Жас маманға жағдай керек

Еліміздің тірегі – ауыл. Сол ауылдарымызды бүгінгі солғын кейпінен арылтуға жастардың жігері аса қажет-ақ. Ал, осы мәселені «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы бірсыдырғы шешуге болатындай.

Бұл бағдарлама алғаш 2009 жылы қолға алынды. Содан бері жас мамандардың бірі бүгінде ауылдың түтін санын көбейтіп, әке-ана атанса, біреуі келісім-шартты бұзып, берілген жәрдемақыны қайтарып, қалаға қайтып оралды, енді бірі белгіленген сол келісім-шарт мерзімінің тезірек аяқталуын күтіп жүрген жайы бар. Әрине, ауылдың тұрмыс-тіршілігі көңілінен шығып, жұмысын құлшыныспен атқарып жүрген жастар да аз емес.
Жалпы, статистикалық мәліметтерге көз жүгіртетін  болсақ, білім беру саласында 2009-2014 жылдар аралығында 1970 жас маман жұмыспен қамтылса, оның 1391-і жұмысқа «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша орналасқандар. Бастапқыда 51 жас маман баспана алу үшін несие алып, тұрғын үйге қол жеткізсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш бір адамға ғана артық болған. Ал, 2013 жылы 30-дан астам, 2014 жылы 14 маман несие алып, солардың екеуі ғана тұрғын үйге қол жеткізген және 15 маман жұмыстан босатылған. Сөйтіп, бұл жұмыс баяулап қалғандай әсерде қалғанымызбен, биылғы жаңа оқу жылында 350 жас маман осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасып, 138-і ауылдық жерлерге жолдама алған. Оның 125-іне көтермеақы төленсе, 80-іне баспана алу үшін несие берілген көрінеді. 
Осыдан көріп отырғанымыздай, мұндай мамандар үшін жауыр болған пәтер мәселесі әлі күнге толықтай шешілмей отыр.  Бұл тек қана біздің өңірге емес, еліміздің басқа облыстарына да тән жағдай. Дегенмен,  облысымыздың кей аудандары жас мамандарға жағдай жасап, баспаналы болуларына белгілі бір деңгейде қол ұшын беруде. Мәселен, іссапармен Шортанды ауданында болғанымызда, денсаулық сақтау саласында осы мәселенің біршама шешімін тауып жатқанына көзіміз жетті. Нақтылай кетсек, аудандық орталық ауруханаға хирург болып орналасқан Кира Сұрағанованың ата-анасы Тоқтар және Сәуле Әбілмәжімовтар да Көкшетау қаласынан арнайы шақыртумен Бозайғыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа келген. Кейін пәтер мәселесі созылып, дәрігерлер отбасы қайтадан кері оралуға бел буғанда, аудандық ауруханада қалулары үшін тиісті жағдай жасалып, үй берілген. Расында, Шортанды ауданында дәрігерлер қолы жетіспейді. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мамандар тапшы. Сондықтан, мәселенің оң шешілуі құптарлық. Ал енді, қаладан, не болмаса туған ауылынан жұмыс таба алмай, шалғай ауылдарға барған әлеуметтік сала мамандарының осы күні күнкөрісі қалай?
–  Менің Еңбекшілдер ауылының орта мектебіне осы бағдарламамен жұмысқа келгеніме биыл 5 жыл болады,–дейді осы орайда, Айнаш Төлегенқызы. – Колледжден кейін ел қатарлы ата-анамның 4 жыл оқытқан еңбегін ақтайын деп жұмыс іздестірдім. Сөйтіп, таңдауым осы ауыл болды. Аудан тарапынан 70 айлық есептік көрсеткіш есебінде көтермеақы төленді. Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын. Ұжымға сіңісіп, үйреніп кеттім. Бастапқыда Интернетке шығу былай тұрсын, телефонмен хабарласу мұң болатын, қазір жағдай дұрысталды. Ауылда жастар аз, көбі қалада жұмыс істегенді қалайды. Өзім де бастапқыда қалаға кеткім келетін, бірақ, ауылға ептеп бейімделдім.
Міне, ауылға жұмысқа келген осындай жастардың өз жеке  баспанасы болмаса, әрине, өзгенің қас-қабағына қарап, еркін жүріп-тұру  қиын. Оның үстіне алатын айлығы, жол қатынасы, бос уақытының мазмұнды өтуі үшін мәдени ошақтардың да жұмысы толғандыратыны анық. Осы ретте, «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға жұмысқа барар ма едіңіз?» деген сауалды біз үлкендерге де қойып, бір сәт жастық шақтарына қайта оралтқандай болдық.
–  Аталмыш бағдарлама бірден-бір дұрыс бағдарлама. Жас мамандар тәжірибе жинақтап алу үшін ауылға барғандары жөн. Бұлай дейтінім, кезінде мен де жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алғаннан кейін бұрынғы Көкшетау облысының Ленинград ауданына барып, қызмет жолымды ауылда бастаған едім. Ол кезде де жас мамандарды ауылға тарту мақсатында көтерме ақы беріп, көмек-қолдау көрсететін. Мен сол ауылда еңбек етіп жүріп, біраз өмірлік тәжірибе жинақтадым, үйлендім. Сонда бас-аяғы он жылдай жұмыс істедім. Қазіргі бағдарлама да дұрыс, бірақ, мамандарға берілетін көтермеақы өте аз. Бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Ал, баспаналы болу үшін берілетін несиеге де кез-келген жас маманның қолы жете бермейді, неге десеңіз қаржы аз бөлінеді. Мәселен, 2013 жылы Зеренді ауданында несие алуға өтініш білдірген 50 жас маманның сол несиеге 10-ының ғана қолы жетті.  Өткен жылы 29 маманға несие берілді.Бұл да аз. Жалпы, ауылға барған жас мамандарға үй алуға несие бөлу үшін үкіметтен, облыс бюджетінен қаржыны аянбау қажет. Сонда ғана жастар ауылдық жерлерде тұрақтайды,–дейді осы жөнінде облыстық мәслихаттың депутаты, серіктестік директоры
Нартай Ысқақов. Шынында да, бұл өте дұрыс пікір. Ал, облыстық білім басқармасының кадрлар жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Гүлмира Әлиева былай дейді:
– Өз басым туған ауылыма барып, оның өсіп-өркендеуіне үлесімді қосар едім. Қаладағы мектептердің қайсысында бос орын бар деп шілде-тамыз айларында бізге келетін жастар көп. Сол кезде оларға жас мамандардан зәрушілік көріп отырған ауылдарға барсаңдар қайтеді деп кеңес беремін. Зеренді, Жақсы, Жарқайың, Есіл, тағы басқа аудандарда жастарға қолдан келген көмек жасалып жатады. 
Бұл өмірде қолына диплом алған кез-келген зерделі жас алдына белгілі бір  мақсаттар қоятыны анық. Ал, сол мақсатыңа жету үшін қиындықтардан да қашпауың керек. Үкімет «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы оқу бітірген жастардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне жақсы мүмкіндік жасап отыр. Оған қоса, оқыған-тоқыған жастармен ауылға серпіліс, мәдениет те келеді. Ендеше, екі жақтап осыны естен шығармауымыз керек. Яғни, биліктің осындай ниеті бар жастарға барған жерлерінде тиісті жағдай жасауы, ал, білімді жастарымыз болса, ауылға бүйректері дұрыс бұруы елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан да аса қажет дер едік біз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар