Әлем тәнті болған ЭКСПО-2017

Өтіп бара жатқан 2017 жыл біздің облыс үшін ғана емес, еліміз бойынша табысты жылдардың бірі. Атаулы оқиғалар ішінде әлем назарын аудартқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі біздің аймақтың дамуына да елеулі үлес қосты. Ол тәуелсіз еліміз «таза энергетиканы» негізге ала отырып, «жасыл» технология идеясын қолдайтындығын тағы да бір дәлелдеп берді. Мұның өзі туризм саласының алға басуына да оң ықпалын тигізді.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аймақтың туризм саласының дамуына игі әсерін тигізуі оған дайындық жұмыстары қолға алынған шақта-ақ көріне бастады. 2015 жылы облыстық әкімдікте нақты белгіленген жүйелі жұмыстарды атқаруға міндеттейтін экономиканың барлық саласына қатысты «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мен өткізудің ұлттық жоспарын іске асыру жөніндегі 2013-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» қаулысы бекітілді. Соның ішінде туризм саласына қатысты, әсіресе, келетін қонақтарды қарсы алу, оларға қызмет көрсету мәселелері жан-жақты қарастырылған болатын. Абырой болғанда, еліміздегі айтулы көрмеге біздің облыс жан-жақты дайындықпен қатысты. Түрлі сала бойынша көптеген игіліктерге қол жеткізілді.
«ЭКСПО-2017» көрмесі бізге не берді?» дейтін болсақ, ол елімізді халықаралық деңгейде жұртшылыққа танытты, нақты экономикамызға көп пайда әкелді, өңірдің инфрақұрылымының әрі қарай дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізді, жаңадан жұмыс орындары ашылды, жаңа ғимараттар бой көтерді және тағы басқа да елеулі шаруалар атқарылды. Қазіргі күні біздің облыста ЭКСПО-да ұсынылған 5 жоба іске асырылуда. Бұл – жаңа қуат көздерін алатын жобалардың қатарында жалпы құны 126 миллион АҚШ долларын құрайтын 100 мегаваттық жел паркі, алдағы уақытта Целиноград ауданында салынатын қуаттылығы 100 мегаваттық, құны 192 миллион доллар тұратын күн электр стансасы. Болашақта бұл жобалар өңірімізді экологиялық таза электр қуатымен қамтамасыз етуге елеулі көмегін тигізеді деген ойдамыз.
Өңірдегі озық демалыс және сауықтыру нысандары саналатын бірқатар орталықтар «Recommendedby EXPO-2017», «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» арнайы сертификаттарына ие болды. Олардың ішінде «Ақмолатурист» акционерлік қоғамы, «Белсенді туризм және демалыс орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Зерен Нұр» демалыс орталығы және тағы басқалары бар.
Халықаралық көрмеге 1400-дей қазақстандық компаниялар қатысып, турис-терге қызмет көрсетуден кәсіпкерлеріміз миллион теңгелеп табыс тапты. ЭКСПО-ға арнап салынған нысандардың барлығы түрлі мақсаттарға пайдаланылуда. Жалпы, Ақмола облысы бойынша ЭКСПО көрмесіне қатысушылар мен қонақтарын қабылдауға, туристерге қызмет көрсетуге 100-ден астам қонақ үйлер мен отельдер, туристік базалар, 30-ға жуық санаторлы-курортты ұйымдар ниет білдірді. Барлық нысандарды қоса алғанда, олар тәулігіне бір уақытта 12 мыңнан астам адамды қабылдап, төсек-орынмен қамтыды. 86 мейрамхана мен дәмханалар қазіргі заманғы талаптарға сәйкес шетелдіктер мен ел азаматтарына тиісті деңгейде қызмет көрсетті.
Көрме өткен уақыт аралығында Щучье – Бурабай курортты аймағына 10 мыңнан астам турист келіпті. Бұл айтарлықтай үлкен көрсеткіш болмаса да, біздің өңір үшін қанағаттанарлық жағдай.
Облыстың «Бурабай даму» «Круиз», «Белсенді туризм және демалыс орталығы» ЖШС-лері, «Ақмола турист» АҚ секілді туристік операторларымен бірлесіп, 30 түрлі бағытқа бағдарланған жеті негізгі туристік пакет әзірленді. Ондағы бағдарламаларда туристерді саяхаттату үшін автобуспен қатынау, жаяу және атпен жүру, суда қайықпен жүзу тәрізді үздік туристік бағыттар қамтылды. Облысымыздың ең үздік 30 бағыты бойынша бекітілген жеті турпакет негізінде 70-ке жуық туристік компания тиісті дәрежеде қызмет көрсетті. Онда 17 мыңнан астам адам мейман болды.
Көрме өткізу кезеңінде шетелден келген делегаттардың көпшілігі Щучье – Бурабай курортты аймағына белсенді келуімен ерекшеленді. Нақтырақ айтсақ, ЭКСПО көрмесіне 110-нан астам мемлекет қатысса, осы елдерден келген қатысушылардың 80 пайызы табиғатының сұлулығымен дүниежүзіне танылған Бурабайда бір-екі күн, кейбірі бір аптаға жуық уақыт демалып, тамашалаған. Шетелдік туристердің Бурабайға келіп, демалып, содан алған жақсы әсерлері мен оң пікірлері аймақтың ЭКСПО қатысушылары мен қонақтарын қабылдау бойынша атқарған үлкен жұмысының арқасы деп білеміз.
Тек қана экскурсиялық бағдарламаларды әзірлеу кезінде осы қызметтерді көрсету үшін шет тілін білетін 50 шақты азамат экскурсия өткізуші гидтар ретінде арнайы мамандардан сабақ алып, даярланды. Бұл үшін шет тілін білетін азаматтарға экскурсиямен таныстыру әдістемесін үйрету бойынша жылдамдатылған оқыту курстары ұйымдастырылды. Гидтардың әрқайсысы ЭКСПО қатысушылары мен қонақтарына экскурсия жүргізу қызметін ұсыну үшін сынақтан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болды.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аймақтың туристік бизнес субъектілеріне үлкен мектеп және осындай ірі шараларды болашақта өткізу үшін маңызды емтихан болды. Туристік бизнес субъектілерінің осындай маңызы зор іс-шараға қатысу кезінде жинақтаған осы тәжірибесі облыстың туризмін әрі қарай дамытуға көп мүмкіндік береді, бұл біз үшін де үлкен сабақ.

Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
Ақмола облыстық туризм
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар