Цифрлық технологияларға көшу – уақыт талабы

Биыл Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телехабар тарату желісінің іске қосылғанына 4 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында телерадиохабар тарату саласында көптеген өзгерістер болды, жетістіктер де жоқ емес. Осы жағдайларға байланысты туындаған  сауалдарымызды «Қазтелерадио» АҚ Бас коммерциялық директоры Ерлан Жазықбаевқа қойған едік. 

–Ерлан Әлібекұлы, осы уақытқа дейін  «OTAU TV» телехабар тарату желісінде қандай өзгерістер болып жатыр?
–Естеріңізде болса, 2011 жылдың 18 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Бүгінде ұлттық оператор қызметін пайдаланатын отбасылар саны 800000 абоненттен асқанын мақтанышпен айта аламыз. Ал, бұл шамамен 3 жарым миллион халық. Цифрлық стандартқа көшкен сәтте, Қазақстанда жерсеріктік жүйе абоненттерінің саны небәрі 6300 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш, біздің қызметіміздің халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бұл әсіресе, ауыл тұрғындарына қатысты, өйткені, біздің абоненттердің 70 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Өйткені, «OTAU TV» жерсеріктік желісінің арқасында ауылдықтар қала тұрғындарымен бір дәрежеде отандық, шетелдік телеарналарды тамашалай алады. Осылайша «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының телерадиохабар тарату саласындағы операторы ретінде қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою жолындағы стратегиялық тапсырманы ойдағыдай орындап отыр.
–Телехабар тарататын кабельдік және шетелдік операторлармен салыстырғанда «OTAU TV» жерсеріктік желісі көрермендерге не ұсына алады?  
–Бірінші кезекте қазақстандық 53 телерадиоарнаны тегін тамашалау мүмкіндігін айтуға болады. Ал, Қазақстанда қызмет ететін шетелдік операторларда мұндай ұсыныс жоқ. Жалпы, шетелдік операторлар өздерінің телеарналар топтамасында бірде-бір қазақстандық телеарнаны көрсетпейді. Ал, отандық кабельдік операторлар қазақстандық 14 арнаны тек ақылы топтаманың құрамында трансляциялайды. Біздің абоненттер қалаған жағдайда, рейтингі жоғары шетелдік телеарналардан тұратын, әрі бағасы қолжетімді ақылы топтамаларға қосыла алады. Сонымен қатар, «OTAU TV» абоненттері үшін «Телегазет» тегін қызметі ұсынылған. Яғни, біздің көрермендер республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің соңғы нөмірін теледидар экранынан күнбе-күн қарап, оқи алады. Ал, бұл шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін маңызды қызмет болып табылады. Кабельдік операторларға келетін болсақ, жасыратыны жоқ, кабельдік телехабар тарату желісі үлкен қалаларда дамыған, әрі бұл қызмет жарнамалық аудиторияға, коммерциялық табыс көзіне бағытталған. Шағын қалалар, әсіресе, ауылдық жерлерге кабельдік операторлар бара бермейді. Өз кезегінде «OTAU TV» еліміздің кез келген нүктесінде қолжетімді.
–Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін тарту жұмыстары қалай жүріп жатыр және алдағы уақытта ескірген аналогтық телевизия форматын не күтіп тұр?
–Телерадиохабар таратудың заманауи цифрлық стандартына көшу бойынша жобаны жүзеге асыру аясында 2012 жылы Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзен қалаларында желі жұмыс істей бастады. 2013 жылдың желтоқсанында оларға барлық облыс орталықтары мен Маңғыстау облысы толығымен қосылды. Осылайша республика халқының 51 па-йызын цифрлық эфирлік телехабар тарату сигналымен қамтамасыз еттік. 2014 жылы «Қазтелерадио» АҚ бұдан өзге 297 радиотелевизиялық стансаны қолданысқа енгізіп, нәтижесінде халықтың 72 пайызына немесе 11,5 миллион қазақстандыққа цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне қосылуға мүмкіндік берілді. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің бекітілген стартегиялық жоспарына сәйкес, 2017 жылы 827 цифрлық радиотелевизиялық станса жұмыс істеп, республика халқының 95 пайызын цифрлық эфирлік телесигналмен қамтитын болады. Ескірген аналогтық сигналды өшіру үрдісі кезең-кезеңмен, белгілі бір аймақтың дайындығына байланысты жүргізіледі, әрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес алдын ала халыққа бұл жайында хабардар етіледі. Бүгінде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің абоненттері тұрғылықты жеріне байланысты 15-тен  30-ға дейін отандық телеарнаны цифрлық бейне мен сапада тамашалай алады. Жерсеріктік хабар тарату желісінде жерсеріктік антенна орнату міндетті болса, цифрлық эфирлік хабар таратуға ресивер мен бөлмелік, тысқы антеннаны орнату жетіп жатыр. Цифрлық эфирлік желі абоненттері де «Телегазет» жобасын пайдалана алады.  
–Енді «GALAM TV» интернет хабар тарату жаңа жобасы туралы айтып берсеңіз.
–«GALAM TV» жобасы отандық телерадиохабар таралымын дамыту жолындағы іс-шаралардың жалғасы ретінде іске қосылды. Бұған сондай-ақ, шетелдердегі қазақ диаспорасының көптеп болуы да септігін тигізді. Осылайша ұлттық оператор қазақстандық телеарналарға тегін қолжетімділікті интернет арқылы да қамтамасыз ете отырып, өзінің стратегиялық міндетін жүзеге асыруда. 2015 жылдың бірінші тоқсанында бұған қосымша абоненттерге үздік шетелдік телеарналар мен бейнеқордан фильмдер ақылы негізде ұсынылатын болады. Қазірдің өзінде  IOS және Android форматында жұмыс істейтін смартфон, планшеттерге интернет-дүкеннен тегін жүктеп алуға болатын қосымшалар да қолжетімді. Оның үстіне жеке компьютерлерде браузер арқылы «GALAM TV-ны» көруге болады. Алдағы уақытта бұл қызмет ОТТ қондырғысының көмегімен кәдімгі теледидардан да жұмыс істейді. Бүгінде «GALAM TV» көрермендеріне танымал деген 48 отандық және шетелдік телеарнаны тамашалау ұсынылған. Жақын арада арналар саны 70-ке дейін ұлғайтылады.
–Әңгімеңізге рахмет!
Б.АЗАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар