Атқарылған істермен бірге, алдағы жоспарлар да көп

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы алдағы жұмысымызға басты бағыт-бағдар болатыны сөзсіз. Экономикалық өсу қарқынын қамтамасыз етуге және сақтауға, халықтың өмiр сүру деңгейiн арттыруға ауданымызда ерекше мән берiліп келеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аудан экономикасын дамытуда оң нәтижелерге қол жеткiзуге мүмкiндiк бердi.

Өнеркәсiпте, ауыл шаруашылығында, инвестиция тартуда, қаржылық секторда жақсы қарқын байқалады. Өткен жылы орташа айлық жалақы 10,2 пайызға өсiп, 96912 теңгенi құрады. Ақмола облысының кәсiпкерлiктi қолдау картасына Ақкөл
ауданынан құны 6 миллиард теңге болатын 5 жоба енгiзiлді. Олардың барлығы iске қосылып, 205 жұмыс орны ашылды. Өткен жылдың он екі айының қорытындысы бойынша өнеркәсiптiк өндiрiс көлемi 5,5 миллиард теңгені құрады.
«КазЛес Компаниясы» ЖШС жалпы сомасы 182 миллион теңгеге 2,1 текше метр ағаш өнiмдерiн, «Үш Бұлақ» ЖШС жалпы сомасы 891 миллион теңгеге 58,8 миллион дана жұмыртқа өндiрiп шығарды. «Еңбек» ЖШС-інде майлы дақылдардың тұқымын кептiру, тазалау және сақтауға арналған қуаты 9 мың тонна кептiру кешенi толық қуатында, 100 пайыз жұмыс iстеп тұр.
Президент төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық өсудiң жаңа үлгiсiн құру қажет. Бүгінде ауданда келешегi жарқын көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Олар «МММ» ШҚ тауарлы-сүт фермасы, «Ақсақалов» ЖК туристiк базасы. «Пигас» ЖШС-нiң қуаты 15 мың тонна, құны 587 миллион теңге болатын дәндi және майлы дақылдарды тазалау, кептiру және сақтау кешенi жұмыс iстейдi. Элеватор құрылысының екiншi кезеңі 2018 жылға жоспарланды.
Елбасы биылғы Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екенін айтып өтті. Бұл ретте Ақкөл ауданының агроөнеркәсiп кешенiнiң әлеуетi зор. 2017 жылдың қорытындылары бойынша ауыл шаруашылығы өнiмiнiң жалпы көлемi 14,3 миллиард теңгеден асты. 125,8 мың гектар дәндi дақылдар орылып, бастырылды. 133,9 мың тонна астық жиналды, орташа өнiмдiлiгi – әр гектардан 10,6 центнер. Оның 2,5 мың тоннасын майлы дақылдар, 26,1 мың тоннасын картоп, 3,3 мың тоннасын көкөнiс құрайды. Ауданда 4 ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативi, 12 отбасылық типтегі мал бордақылайтын алаңдар салынды.
Жыл сайын мал шаруашылығын мемлекеттiк қолдау көлемi артып келедi. Өткен жылы малдың аса қауiптi ауруларына қарсы ветеринарлық алдын алу және диагностикалық iс-шараларды өткiзуге республикалық бюджеттен 35,6 миллион теңге бөлiндi. Бекiтiлген жоспар шеңберiнде малдарды сәйкестендiру бо-йынша жұмыстар жүргiзiлдi. Бүгiнгi заман талабына сай, мал шаруашылығын дамыту үшiн жоғары өнiмдi асыл тұқымды мал сатып алу ауадай қажет. «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Қара найза» ЖШС 93 бас iрi қара мал, «Агробизнестi дамыту-2020» бағдарламасы бойынша Кеңес селолық округiндегi «Катаев» ЖК 700 бас ұсақ қара мал сатып алды. «Ырыс» бағдарламасы бойынша Новорыбин селолық округiндегi «МММ»
шаруа қожалығы 50 тауарлы сүт фермасын ашты, Павлодар облысынан «симменталь» тұқымына жататын 50 бас сүттi мал сатып алды. Жаңа баз салынып, жабдықтар әкелінді. Өздерi өндiретiн және жергiлiктi тұрғындар тапсыратын сүтті қабылдау пунктi ашылды. Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласында тындырылған нәтижелі істер жетерлік.
Аудандық бюджеттiң өзiндiк кiрiстерінiң көлемi бес жыл iшiнде екі есеге артты. 2017 жылы аудандық бюджетке 902 миллион теңге көлемінде салық түсті. Экономикалық өсудiң тағы бiр қозғаушы күшi – шағын және орта бизнес. Бұл секторда тiркелген субъектiлер саны 1577-ні құрайды. Салада жұмыс iстейтiндер саны 5,6 пайызға дейiн артып, 6,7 мың адамды құрады. Жыл басынан берi 5 кәсiпкерлiк нысан ашылды, тағы 15-і салынып жатыр.
Аудан экономикасына 8,2 миллиард теңге инвестиция құйылды. Өткен жылы көптен күткен Минск селосын сумен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылды. Ақкөл қаласының бес шағын ауданында инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға құжаттама әзiрлендi. Келер жылы Жалғызқарағай ауылына су құбыры желiлерiн қайта тарту жоспарлануда. Биыл облыстық бюджеттен Урюпин селосында жылу қазандығы мен жылу желiлерiнiң құрылысына 80,2 миллион теңге бөлiнді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың жетінші бағытында мектепке дейінгі білім беру ісінде бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігін айтқан болатын. Ауданымызда 1 жастан 6 жасқа дейiнгi балалардың 70,2 пайызы, 3 жастан 6 жасқа дейiнгi балалардың 99,3 пайызы мектепке дейiнгi бiлiм берумен қамтылған. Педагогикалық кадрлардың кәсiбилiгi мен мұғалім мамандығының беделін арттыру бiлiмдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасының негiзгi бағыттарының бiрi болып табылады. Өткен жылы 231 педагог оқытудан өтiп, 11 оқытушы тiл үйрену курстарына қатысты. «Bilimland» жобасы шеңберiнде ауданның барлық мектептерi үздiк бейнесабақтарға, электрондық оқулықтарға, қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiндегi әдiстемелiк құралдарға қосылған. Оқушыларымыздың конкурстар мен олимпиадалардағы көрсеткiштерi бiлiм жүйесiнiң тиiмдiлiгiн көрсетедi. 2017 жылғы ҰБТ нәтижелерi бойынша ауданымыз облыс-та бiрiншi орынды иелендi. 2018 жылы мектептерге жаңа модификациялы кабинеттер, мультимедиялық жабдықтар, интерактивтi тақталар сатып алу жоспарда бар.
Бiлiктi медицина мамандарының жетiспеушiлiгiн толтыру мақсатында, жоғары медициналық оқу орындарында аудандық бюджет есебiнен және де мемлекеттiк-жекеменшік серіктестік шеңберiнде бірқатар жастар оқытылып жатыр. 2018 жылы Ақкөл қаласында 3D фильмдердi көрсететiн кинотеатр жұмысын бастайды.
2018 жылы «Казанов» жеке кәсіпкерлігінің сусындарды бөтелкеге құю цехын iске қосу, «Кенебай» жеке кәсіпкерлігінің айлық қуаты алты тонна болатын сүт өнiмдерiн өндiру цехын, «ТеремОК» серіктестігінің өндiрiстiк-логистикалық кешенiн ашу жоспарланған.
Үстіміздегі жылы инфрақұрылымға үлкен көңiл бөлiнетiн болады. Ақкөл қаласындағы, ауданның ауылiшiлiк және ауыларалық автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуден өткiзудi жалғастыру жоспарланып отыр. Жаңа аулалық ойын алаңдары салынып, қала тұрғындары мен ауыл тұрғындары дем алатын демалыс орындары ашылады. 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы әрі қарай жалғасын табады. Қатерлі дертпен күрес, ана мен баланы қорғау бойынша жұмыстар жалғасады. Жоғары интеллектуалдық және еңбек ресурстарының, үлкен экономикалық және рухани мүмкiндiктердiң арқасында ауданымыз алға қойылған барлық тапсырмаларды орындайтынына кәмiл сенемiз.

Теміржан ЕДІГЕНОВ,
Ақкөл ауданының әкiмi.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар