Өңдеуші кәсіпорындар қатары молайып келеді

Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нартай Ысқақов пен мәслихат аппараты басшысының орынбасары Дулат Жұрымбаев бастаған бір топ депутаттық корпус өкілдері Зеренді ауданында болып, агроөнеркәсіптік кешеннің өңдеу саласының дамуындағы жетістіктер мен  түйіткілді мәселелерді саралып көрді.

Өңірімізге белгілі
Құрамында Ғалымбек Баймышев, Қайрат Сұлтанов, Асылбек Исмағамбетов сияқты облыстық мәслихат депутаттары, облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Марат Жұмабеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» өңірлік филиалының директоры Еркебұлан Баяхметов бар топ алдымен, Садовый ауылындағы «Milk Projekt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде  болды. Еліміздің әр қиырында өнімдері үлкен сұраныспен саудаланатын серіктестіктің өндіріс ошағына шведтік және ресейлік ең заманауи технологиялар орнатылған. Елуден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауыт күніне  тоғыз тонна сүт өңдеп отыр. Ал, жаз мерзімінде бұл көрсеткіш 35-40 тоннаға дейін жетеді. Серіктестік директоры Әсемгүл Әшімованың айтуынша, олар алдағы уақытта финляндиялық технологияларды орнатып, жеке тұрғындардан сүт қабылдап алу ісін жақсы жолға қоюды көздеуде.  Кәсіпорын үшін қиындық тудырып отырған жалғыз мәселе бар. Кез-келген өңдеуші өндірістегі сияқты мұнда да шикізат тапшы. Әсіресе, қыс мезгілінде сиырлар суалып, өңделетін негізгі тауар түрі жетіспей жатады. Дегенмен, кәсіпорын шаруа қожалықтарымен тікелей келісім-шартқа отырып,  бұл мәселені біртіндеп шешуге кірісіп кеткен.  Мұнымен қоса, өңірдің бірқатар аудандарынан сүт жинауды жалғастыру үстінде. Комиссия төрағасы Нартай Ысқақов осы орайда, тұтынушылар кооперативтерінің маңызына тоқталып, бұл жолдың өндіріс ошағын толық қуаттылығына шығарудың баламасыз тетігі екендігін баса атап көрсетті.

Өнімі сұранысқа ие
«Агро Трейд Көкше» серіктестігі де осы Садовый селолық округі аумағында орналасқан. Ол негізінен, халық тұтынатын картоп, сәбіз сияқты көкөніс түрлерін өсіріп, сақтаумен айналысады. Алты мың тонналық қойманың өңірде осы азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыруға да тигізіп отырған септігі мол. Себебі, 1600-ден астам гектар алқапқа егілген көкөніс қыс бойы арнайы технологиямен сақталып, көктем шығарда, аталған өнім түрлері сарқылғанда нарыққа жол тартады. Серіктестік өніміне әсіресе, көтерме саудамен айналысатын саудагерлер құмар. Себебі, қай кезде болмасын, мұнда баға ең төмен. Әйткенмен, былтырғыдай ылғалды жылы көкөністерді қыстан алып шығу қиын соққаны рас. Мұнда ысырапшылдыққа жол бермеу үшін өздерінің өңдеуші орындарын, яғни, қуырылған қытырлақ картоп (чипсы) шығару ісін жолға қою көзделуде. Мұның бәрі уақыттың еншісіндегі шаруа. Ал, қазіргі басты мақсат – егіс алқабының көлемін ұлғайту болып отыр. Жыл сайын тұқымды бір жерге  себе бермей, ауыстырып отыру қажет.  Өндіріс орнының директоры Александр Гудзюктың айтуынша, бұл түсімді көбейтіп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.  Неғұрлым тиімді жұмыс істеу үшін  тамшылап суару технологиясына көшуді жоспарлаған серіктестіктің жұмысына сүйсінген депутаттар осы қарқыннан танбауды тіледі.
Сұйық май шығарады
«Blic Terminal» – ешқандай да шетелдік инвесторларсыз, мемлекеттің қолдауынсыз және ешбір банктің несиесінсіз-ақ көкшелік азамат Ербол Жауаровтың өз қаражатына салып жатқан сұйық май зауыты.  Қонысбай селолық округінің Гранитный кентінің маңында бой көтеріп жатқан бұл нысанды толық аяқтау үшін шамамен 1 миллиард теңге қаржы қажет. Заманауи технологиялардың көмегімен майлы дақылдар өндіру жоспарланған бұл зауытқа рапс пен күнбағыстан май алуға қажетті жабдықтардың барлығы жеткізілген. Сыйымдылығы 100 мың тонна қойма мен өңдеу кешені іске қосылатын нысан ресейлік технолог мамандар келгеннен кейін құтыдағы сұйық май өндіруді бастап кетпекші.  Қазір мұнда негізгі жұмысты атқаратын екі құрылғы орнатылған, алдағы уақытта тағы бірнешеуін әкеліп, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда бар. Майлы дақылдарды төрт сатылы кешенді өңдеуден кейін сапалы өнім алынады деп күтіліп отырған зауыт басшылығы еркін нарықта өз орнын табамыз деп отыр. Депутаттар өз ісін алға жылжыту үшін кәсіпкерге мұндай сенімділіктің аса қажеттігін алға тартты.

Өңдеуде мін жоқ
Шағалалы елді мекенінің маңында «КаzGrain-Trade» деген атауға ие, жылдық қуаттылығы 12 мың тонна болатын астық қабылдау пункті орналасқан. Астықты қабылдап, оны сақтап, қайта өңдеумен айналысатын бұл серіктестік өнімін өз елімізден басқа Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан нарығына шығарып, 42 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2012 жылы индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде  іске қосылған нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы  қажетті инфрақұрылым желілері тартылып, жол салынған.  Серіктестік  дәнді дақылдарды тазарту құрылғыларының ең үздігін шығаратын шет елдік компанияның ғана техникасын қолдануда. Яғни, өңдеудің сапасында аса мін жоқ деген сөз. Өндіріс орнының басшысы Әділ Қарымшақов енді тек кәсіпорынды өндірістік қуатына шығаруға  бар күш-жігерін жұмсайтындықтарын жеткізіп отыр.
Жалпы алғанда, ауданда тек шикізаттық емес, дайын өнім шығаруға деген құлшыныс жоғары. Дегенмен, әр өндіріс орнының бұл жолда кезігіп отырған өзіндік проблемалары да бар. Депутаттар  енді осының бәрін қорытып, тұрақты комиссияның кезекті отырысында бұл мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын қарастыратын болады.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар