Бағдарлама баяндылығы

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында адамдардың тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік жағынан қорғау мәселесіне үнемі назар аударылады.

  Осы бағытта елімізде 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның алғашқы кезеңінен бастап,  оның негізгі мақсаты мен міндетін түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, біраз оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Кейін бағдарламаны жүзеге асыру тиімділігін арттыру бағытында 2013 жылдың шілдесінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама да өз жемісін беруде. Облысымызда қазіргі таңда өзін-өзі еңбекпен қамтитын адамдардың үлесі 30,7 пайызды құрап отыр. Олардың біразы ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Өзін-өзі еңбекпен қамтушылардың негізгі бөлігі кәсіпкерлікпен айналысады. Үйінің жанындағы жеріне көкөніс егіп, мал ұстап, қосалқы шаруашылығының арқасында күнкөрісін айырып отырған отбасылар да аз емес. Елбасымыздың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын дайындау жөніндегі тапсырмасында дәл осы санаттағы адамдар ерекше ескерілген.
Өткен жылы осы бағдарлама аясында қолға алынған іс-шараларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджет есебінен 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 3442 адам бағдарламаға қатыстырылды. Оның ішінде 2404 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 2152 жұмыссыз, 1029 өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен және 83 әлеуметтік аз қамтылғандармен әлеуметтік келісім-шарт жасалды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 71 инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылуы 871 адамның жұмыспен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді.
Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беру үшін қосымша 100 миллиард теңге қажет деп атап өткен болатын. Осы бағытта өткен жылы өз ісін ашу немесе қолда бар кәсібін  кеңейту үшін 486 адам жалпы құны 1,136 миллиард теңгенің несиесіне қол жеткізді. Сондай-ақ, 222 адам кәсіпкерлік негізі бойынша арнайы курстардан өтті.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үшінші, яғни, «Азаматтарды жұмыс берушінің қажетіне сәйкес оқытып, қоныстандыру арқылы жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» бағыты бойынша 2014 жылы 484 адам кәсіби даярлық, кадрларды қайта даярлау және біліктілігін көтеру курстарынан өтті. Бұл шаралар облыстағы 16 білім беру ұйымдарында жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, 456 жұмыс берушімен келісім-шарт жасалып, 1119 адам әлеуметтік жұмыстарға және 450-ден астам жастар тәжірибеден өтуге тартылды.
Жалпы, өңірде тұрғындарға бағдарламаның мүмкіндіктерін түсіндіру мақсатында ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстары жүргізілді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамы телеарнасында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде 44 ақпараттық сюжет жарық көрді. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде үш ақпараттық-насихаттық бейнебаян түсіріліп, облыстық телеарна мен НС радиосында  көрініс тапты.
Сонымен қатар, бұл тақырыпты қамтыған материалдар облыстық және жергілікті басылымдар мен ақпараттық агенттік сайттарында да жиі шығып тұрды. 2014 жылдың қыркүйек айында БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіліп, онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері кеңінен сөз болды. Ал, республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Қорғалжын, Аршалы және Ерейментау аудандарына ұйымдастырылған баспасөз турлары барысында журналистер жергілікті жерлерде аталған бағдарламаның жүзеге асырылуымен қатар, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі  «Өрлеу» бағдарламасының да орындалу жайына қанықты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы  Жолдауында жақын уақытта ғаламдық сынақтан тек жұдырықтай жұмылған, мықты мемлекеттер ғана өте алады деген болатын. Осы орайда, мықты мемлекет оның еңбекке жарамды әрбір азаматы тұрақты да табысты жұмыспен қамтамасыз етілген жағдайда ғана орнай  алады. Мұны Қазақстанның ішкі саясатының негізгі басымдықтары деп білуге болады. Биылғы жылы облысымызға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,3 миллиард теңге қарастырылған. Осы орайда, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жұмыссыз жүрген және өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған 3330 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Жалпы алғанда, халықты әлеуметтік жағынан қорғау, жұмыспен қамтамасыз етіп, әл-ауқатын арттыру сияқты алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді түгел қамту, бұл үшін оны шешудің нақты жолдары айқындалған 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламаны жүзеге асыру қордаланып қалған көптеген өзекті мәселелерді шешуге жағдай жасары анық. Біздің жұмысымыздың басты бағыты да осы болмақшы.
Шолпан ЖАҚЫТОВА,
облыстық жұмыспен қамтуды және
әлеуметтік бағдарламаларды
үйлестіру басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар