Қарттарға шынайы ілтипат танытылады

Кеше облыс орталығында республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы өткізілді.

Пленум жұмысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл ашып, жүргізіп отырды. Төраға алдымен өткен жылы қандай шаруа-лар атқарылғандығын, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, Ауған соғысының жауынгерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, түйіндей айтқанда, жалпы қазыналы қарияларға қаншалықты жанды қамқорлық көрсетіліп, жанашырлық танытылғаны туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Шешеннің сөзінен ұққанымыз, ауқымды жұмыс атқарылған екен. Соның ішінде жекелеген «Тыныс», «Алтынтау», «Көкшетау жылу», Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Есіл ауданындағы «Заречный», Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы»  тәрізді ірі кәсіпорындар қомақты көмек көрсетіп жатыр екен.
Биылғы жылы да қарттар қамқорлықсыз болмайды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің «Қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы» қаулысы қабылданған. Тиісінше шаралар жоспары бекітілген. Барлық қалалар мен аудандарда қолға алынатын іс екшеліп, қамқорлық аясы мүмкіндігінше кеңейтіліп, жанды жанашырлық көрсетуге әзірлік жайы тағы бір пысықталды.
Үстіміздегі жылы да  қарттарға қалыптасқан дәстүр бойынша қалтқысыз қамқорлық көрсетілмекші. Биылғы жыл тіпті ерекше, өйткені, республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына отыз жыл толып отыр. Айлық кезінде мемлекеттік органдар, облыстық ардагерлер ұйымының барлық буындары жұмыс белсенділігін мейлінше арттыра түспекші. Барлық медициналық-әлеуметтік мекемелерде зейнеткерлермен кездесулер өткізіліп, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда жасы ұлғайған адамдар үшін  Ашық есік күндері өткізіледі. Спорт жарыстары, мәдени қызмет те мол болмақ.
Өткен жылғы жұмыс та қорытындыланды. Төрағаның орынбасары Амангелді Ақынов жақсы жұмыс істеген ардагерлер ұйымдарының арасында арнайы байқау ұйымдастырылғаны туралы айта келіп, үздіктерін марапаттады. Бірінші орынға Степногорск қаласындағы бастауыш ардагерлер ұйымы ие болса, екінші орынға Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бастауыш ұйымы мен облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосындағы бастауыш ұйым ие болды. Сондай-ақ, Сандықтау ауданындағы Балкашин селосындағы, Есіл ауданындағы Двуречный селолық округіндегі, Щучинск қаласындағы педагогикалық колледждің бастауыш ұйымдары үшінші орынға лайықты деп танылды. Жүлдегерлердің
барлығына лайықты сый-сияпат тарту етілді.
Биылғы жылы тұңғыш рет облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан байқау өткізілген болатын. Оның мәні ардагерлер ұйымдарын, ардагерлерді насихаттау. Тұңғыш рет өткізілген байқауда облыстық «Арқа ажары» газеті бас редакторының орынбасары Байқал Байәділов бірінші орын, «Еңбекшілдер жаршысы» аудандық газетінің редакторы Василий Устьянцев және облыстық «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Марат Нұрсейітов екінші орынға ие болса, үшінші орынды тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің тілшісі Қойшыбай Шаниев, «Любимый город» газетінің тілшісі Ульяна Каранда және Бурабай аудандық «Луч» газетінің тілшісі Ирина Корниенко өзара бөлісті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар