Министр алқа мәжілісіне арнайы келді

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашев және облыс әкімі Сергей Кулагин облыстық әділет департаментінің алқа мәжілісіне қатысып, сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру орайында алда тұрған міндеттерді қарастырды.

Отырысқа сондай-ақ, қалалық, аудандық әділет басқармаларының басшылары мен министрлікке қарасты құрылымдық бөлімшелердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңейтілген мәжілісте өткен жылы департаментте атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде облыстық әділет департаментінің басшысы Анатолий Дермановский сөз алып, 175 әкімшілік мемлекеттік қызметші еңбек ететін құрылымның қызметін баяндады. Былтыр департаментке 239 арыз-шағым келіп түссе, оның басым бөлігі сот орындаушыларының әрекетіне қатысты болып отыр. Департаменттің өткен жылы заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікті тіркеу бағытында  халыққа 136 499 қызмет көрсеткенін айта кетейік. Өз құзыреті аясында құрылым жергілікті атқарушы органдар ұсынған 503 актіні де тіркеген.
Өткен жылдан бастап сот актілерін орындау қызметінің әділет департаментіне берілгені белгілі. Әйткенмен, дәл осы қызмет бүгінде сала жұмысын кері тартып тұр. Олай дейтініміз, департаментке қарайтын аумақтық бөлімдерде жатқан 80 337 атқару құжатының 59,4 пайызы ғана орындалған. Ал, алимент өндіріп алу бойынша 10 746 атқару құжатының 793-і ғана атқарылыпты. Бұл олқылықты министр де ерекше атап өтті.
Министр өңірдегі оң өзгерістерді де тілге тиек етті. Мәселен, облыс қоғамдық ұйымдардың құқықтық насихат шараларына қатысуы жағынан республикада көш басында тұр. Алқа отырысына арнайы келген Үкімет мүшесі өз сөзінде Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы мен жаңадан қолданысқа енгізілген кодекстер, олардағы негізгі жаңашылдықтар жөнінде де айтып өтті.  
Бұдан кейін облыстағы жеке сот орындаушылардың аумақтық алқасының төрағасы Амантай Дайыров сөз алып, мемлекеттік сот орындаушыларының жүгін жеңілдетуге бағытталған бұл институттың өңірде тиімді жұмыс істеп отырғандығын тілге тиек етті. Алдыңғы жылы облыста небәрі төрт жеке сот орындаушысы болса, былтыр оның саны 21-ге артқандығы міне, осының дәлелі болса керек. Министр осы тұста жеке сот орындаушылар санының еселене түсуін құптайтындығын жеткізіп, олардың бұл істі бизнес, табыс көзі ретінде ғана қарамай, өздерінің адвокат, нотариустар сияқты жауапты өкілдер екенін есте сақтап, жауапкершілікті сезіне білсе деген ой айтты. Отырыс барысында сондай-ақ, облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Ғалия Ыбыраева, облыстағы нотариалдық палатаның төрайымы Гүлжан Көбетаева сөз алып, аталған қызмет түрлерінің дамуы мен негізгі түйткілдер жайлы әңгіме өрбітті.
Мәжілісті қорытындылай келе, облыс әкімі Сергей Кулагин аудандарға барғанда ұдайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында болып, олардың жұмысымен танысып отыратындығын атап өтті. Себебі, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, оларды дұрыс тыңдап, қабылдай білуден азаматтардың билікке деген сенімі қалыптасады. Сондықтан да, бұл жүрдім-бардым қарайтын жайт емес. Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша Берік Имашев Әділет министрлігіне қарасты облыстағы құрылымдардың басшыларына нақты тапсырмалар беріп, алда тұрған міндеттерді айқындап көрсетті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар