Бірлескен жоба іске асырылуда

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров Беларусь Республикасынан келген инвесторлармен кездесіп, Көкшетау қаласында жүзеге асырылатын «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалардың Қазақстан-Беларусь индустриялды-технологиялық паркі» инвестициялық жобасын пысықтады.

Кездесуге бірқатар облыстық басқармалардың басшылары мен Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің сыртқы экономикалық қызмет басқармасының басшысы Владимир Волчок пен беларусьтік іскер азаматтар қатысты. Қадырхан Отаров кездесу барысында Беларусь елінен келген қонақтарды өңірдің негізгі әлеуетімен қысқаша таныстырып, аграрлы аймақтың бірі ретінде біздің облыс ауыл шаруашылығы саласында жетекші орын алатынын жеткізді.
– Біздің өңір негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Аграрлы аймақта жобаның іске асуы өте тиімді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров. Қонақтар өз кезегінде бірқатар атқарылуы тиіс шаруаларға тоқталды. Сондай-ақ, бірлесіп қолға алынған жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыс жоспарындағы негізгі міндеттерді саралады. Владимир Волчок өнім көлемін ұлғайтуға облыстық әкімдіктен көмек сұрады. Сондай-ақ, ол жобаны жүзеге асыруды қолға алған жетекші компанияларға қолдау көрсетуді өтінді.
Отырыс барысында биыл мамыр айында  «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялды-технологиялық паркінің» негізгі жұмысы аяқталып, іске қосылатыны мәлімделді. Ал, шілде айында алғашқы серверлік тракторлар, экскаваторлар, көше тазалайтын коммуналдық техникалар шығарылмақшы.
Кездесуде шетелдік әріптестер негізгі қаржы инвестицияланғанын айтып, ешқандай қаржылық мәселе
туындамайтынын ескертті. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жобаны іске асыру барысында қосымша жұмыс орындары ашылмақшы. Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров аталмыш жобаның жүзеге асуына барынша қолдау білдірілетінін жеткізді.
* * *
Осы жолы облыс әкімінің орынбасары Дулат Нұрмолдин меймандарды Көкшетау қаласының солтүстік өндірістік аймағында салынып жатқан «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялды-технологиялық паркі» инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысымен таныстырды.
Аталған жоба 2012 жылы қолға алына бастады. Мұндағы мақсат Беларусь елінің коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларын өңірде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту еді. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусь елінің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын. Ал, өткен жылы аталған жобаны Индустрияландыру картасына енгізу облыс әкімдігінің жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен қолдау тапты. Сондай-ақ, сумен, электрмен жабдықтау, кәріз және жылу жүйесіне қосу мәселелері де оң шешілетін болды.
Ал, «Қазақстандық агро ин-новациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келетін болсақ, 2010 жылы құрыл-ған кәсіпорынның өніміне қазір-
дің өзінде сұраныс арта түсуде.
–  Біздің серіктестіктің құрылғанына 4 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта біз 5 миллионға жуық АҚШ долларын жұмсап, 7 түрлі техниканың 500 данасын құрастырып шығардық. Олар негізінен, отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие болып отырған коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары, – дейді «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анар Сағадиева.
Жалпы, өңірде аталған индус-триялды-технологиялық паркі жобасын жүзеге асыру Ақмола облысы мен Беларусь елінің арасындағы тауар айналымына оң ықпал жасайды.
– Қазақстан біздің стратегиялық әріптесіміз. Мұнда Беларусь өнімдеріне сұраныс жоғары. Осындағы индустриялды-технологиялық паркі осы бағытта бірлесе істеп жатқан жұмыстарымыздың жемісі. Сондықтан, алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл екі жаққа тиімді болары сөзсіз, – деді бұл орайда
Владимир Волчок.

Суретте:  Қазақстан-Беларусь индустриялды-технологиялық паркі осы ғимаратта орналасады.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар