Ғылыми әзірлемелердің бәсекеге қабілеттілігі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін және аграрлық ғылымды қарқынды дамытудың алғышарты екендігін атап өтті. Сонымен қатар, аграрлық университеттердің рөлін қайта қарап, оларды агроөнеркәсіп кешенінде ең үздік білім беру мен озық тәжірибелерді тарату орталығы ету тапсырылды. Бұған қоса, әлемнің АҚШ, Канада, Қытай сияқты жетекші елдеріндегідей аграрлық университеттер базасындағы аграрлық өндіріске инновацияларды енгізу жүйесін түбегейлі жақсарту қажеттігіне айрықша маңыз берілді.

Қазақстан экономикасын қуаттандыру және агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бүгінгі күннің басым бағыттарының бірі болып табылады. 2017 жылы ауыл шаруашылығында өнім өндірудің өсуі 2,9 пайызды құрады, соның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 2,2, ал, мал шаруашылығы өнімдері – 3,9 пайызға артты. Ақмола облысына келетін болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 383 миллиард теңгені құрап, өсім былтырғы жылға қарағанда 10,4 пайыз болды. 2017 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлері 224,4 миллион долларға экспортталып, 25 пайызға артты. Дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдардың экспорты 14 пайыз, ал, ұн 9 пайызға өсті.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 2017 жылдың 24 қарашасында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамы және студенттерімен кездесу барысында ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берген болатын.
Елбасының және облыс әкімінің тапсырмаларына байланысты С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институттың ғалымдары мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеті және Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының бірлескен ғылыми-зерттеу топтарын құруға кірістік. Осыған сәйкес, аграрлық саланың мал шаруашылығы, ветеринария және өсімдіктерді қорғау сияқты басым бағыттарына ғылыми жобаларды дайындап, «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бойынша іс-шаралар өткізу» бағдарламасы аясында өндіріске енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл ғылыми жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының ірі қара мал еті мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша алға қойылған міндеттерін шешуде Ақмола облысының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жоғарыда көрсетілген міндеттерді орындау аграрлық сектордағы инновациялық және ғылыми-техникалық негіздегі серпінді жобаларды жүзеге асырғанда ғана мүмкін болады. Инновациялық белсенділікті қарқынды дамыту үшін бұл жүйенің барлық элементтерін: материалдық-техникалық база мен инфрақұрылымдардан тұратын ғылыми әлеуетті, жоғары білікті мамандарды; бәсекеге қабілетті ресурс үнемдеуші және экологиялық таза ғылыми әзірлемелерді әртүрлі көздерден жеткілікті қаржыландыруды; нарықтың қалыптасқан жағдайына жедел кірігетін және бәсекеге қабілетті ғылыми ізденістерді қажет ететін өнімдерді өндіруді ұйымдастыратын кәсіпорындарды тиімді біріктіруді қамтамасыз ету керек. Нәтижесінде өндіріске ғылыми әзірлемелерді коммерциализациялау және кеңінен ендіруге қол жеткізуге жол ашылады. Бұл міндеттерді әлемдік тәжірибені ескермей, халықаралық қатынастарды және бірігіп күш жұмсауды үйлестірмей шешу мүмкін емес.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қазіргі кезде саланың табыстылығына әсер ететін негізгі факторлар: ресурс үнемдеуші технологияларды, жоғары өнімді сорттарды, мал тұқымдарын қосатын аграрлық ғылымның заманауи және инновациялық жетістіктерін өндіріске ендіру болып отырғанына көздері жетті.
Жалпы алғанда, қойылып отырған міндеттерді орындау үшін университет басшылығы студенттерді даярлаудың сапасын арттыруды, жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін біріктіруді қарастырып, білім берудің заманауи технологияларын ендіру, материалдық-техникалық базаны күшейту, әлеуметтік серіктестікті дамыту, тәжірибеден өту үшін жұмыс берушілерді тарту, жас мамандарды жұмыспен қамту бойынша шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл өз кезегінде университетке агроөнеркәсіп кешеніне және аграрлық ғылымға қажетті әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Биылғы жылы университеттің Элит оқу-ғылыми кешенінде 12 басымдықтағы ауыл шаруашылығы дақылдарының 100-ден аса жаңа сұрыптарына экологиялық сынақ жүргізу жоспарланып отыр. Зерттелетін тұқымдар Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс-титуты, П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университеті, А.И.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталығы және тағы басқа отандық ғылыми-зерттеу институттарынан алынған. Инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары Бауыржан Көшен, Уәлихан Сағалбеков, Әбілжан Хусаинов, Тоқтар Есенеев және экономика ғылымдарының докторлары Қасымхан Құсайынов, Абай Ысқақовтар өз салалары бойынша сүбелі үлестерін қосып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында Әбілжан Тоқанұлының «Ауыл шаруашылығы дақылдарына қара топырақты тыңайту үшін қолданылатын күлшлак және нанокөміртекті препараттарды экологиялық агрохимиялық бағалау» жобасы 25,8 миллион теңгелік үш жылдық грантқа ие болды. Аграрлық саланың қарқынды дамуы – республикамызды сапалы азық-түлік өнімдерімен толықтай қамтамасыз етудің және экспортты арттырудың негізі. Ақмола облысы – мал өнімдерін молынан өндіруге және мал шаруашылығын құнарлы мал азықтарымен қамтамасыз етуге мүмкіншілігі жоғары аймақ болып табылады. Сондықтан, Елбасы Жолдауына сәйкес, облысымызда ауыл шаруашылығының басым бағыттарының инновациялық дамуы үшін ғылыми-зерттеу саласында келесі міндеттерді шешу
керектігіне назар аударғымыз келеді:
– агрокосмос мүмкін-шіліктерін қолдана отырып, минералдық тыңайтқышты қолданудың, арамшөппен және зиянкестермен күресудің нақты егіншілік технологияларын аймақтың агроландшафттық ерекшеліктеріне сәйкес ендіру;
–биотехнология әдістерін қолдана отырып, дақылдардың қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді сұрыптарын шығару;
–өзімізде селекция-сы жүргізілмейтін құрғақшылыққа төзімді мал азықтық дақылдардың сұрыптарын экологиялық сынақ арқылы іріктеп алу;
–мал азықтық
дақылдарын өсірудің ресурс үнемдеу техно-
логияларын жетілдіру;
– жайылымдық жерлерді қолданудың тиімді технологияларын әзірлеу;
– ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өнімдердің экономикалық тиімді түрлерін анықтау болып табылады.
Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске кең көлемде ендіру үшін жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен ғылыми-өндірістік кластер құруымыз қажет.
Сонымен, Елбасының биылғы Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асуына университеттердегі аграрлық ғылымы қосатын үлестің зор екені айқындалып отыр. Болашақта өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу – ортақ парыз. Аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығының жемісті дамуы «Қазақстан-2050», «Мәңгілік Ел» сияқты ұлы бағдарламалардың табысты орындалуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Рашит НҰРҒАЗИЕВ,
С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау аграрлық-экономикалық институты директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *