Мнемотехника – бүлдіршіндерді тәрбиелеудің тиімді әдісі

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім берудің маңыздылығы атап өтілген еді. Еліміздің болашақ тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру қашанда мемлекеттік маңызы бар мәселе болып келген. Осыған орай, мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың заманауи әдістерін қолдану мектепке дейінгі мекемелердегі психологиялық-педагогикалық жұмыстың маңызды аспектісі болып табылады.

Бүгінгі күні білім беру жүйесі жаңа педагогикалық технологияның негізделуін және де ақпараттық құралдарды кеңінен қолдануын қажет етеді. Балабақшада оқу-тәрбие үрдісінде жаңа технология-ны пайдалану заман талабынан туындап отырған мәселе.
Қазақстандық білім беру реформасының ең басты мақсаттарының бірі – инновациялық технологияларға сүйене отырып, бүлдіршін бойына танымдық қасиетін қалыптастыру, шығармашылық ойлауды дамытуға мүмкіндік жасау. Осындай күрделі мәселелерді шешуде мектепке дейінгі мекемелердің алатын орны ерекше. Бала тәрбиесінде және оның жеке дамуына ықпал ететін бүгінгі күнде кең орын алған және ежелгі заманнан келе жатқан мнемотехника әдісінің тарихына аздап назар аудара кетейік.
Мнемотехника – (грек сөзі – mnemonikon) тіл дамытуда тиімді есте сақтау, оны дұрыс жеткізе білудегі әдіс пен тәсілдер жүйесі. Мнемотехника – бұл қандай да бейнелер арқылы ойлауға әсер ету бағдарламасы. Бұл бағдарламаның құпиясы – ассоциация, бірнеше бейнелердің байланысы. Бір бейнені есіңізге түсірген жағдайда қалған бейнелерді де есіңізге аласыз, яғни, байланыс табасыз. Мнемотехника арқылы аз уақыт ішінде үлкен көлемдегі ақпаратты еске сақтауға болады.
Мнемотехника балабақшада есте сақтаудың нәтижелі әдісі ретінде қарастырылады, көбінесе қарапайым үлгілерімен меңгеріледі. Мнемотехникамен жұмыс ең оңай мнемошаршыдан басталады. Мнемошаршыда сөз тіркестер мен жай сөйлемдер меңгеріледі, кейін тәрбиеші мнеможолдарды қолдану арқылы тапсырманы қиындатады. Мнеможолдарда тәрбиеші төрт шаршыдан тұратын 2-3 сөйлемнен құралған шағын әңгіме құрастыруға көшеді. Ең күрделісі – бұл мнемокестелер. Мнемокестелер кескіндеме бойынша құрылады. Бұл кескіндемелер арқылы тұтас әңгіме, өлең жолдарын құрастырып есте сақтауға болады.
Қойылған мақсатты нәтижелі етуге қолданылатын тәсілдер: көрнекіліктер, дидактикалық ойындар, суреттер, буындық кестелер, тірек-сызба, үлгілер. Балабақша жасында көрнекілік бейнелік есте сақтау және есту, суретін көру арқылы баланың есінде нақты қалады. Мнемотехника оңайдан қиынға қарай құрылады.
Міне, осылай әрбір жаңа тақырып бойынша сызбалар қолдануға болады.Тәрбиеші өз тәрбиеленушілерінің қабылдау қабілетін, жас шамасын ескере отырып, сызбаны өзі жасап алуына да болады.
Мен өз тәжірибемнен байқағаным, осы аталған тақырыпты аша отырып балалардың белсенді сөздік қорлары көбейеді, ұйымдастырылған қызықты оқу іс-әрекеттері арқылы тілдері дамиды. Сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет секілді әртүрлі оқу іс-әрекеттерінде балаларға тақпақтарды кескіндеме бойынша жаттату өте тиімді тәсіл екенін айтқым келеді. Тақпақ қана емес, сөйлемдер, әңгімелер, ертегілер құрастыруға балалар мүлдем қиналмайды деуге болады. Осы өткізілген іс-әрекеттер үнемі жоспарлы жүйелі түрде жүргізіледі.
Бала ойнап жүріп ойланады, ойын арқылы айналасын танып біледі. Ойын баланың күнделікті айналысатын негізгі қызметі. Сол себепті, әрбір тәрбиеші оқу қызметін ойын ретінде ұйымдастыра отырып, жаңа технологиямен жұмыс жасай білуі керек. Сонда ғана біз белсенді, жан-жақты ойлай білетін жақсы ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Бақытгүл УӘЛИЕВА,
Көкшетау қаласындағы
№13 балабақшаның тәрбиешісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар