Кеңес Одағының Батыры Иван Федорович ОМИГОВ

Иван Федорович Омигов 1923 жылы Бұланды ауданының Макинск қаласында туып, 1966 жылы Ресей Федерациясының Воронеж қаласында дүниеден өтті. Макинск қаласындағы сегіз жылдық мектепті бітірген.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, кіші лейтенант, ұшқыш Кеңес әскері қатарына 1941 жылы шақырылып, майданға 1942 жылы аттанды. Ол 1942 жылы ұшқыштар мектебін бітіріп, сол жылы қарашада жауға қарсы шайқасқа шықты. 828-авиациялық Свирь полкінде 1944 жылдың 20 маусымында Карелия майданының әскерлері шабуылды бастаған күні Иван Омигов Юксино темір жолы станциясына бомба тастап, шабуыл жасауға қатысты. Ол реактивті снаряд жаудырып, сондай-ақ, пулемет пен зеңбіректен оқты қарша боратып, 100 метрдей темір жол рельсін істен шығарды. 3 вагонды қиратып, көптеген жау әскерін жойды. Шабуыл өршіген шақта Омиговтың ұшағы Капа мен Усикюль елді мекендері маңында Вуари-Ярви көлінің жанында жаяу әскерлерді қолдап, жауға аспаннан шүйілді. Омигов жаудың 4 зеңбірегін талқандап, пулеметтерін істен шығарды.
Финляндия майданынан кейін Иван Федорович 3-Беларусь майданының әуе күштері қарамағына көшті. Мұнда ол Цеханув, Ломжа, Торунь, Дамерау, Хойнице, Тухаль елді мекендері маңындағы ұрысты жалғастырды. Омигов соғыс кезінде 123 рет аспанға көтеріліп, жауынгерлік тапсырмаларын ойдағыдай орындады. 9 рет әуедегі шайқасқа қатысты. Оның жауынгерлік есебіне жаудың 500-дей әскері мен офицері, 11 ұшақ, 38 дзот, 13 далалық, 62 әуе зеңбірегі, 49 әуе пулеметі және 25 миномет тіркелген. Осындай ерлігі үшін Омиговқа 1945 жылдың 18 тамызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ, ол 2 рет Қызыл Ту, «Қызыл Жұлдыз», 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
Соғыс аяқталған соң батыр Кеңес әскері қатарында қызметін жалғастырды. 1956 жылы әскери-әуе академиясын аяқтады. 1960 жылы подполковник шенінде запасқа шықты. 1966 жылы Воронеж қаласында қайтыс болып, Коминтерновск зиратында жерленді.
Батырдың құрметіне орай Макинск қаласындағы №1 мектепке есімі берілді.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *