Атқарылуға тиіс жұмыстар әлі де көп

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасының аграрлы сектор бағытындағы аймақтық комиссия отырысы болып өтті. Оған партияның облыстағы депутаттық фракциясының жетекшісі Ғалым Бекмағамбетов және фракция мүшелері қатысты.

Күн тәртібіне сай аграрлық сектор бағытындағы комиссия төрағасы Максим Божко қатысушыларды жұмыс барысымен таныстырған соң, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев 2018 жылғы көктемгі дала жұмыстары мен егін себуді қаржылай қамтамасыз ету туралы баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше, аталмыш бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы облыстағы егістік алқабы 4,7 миллион гектар жерді құрайды, соның ішінде 4,3 миллион гектар алқапқа астық және бұршақты дәнді дақылдар егілмекші. Картоп және көкөніс тұқымы 18,4 мың және 4,3 гектар жерге отырғызылады. Майлы дақылдар 258,4 мың гектарға егіледі. «Жалпы, аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерінің кешені биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру туралы меморандумның көрсеткіштерінің орындалуын толық қамтамасыз етеді деген сенім бар», – деп атап өтті өз сөзінде Димаш Аманжолұлы. Егін себу жұмыстары басталғанға дейін барлық қажетті минералды тыңайтқыштар тасымалданып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне таратылады. Тыңайтқыштарды алуға 1,6 миллиард теңге бөлінген, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қажеттіліктің 50 пайызын ғана құрап отыр, әлі де 1,2-1,6 миллиард теңге қажет көрінеді. Сонымен бірге, баяндамашы ауыл шаруашылығы техникалары мен оларға қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге байланысты бірқатар мәселелерді алға тартты. Жанар-жағар май облыс бойынша барлық қажеттіліктің 56,3 пайызын қамтып отыр.
Бұдан соң облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлайтын кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындары жайында жан-жақты айтып берді. Облыста осы күні 38 кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындары болса, оның 15-і аграрлық секторға мамандар даярлайды, осының ішінде 12-сі агротехникалық колледждер болса, 1-еуі Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжі, 1-еуі Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжі және 1-еуі Зеренді ауданының Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледжі. Бүгінгі күні оларда 26 мамандық бойынша 4912 оқушы білім алуда. Олардың ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік аймақтардан келген балалар бар. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сол балалардың жетпіс пайызға жуығы өз облыстарына кеткілері келетіндіктерін айтып, оларды өңірімізде, аудандарда алып қалу үшін жағдай жасауға, қызығушылықтарын оятуға тиісті ықпал ету керектігін атап өтті.
Смағұл Сәдуақасов атындағы аграрлы-экономикалық институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Абай Ысқақовтың оқу орны туралы баяндамасынан кейін комиссия мүшелері аграрлы секторды дамытуға байланысты шешім қабылдады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар