Онкологиялық диспансердің кеңесі

Облыстық онкология диспансерінде ұйымдастырылған Ашық есік күні аясында тұрғындар дәрігерлерден кеңес алып, маммография, рентген зерттеулерінен өтті.

Онколог-маммолог, гинеколог, хирург, уролог дәрігерлер келушілердің денсаулығын жіті тексеріп, кеңестерін айтты. Сонымен қатар, 50-ден астам маммография, 18 кеуде қуысының, қаңқа сүйектерінің рентген зерттеулері жасалды. Ал, ультрадыбыстық зерттеу кабинетінде қырықтан астам адам тексерістен өтті.
Денсаулықтарын тексертуге жастар да, егде жастағы адамдар да көп келді. Дәрігерлер екі әйел адамда сүт безінің қатерлі ісігі болуы ықтимал деген диагноз қойды. Қатерлі ісік ауруының осы түрі әйелдердегі онкологиялық аурулардың ішінде көш бастап тұр.
Бұл дертке шалдығатын адамдар саны жыл сайын көбеюде. Көбінесе ол күйзеліс, кеш босану, баланы емізуден бас тарту салдарынан пайда болады. Өкінішке орай, көптеген қыз-келіншектер өздерінің онкологиялық дертке шалдыққанын кеш біліп жатады. Өйткені, қатерлі дерт алғашқы кезеңдерде адам ағзасында ешқандай белгі бермей асқына береді. Оны тек арнайы зерттеулердің нәтижесінде ғана анықтауға болады. Сондықтан, әр адам жыл сайын дәрігердің қарауында болып, денсаулығын тексертіп отыруы қажет. Облысымызда онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтауға және оны кешенді емдеуге барлық жағдайлар жасалған. Өз денсаулығымызға өзіміз мұқият болайық.

Набира ЭСЕНОВА,
облыстық денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар