Бес бойдаққа бір той…

Өткен жексенбі күні Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында белгілі жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Қырманбайдың тойы» шығармасының желісі бойынша қойылған «Бес бойдаққа бір той» комедиясының премьерасы болып өтті. Қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай. Қоюшы суретшісі – Ләйлә Нәбиева.

Алпыстың әр жақ, бер жағындағы ақсақал кемпірінен айырылып, балаларының тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмай, ұлын үйлендіре алмай, қызын ұзата алмай, қайғы меңдеп, олардың тағдырына, өз әулетінің ертеңіне алаңдаулы болса, ұлдары әкесін үйлендірмекке ынтызар екен. Бағзы заманнан бері келе жатқан әкелер мен балалар мәселесін заманауи түрде ұлттық дүниетаным тұрғысынан көрсете білген комедияда әрбір кейіпкердің іс-әрекеті, мінез-құлқы күлкі шақырады. Кеміту, әжуалау, сықақтау күлкісі емес, тағдырдың талқысына түскен жандардың өмірдің өзі иықтарына артқан қайғының қара бұлтын серпіп тастауға бағытталған күлкі. Бірақ, сонда да көрерменнің көңілінде бір дүдәмал күйдің дымданып қалатындығы анық. Өмірдің өзі өкпелеткен ақсақалдың тағдырына күле қарағанымыз қалай болар екен дегендей. Кейін, көп уақыт өтпей оқиғалардың шұғыл өрбіп, көңіл ауанын еріксіз баурап алатын тұстарында барып, түпкі ой анық қылаң беріп, айқындалғанда барып ұғасыз. Сонда барып түсінесіз.
Қырманбай шалдың рөлін Ерқанат Сәбитов сахналап берді.  Барбол (Еркебұлан Төлеуов), Нарбол (Асланбек Шайсұлтанов) атты ұлдарын үйлендіре алмай, дал боп жүрген әкесіне кенже ұлы Жарбол (Ұлықпан Қайратбек) үйленем деп бір шешімге келіп, шу шығарып жатқан уақытта қарияға жар болам деп Гүлбарам әже (Маржан Бөкешова) келіп әзілдесіп, оған тұрмысқа шығуы үшін жағына бастауы әзілге толы спектакльдің бастауы ғана. Әрі қарай оқиғалар шиеленісіп, әкенің сыртынан өз болашақтарын ойластырып, жоспар құрып, істерін тындырып жүрген балаларының сыры ашыла бастайды. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, кенже ұл әкесіне өзінен үлкендердің іс-әрекетін жеткізіп отырады. Алайда, сол аға-апаларының сүйіктілеріне қосылуына да себепші болған сол еркетотайдың өзі.
Намаз оқымаққа үйге кірген ақсақалдың үйдің маңын қадағалауға берген мылтығымен болашақ жезделерін қорқытып,  әлекке салатын да сол еркебала. Ол намаздыгерді пайдаланып, Марат (Ержан Әубәкіров) пен Шүйкетайдың (Мақпал Сүлейменова) кездесуіне жағдай жасап тұрғанда, Күйкетайға (Баршагүл Малғаждарова) келіп, алайда, кездесе алмай тұрған болашақ жездесі актер – Кико (Нұрсұлтан Қыдырбеков) қулығын асырып, мылтық атылғандай дауыс шығарады. Үйден атып шыққан әкеден шошынған Марат оқ өзіне тигендей құлай кетеді. Көрерінен көргені көп әкенің темір тордың әр жағына барғысы жоқ. Болашақ бажалар түрмеге түскісі келмейтін қайын атаны біраз қорқытып, сынға алады. Имандылық жолындағы, тек қана Аллам деп отырған әке қос қызын екі жігітке беруге келісім береді. Сөйтіп, Күйкетай мен Шүйкетайды сүйіктілеріне қосып, өзінің түрмеден аман қалғанына мәз боп тұрған әкенің Нарболы мен Барболы да сүйген аруларын алып келеді. Жарбол да қалысқысы жоқ, алайда, ол кішкентай. Төрт бойдақтың бағы жанып үйленгелі тұр. Бірақ, бесіншісі кім? Ол – шал. Балаларының үйленбей жүргенінің себебі де сол – әкелерінің жалғыз қалмауы. Ендеше, ақсақал жалғыз емес, ол өзінің Гулясына, яғни, Гүлбарам әжейге үйленеді. Міне, қойылым бір үйдегі бес бойдақтың тойымен өзінің шарықтау шегіне де жетеді.
Қойылымның сәтті қойылуына Маржан Бөкешованың еңбегі сіңді. Халықты өзіне ұйытып әкетуі соншалық, қасындағы актерлердің солғын тұстарын жуып-шайып жібергендей.     
Басты рөлді сомдаған Ерқанат Сәбитов ұлттық құндылығымыз – қазақы мінезді бойына жинаған қариялар образын көрсете білді. Ал, кенже баланың рөлін ойнаған Ұлықпан Қайратбектің талантына да риза болдық. Өте шынайы. Еркелігі де өзіне жарасымды-ақ. Кенже ұлдың бейнесін сахнаны өзіне бағындыра жүріп сомдады. Еркетотай Жарболдың қисық-қыңырлығын, тентектігін, қазіргі заман балаларының сана-сезімі мен заманауи мінезін, жүріс-тұрысын жақсы жеткізе білді.
Ұлттық діліміз бен рухымызды, қазақы мінез бен сана-сезімді заман ағымымен ұштастыра отырып, халыққа ұсына білу режиссер пайым-парасатының жемісі болмақ. Ал, режиссер әрбір күлкілі эпизодтың астарында не жатқанын ашық айтпаса да, көрерменіне орамды ой тастайды. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерін әзілге қосады. Мәселен, экономикадағы бүгінгі ахуал, қариялардың жай-күйі, жастардың заманауи техника құралдарына әуестігі мен шет елдерге еліктеуі, интернет желісіндегі инстаграмм, фейсбук, агент сияқты түрлі парақшаларын пайдалануы, сол сияқты толып кеткен такси қызметі сияқты жағдайлар бірінен кейін бірі сюжет барысында көрініс беріп отырды.
Жалпы, қазақ мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында бірнеше жылдардан бері өміршеңдігін жоймай, табысты қойылып келе жатқан спектакльді біздің актерлер бірінші рет қойып отыр. Ұлттық дүниетаным мен қазақы болмыс-бітімді көрсетуге арналған мағыналы қойылым көрерменнің жүрегіне жол тауып, көңілдерінен шықты деген ойдамыз. 
Қазақ спектакльдері қай жанрда берілсе де, мейлі ол трагедия болсын, мейлі комедия әйтеуір, әрқайсысынан түйіп алар нәрсе біреу ғана. Ол – ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік.
Сонымен, күлкінің астарында не жатқанын әркім өзінше пайымдайды. Режиссер ойы да осы болар. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар