Жүректерді жылытқан «Достық кітабы»

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінде  өткен салтанатты шара барысында облыстық  білім басқармасы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне «Ассамблея – бірлікке бастар жол» атты мега-жобаның эстафетасын табыс етті.

Мемлекеттік тілде дәріс берілетін бұл колледждің талай өзге ұлттың баласын қазақша сөйлетіп, құр сөйлетіп қана қоймай, шұрайлы тіліміздің маржандарын шебер меңгерте білетіндігін көзіміз көріп жүр. Міне, сондықтан да болар, облыстық білім басқармасы өзіне қарасты жүздеген мекеменің ішінен шараны өткізу үшін дәл осы нысанды таңдап алды. Рухани тұтастықты сақтай отырып, жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылып келе жатқан бұл игі шара мектептерден бастау алып, жоғары оқу орындарында өткен еді.  Енді кезек кәсіпорын, мекемелерге де келіп отыр. Облыстық статистика департаментінен эстафетаны қабылдап алған басқарма оны өз деңгейінде өткізіп, келесі мекемеге табыс етуге тырысты.
 Оқу ордасына келген облыстық ассамблея мүшелері мен департамент ұжымын  молынан дастархан жайған әр ұлттың өкілдері күтіп алды. Қаз-қатар орналастырылған сан ұлттың асханасы ерекше көз тартады. Мұндағы украиндардың борщы, армянның хашламасы мен маролы, гректің мусакасы мен пахваласы, өзбектің палауы, тәжік, орыс, қырғыз бен әзірбайжандардың басқа да тағамдарының дәмі тіл үйіреді. Әрине, қазақтың еті, қымызы мен бауырсағының орны өз алдына бөлек қой.
Осылайша, қонақтарды жайылған ақ дас-тарханмен құшақ жая қарсы алған шәкірттер көп ұзамай шараның негізгі бөлігін бастап та кетті. Бұл концерттік бағдарламада да сан ұлттың биі биленіп, әні шырқалды. Осы орайда, сөз алған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Наталья Замолоцких жобаның алға қойған негізгі мақсаты  ұжымдардың бір-бірімен тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету екендігін атап өтіп, қолдан қолға өтер «Достық кітабымен» жүректердің жылуы да берілсін деген жылы лебізін жеткізді.
Бұдан кейін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бейбіт Жүсіпов елімізде ағымдағы жылы  аталып өтілер Қазақ хандығының 550, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойларының қазақстандықтардың өзара бірлігін нығайта түсу үшін қолға алынып отырған істер екендігіне ерекше тоқталып өтті. Яғни, бұл мейрамдар 17 миллионнан астам қазақстандықты бұдан да тұтастыра, бір-біріне жақындастыра түсер оқиғаларға айналуы керек. Осындай келелі ойларды ортаға салған ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақовқа «Достық кітабын» салтанатты түрде табыс етті. Ал, ол өз кезегінде жобаның эстафетасын жоғары деңгейде өзге мекемеге табыс етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар