мәңгі нұрландырар мейірім шуағы

 «Көкшетау» мәдениет сарайында Мәуліт айының құрметіне өткізілген имани шарада барша адамзатты өзінің шуақ нұрымен шомылдырған Аллаһтың соңғы елшісі – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ізгілік пен мейірімділікке толы келбеті жайлы ой қозғалып, сыр шертілді. Аллаһтың пенделеріне ақ пен қараны ажыратқызып, жұмақ пен тозақты білгізіп, ақ жолға жетелеген ұлық пайғамбарымыздың асқақ бейнесі өнегелі қырынан ұлықталды.
Бұл игі шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Амангелді Смайылов және Ресей Федерациясы Сібір округі бойынша мүфтиі, Омбы қаласының бас имамы Бота Бакулин қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Шараны жүргізген ақын Бақытбек Нұралин да өзінің мағыналы сөздерімен көптің көңілінен шықты.

Қасиетті Құранның уахи сөздері қари Теміржан Өтежанұлының әуезді үнімен асқақтап бара жатты. Аллаһтың құрани тәмсілі сарай толы көрерменнің көкірегіне тылсым сезім ұялатқандай болды. Жаратушы Иеге деген сүйіспеншілік сезімді сәждеде түйсінетін мүміндер өз пайғамбарына құрмет көрсетудің тағылымды сәтін бастан өткерген күйде еді. Біреулердің жан сарайы жаһұт сырлармен көмкерілсе, енді біреулердің  жанарында жас шылауланды.
Мәуліт тойына елордадан арнайы келіп, құттықтаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Жабал Ерғалиев өзінің толғанысты сөздерімен  көрермен жұрттың көңіл түпкіріндегі ғазауат сезімді дөп басып, лүпілдеген жүректерге сыралғы болар сөз айтты.
– Бүгінгі күн қазақ баласының шүкіршілік ететін күні. Азаттық алып, асыл дінімізбен қауышып, ешкімнің қабағына жалтақтамай, сәждеге маңдайымызды тигізудеміз, – деді халық қалаулысы. – Бірақ, саясаттың сарқ-бұрқ етіп қайнаған қазаны бейбіт өмірдің де тынышын алатын сияқты. Осындай аласапыран сәтте асыл дінімізді қорғап, сақтай білу келелі мәселе. Жастарымызды жетегіне алып, адастырып жатқан сан ағымдардың сергелдеңі бір тоқтар емес. Халқын қалай аман сақтап қаламын деп шарқ ұрған хандарымыз еркін ел болуды армандап кеткен жоқ па еді. Міне, сол жаймашуақ күнге жеткізген Елбасымыз  биыл қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнінде бастама көтерді.  Ендеше, иманды ел болуды өсиет еткен бабалар аманатын орындау біздің пешенемізге бұйырған ғибрат іс, – деді сенатор өз сөзінде.
Ал, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Амангелді Смайылов  та Аллаһтың рахым етіп жіберген пайғамбарының есімін ұлықтау бүгінгідей қым-қуыт заманда елді ортақ мүддеге жұмылдыратын шара екенін атап көрсетті.
Шынында да, біз діни құндылықтар арқылы иманымызды берік етіп, ізгілікке ден қоятындығымыз еш жасырын болмаса керек. Ислам дінінің де асқақ мұраты – ешкімді тіліне, нәсіліне және түріне қарап, алаламау ғой. Қасиетті Құранның Хұжырат сүресінде: «Біз сендерді бір ата, бір анадан жараттық» делінетіні де содан болуы керек.
Жас өрім Кәмшат Ерболқызы ардақты пайғамбарымыздың өнегелі өмірімен таныстырды. Расулалланың (с.ғ.с.) көркем мінездері жайлы сыр-сұхбат құрды. Оның әсерлі айтылған   ой-толғамы ұлық пайғамбардың әр адамға өнеге болар ұлағатын ұқтырды.  Қағаздан жапсырма жәшіктер жасап, одан түскен азын-аулақ ақшаны Көкшетау қаласындағы жаңа мешіт құрылысына титтей де үлес етіп қосқан бұл сәбидің Аллаһқа деген сүйіспеншілігін көріп, ыждаһатты сезімге бөлендік.
Мәуліт мерекесінің тағылымы – пайғамбарға арнап жыр оқу. Бұл жолы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Құдайберлі Мырзабектің «Мәуліт жырын» жас өнерпаз Өмірзақ Құрбанов  орындады.   Бұл айтылған салауат жырдың өн бойында пайғамбарды ұлықтап, оған иман келтіру және осы арқылы Алланың сүйікті құлы болу деген өнеге жатқанын көрдік.
Ресейден келген қонағымыз, Ресей Федерациясы Сібір округі бойынша мүфтиі, Омбы қаласының бас имамы Бота Бакулин де сөз алып,  дінде шекара жоқ екенін паш етті. Омбы қазақтарының дұғай сәлемін жолдады.
Еңселі сарайға жиналған мұсылман қауымы Бурабай ауданына қарасты Кенесары ауылынан келген жетім балалар үйінің көпұлтты тәрбиеленушілерінің оқыған діни өлеңдерін  естіп, жанарларына жас ірікті. Ауыл имамы асырап алған бұл балалардың Аллаһтың құдіретін сезініп, исламның мейіріміне бөленгендері аңғарылып тұрды.  «Жетім көрсең, жебей жүр» деген даналықты серік еткен қамқоршы ауыл имамына деген елдің риясыз қошеметі де асқақтай берді.
Көптің көңіліне иманның  сәулесін себездеп құйған бұл толғаныс сәт елордадан келген Астана жастар театрының «Дерт пен дауа»  сахналық көрінісімен жалғасын тапты. Мүгедек арбасына байланған қызының дертіне іш-құса болған әке өкініші Алланың үйінің жанындағы аула сыпырушы мүмін арасында әңгімеге ұласады.
Еш дауа таба алмай қиналған әке намазға жығылып, дұға тілейді. Алла тағала да өз құлын тым сергелдеңге салсын ба? Шынайы сұраған дұға қабыл болып, қызы да дертінен айығады. Бұл оқиғаның желісінде пейілі түзу болса, әр пенде Алланың мейіріне бөленеді деген даналық жатыр.
 Дарын» сыйлығының иегері Алмас Темірбай – «Құмырсқа»,  облыстық мүшәйраның жеңімпазы Жайнарбек Зандыбай – «Тәуелсіздік» атты жырларын оқыды. Ал, жерлес ақын Алмас Темірбайдың «Уақыт қадірі» өлеңін  оқыған Астанадан келген Ақгүл Жарылқасынның өнеріне де қошемет білдірілді.
Мәуліт мерекесі әртүрлі діни тәрбиелік мәні бар әндермен жалғасын тапты. «Айгөлек» республикалық байқауының бас жүлдегері, жас әнші Болат Батырбаевтың «Аллаға шүкір», әншілер Сәрсенбай Хасеновтің «Өзіммен өзім»,  Аслан Мұхамедияровтың  «Дұға тілек» әндері көптің жүрегіне әсерлі әннің ғана емес, ұлттық ұлағаттың да сыралғысын сыйлағандай болды.
Науан Хазірет атындағы орталық мешіт Мәуліт мерекесіне орайластырып, өздерінің ерлік істерімен ерекшеленген бір топ адамға сый-сияпаттарын жасады. «Тілсіз жау – өрттен» жапа шеккен адамдарды арашалап, аман алып қалған Юрий Новоселцев пен Айдын Жоламанов осындай марапатқа лайық деп танылды. Ал, Қытайдан қоныс аударып, қой өсіріп, өз қаражатына ауылда мешіт салған қандасымыз Сұлтанбек Тұрарбек те марапатсыз қалған жоқ. Мәуліт  айында дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына да сыйлықтар үлестірілді.
– Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәулітін атап өту ғибраты мол жақсы іске жатады,–деді осы шарада қорытынды сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин.
Ол одан әрі пайғамбарымыздың өнегелі өмірі жайлы тағылымды әңгіме айтып берді. Сөзінің соңын: «Пайғамбарды (с.ғ.с.) қошеметтеп, жақсы көрмейінше, оның лайықты үмметі бола алмаймыз. Өз хадисінде: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан  артық көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар» деген сөздерін естен шығармайық» деп аяқтады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар