызбен бөлісер едіңіз?
–  Кәсіпкерлікпен айналысамын дегендер алдына биік мақсат қойып, соған жетудің тиімді жолдарын ойлап, зерделеуі керек. Өйткені, нарық заңы осыны талап етеді. Үкіметте қазір ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі қаралуда. Онда да оң жаңалықтар болып қалар. Сондықтан, ерінбей еңбек етуіміз қажет. Америкада  кәсіпкерлердің бірі мал өсірсе, екіншісі сол малға беретін жемшөбін дайындайды екен. Үшіншісі, оның етін сатумен айналысады. Бізде де кәсіпкерлер жұмысты осылайша ұйымдастырар болса, нәтижесі жаман болмас деген ойдамын.
Президентіміз  «Нұрлы жол» экономи-калық бағдарламасында 100 миллиард теңгені кәсіпкерлік саласын өркендетуге бөліп отыр. Кейбір жағдайда болмаса, тексерулер де азайтылды. Кәсіпкерлер үшін жеңілдік атау-лы жеткілікті. Сондықтан, жастар еңбектен қорықпаулары керек. Мақтаулы деген шет ел кәсіпкерлерінің алғашқыда газет сату, пицца тасумен де  өз кәсібін бастағаны бұған  айқын дәлел. Әрбір адам өз жұмысын  кәсіби шеберлікпен, беріліп істеуі керек. Сонда сен барлық жерде керек боласың.
– Серіктестікте кімдерге арқа сүйейсіз? Жастарға қарата не айтар едіңіз?
– Бүгінгі жастар білімді. Үш тілді меңгеруге талпыныс жасауда. Тек олардың көбі қиындыққа шыдағысы келмейді. Тәуір компанияларда жұмыс істегенді ұнатады.  Бәрі заңгер, экономист, ҚазМұнайГазда, әкімдіктерде қызмет істегісі келеді. Бұл   жастарға жараспайды. Бәрі бірдей заңгер немесе экономист болса, басқа салаларда кім жұмыс істейді? Осы орайда, жас ұрпаққа елінің нағыз патриоттары болу керек дер едім. Кәсіпкерлікпен айналысатын жастар жоқ деуге болмас, дегенмен, олардың қатары көп емес екені де анық. Ең алдымен, ауылдастарыма арқа сүйеймін. Агроном Сәкен Сабыров, инженер Абай Бегалин, сервистік қызметте істеп жүрген Ерлан Рақымжанов, агроном Дәулет  Шахиденов есімді мамандар менің сенімді қолқанаттарым.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Бостангүл ЕРМАНОВА.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар