ЖАҚСЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА ӘКІМ

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес Жақсы аудандық мәслихатының кезектен тыс ХХІV сессиясы шақырылып, күн тәртібінде «Жақсы ауданының әкімін тағайындау туралы» мәселе қаралды.
Сессия жұмысына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысты. Өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Жақсы ауданының әкімі лауазымына Бауыржан Бағдатұлы Малғаждаровтың кандидатурасы ұсынылып отырылғанын хабарлады. Аудандық мәслихаттың 11 депутатының барлығы да бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин аудан активінің жиналысында Жақсы ауданының әкімі Бауыржан Малғаждаровты таныстырып, бұрынғы әкім Қанат Сүйіндіковтің ұзақ жылғы қызметіне алғысын білдірді.
Аудан әкімі Б.Б.Малғаждаров көрсетілген жоғары сенімді талап дәрежесінде орындауға білімі мен күш-жігерін сарқа жұмсайтынына сендірді.
Өңір басшысы өз сөзінде ауданның жаңа әкімі мен аудан активінің алдына уақыт талабындағы міндеттерді қойды.
–Жақсы ауданының еңбекшілері агроөнеркәсіп кешені мен өнеркәсіп саласын дамытуда біршама табыстарға қол жеткізді,–деді ол. Әйткенмен, бүгінгі күні жаңа форматта жұмыс істеу талап етіледі. Бұл орайда, егіншілік мәдениетін жақсартып қана қоймай, әртараптандыру, тиімді технологияны қолдану, цифрлық үрдіс белең алуы тиіс. Ауданның мал шаруашылығы өнімдері Астана тұрғындарының сұранысына ие. Бірақ, биылғы үш айда сүт өндіру 12 пайызға төмендегені, мал тұқымын асылдандыруға жеткілікті мән берілмеуі алаңдатады. Экономиканың қан айналымы саналатын инвестиция тарту мәселесі баяу жүргізілуде. Мұны индустриялық-инновациялық дамуға қатысты бір ғана жобаның ұсынылғанынан көруге болады. Шағын және орта бизнес әлі де болса өзінің әлеуетті үнін таныта алмай отыр. Ауданның көптеген ауылдарында наубайхана, монша, шаштараз, мәдени-көпшілік ошақтары жұмыс істемейді. Бұл жұртшылықты жұмыспен қамтудың нақты көзі саналатыны белгілі. Құрылыс ісіндегі қарқынды арттыру, сапа талаптары күнделікті назарда болуы керек. Ауыз су тапшылығын жоятын кез жетті. Ауданда жүрек-қан тамырлары ауруы өскені тіркелді. Жетекші салаларға кадр тәрбиелеу жөнінде тиянақты қадамдар жасау қажет. Ауданның әлеуеті жоғары бола тұрып, азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерінің бағасы облыстық орта көрсеткіштен қымбат екендігі ойлануға тұрарлық жағдай. Ауданның кіріс қоржыны жұтаңдығы шешуші қадамдарды талап етеді.
Тәуелсіз Қазақстан болашаққа үлкен мақсаттар қойған мемлекет. Сондықтан, баршамыз берекелі іске белсене кірісуіміз керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар